Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Ұждан 6135 0 пікір 28 Қазан, 2015 сағат 09:11

НҰРБАЕВ КӨЛІГІ ҺӘМ ШАБАДАНДАҒЫ АҚША


27 қазанда Қарағанды облыстық сотында «Ахметов ісі» бойынша куәгерлерден жауап алу одан әрі жалғасты. Сот Қарағанды қаласының индустриалдық паркінің инфрақұрылымдық нысандарын салуда бюджет қаржысын ұрлау эпизодын қарастыруда.

Бүгінгі отырыста бейне байланыс арқылы Алматы қаласындағы куәгерлерден жауап алынды. Солардың бірі «Сомнус» ЖШС-нің директоры Н. Елғондин өзінен «Sapa Project Group» ЖШС-нің жетекшісі Д. Нұрбаевтың қондырғы жеткізуге көмек сұрап, материалдық сыйақы есебінде «Тойота Ланд Крузер Прадо» автокөлігін беруге келіскенін ашып айтты.

Айта кетелік, бұған дейінгі сот отырыстарының бірінде куәгер ретінде жауап берген Қазақстандық өнеркәсіптік корпорацияның бас директорының орынбасары Әлжан Ақмолдаев Қарағанды облысының экс-әкімі С. Ахметовтің қамқорлығының арқасында өзінің компаниясының индустриалдық парктегі инфрақұрылымдық нысанды салуға тиімді қосалқы мердігерлікке қол жеткізгенін мәлімдеген еді. Сот залындағы сөзінде ол қондырғыны жеткізуге Думан Нұрбаевтың «Sapa Project Group» компаниясының көмегін пайдаланғанын хабарлағаны мәлім. Ал бүгінгі отырыстағы куәгер Н. Елғондин Ә. Ақмолдаевтың сотқа берген түсініктерін растады.

Куәгер сотталушы Д. Нұрбаевтың өзінің ескі досы екенін жасырмады.  2012 жылы бір жұмыс ұсынып, оған өзінің келісімін бергенін ашық айтты. Айыптаушы тарап оның сотқа дейінгі тергеу кезінде берген түсініктерін оқып берді. Оның мәтіні төмендегідей:

«2012 жылдың басында маған студенттік шақтағы досым Д. Нұрбаев хабарласып, бір жұмыс ұсынды. Себебі ол менің шетелдерден тауар жеткізумен айналысатын фирмамның барын білетін. Думан Қарағанды қаласында үлкен бір жобаны қолға алғанын, сол бойынша ««Sapa Project Group» ЖШС-не ірі көлемде ақша түсетінін хабарлады. Ол сондай-ақ, тапсырыс берушіге келісім-шарт бойынша кем дегенде 2 млн. АҚШ долларына жуық ақша қайтару қажеттігін айтты. Одан кейінгі іс-әрекеттер тапсырыс берушінің құзырында екенін, осы іске жәрдемдесуімді өтінді. Мен келістім. Бірақ ол істің егжей-тегжейін түсіндіріп жатпады. Тек тапсырыс берушіге ақшаны қайтару үшін оған «Sapa Project Group» арқылы сырттағы фирмалардың көмегімен қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыру керектігін жеткізді. Және ондай фирмалардың ішінен «Сомнус» ЖШС-ін таңдап алғанын айта келе жоба іске асырылғаннан кейін материалдық сыйақы есебінде «Тойота Ланд Крузер Прадо» автокөлігін беруге уәде етті. Арада бірнеше апта өткенде Д. Нұрбаев тағы хабарласып, бұл сызбаға тағы бірнеше фирманың көмегі керектігін мәлімдеді. Мен ондай фирмасы бар достарым көп екенін айттым».

Куәгердің айтуынша, кейінірек «Сомнус» ЖШС-і және өзі тапқан «Perfect Education», «Gepipetrade» ЖШС-тері арқылы «Sapa Project Group»-тан түскен барлық қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған. Алайда Д. Нұрбаев оған уәде еткен «Тойота Ланд Крузер Прадо» автокөлігін бермей кетіпті. Мемлекеттік айыптаушы куәгердің тергеуге берген жауабында мынадай дәлелдер барын сотқа оқып берді: ««Gepipetrade» ЖШС-і мен «Sapa Project Group» ЖШС-і арасында технологиялық қондырғыны жеткізуге сомасы 117 млн. 549 мың теңгеге келісім-шарт жасалған. «Perfect Education» ЖШС-і мен «Sapa Project Group» ЖШС-і арасында да осыған ұқсас келісім-шарт жасалады. Оның құны 504 млн. 770 мың теңге деп көрсетіледі. «Сомнус» пен «Sapa Project Group»-тің шоттарына 657 млн. 768 мың теңге түседі. Нәтижесінде аталған төрт компанияның шоттарына 1 млрд. 280 млн. 808 мың 263 теңге түсіп, бірден қолма-қол ақшаға айналдырылады».

Ахметов ісі. Куәгер Ж. Ахашев шабадандағы ақша туралы айтты

27 қазанда «Ахметов ісі» бойынша сот отырысы жалғасып, Алматы қаласындағы куәгерлерден «онлайн» тәртібімен сотта жауап алынды. «Eco-Treatment systems» ЖШС-нің бұрынғы қызметкері Жәнібек Ахашев сотталушы Думан Нұрбаевпен бірлесіп Қарағанды облысының басшылығына арналған ақшаны қалай жібергені туралы әңгімеледі. Ж. Ахашев Д. Нұрбаев «Eco-Trading systems» ЖШС-нің 25 пайыздық үлесін сатып алуды ұсынғаннан кейін «Eco-Treatment systems» компаниясына ресми түрде жұмысқа орналасады. Осыдан кейін Нұрбаевтың кеңесшісіне айналған куәгер Қарағанды қаласының индустриалдық паркіндегі шаруашылық-тұрмыстық суағарларды тазалау станциясының құрылысы туралы былай түсінік берді: «2011 жылы Нұрбаев маған құны 1 млрд. теңге тұратын Қарағанды қаласының индустриалдық паркіндегі шаруашылық-тұрмыстық суағарларды тазалау станциясының құрылысы жөнінде Ақмолдаевпен келіссөздер жүргізіп жатқанын айтты. Ол жобаның пайдалылығы жағынан бізді өте қызықтыратынына екпін түсірді».

Жәнібек Ахашев сотқа хабарлағандай, алматылықтар жобаны жүзеге асыруға кіріскенімен кейінірек «Eco-Treatment systems» ЖШС-нің тек құрылыс-монтаж жұмыстарымен ғана айналысатынын, ал қондырғыны жеткізу бөгде компанияларға жүктелетінін естиді. Сөйтіп ол бұған наразылық білдіреді. Осы жерде кәугердің сотқа дейінгі тергеуге берген жауабын мемлекеттік айыптаушы оқып берді: «Бұған наразылық білдірдім. Бірақ Нұрбаев бұл тапсырыс берушінің қойған талабы екендігін, оның талқыланбайтынын ескертті. Егер де талаппен келіспесек, келісімге қол жеткізе алмаймыз, беделімізге де нұқсан келеді деді. Мұндай талапты Ақмолдаев қойғанын естідім. Мен оны ұзақ уақыт «Центр-строй Комплект НС» ЖШС-нің басшысы деп санап келген едім. Сәл кейінірек «Центр-строй Комплект НС» ЖШС-нің директоры Асанов екенін, ал Ақмолдаев компанияның жұмысын үйлестіруші екенін білдім».

Сонымен қатар, Ж. Ахашев Д. Нұрбаевтың Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген компаниялардың шотына ақша аударудың жолдарын сұрап, өтініш жасайды. Анығында Д. Нұрбаев оған шетелдік бір компанияның деректемесін электрондық поштасына жіберіп, аталған деректемеге ақша аударудың жолдарын өзінің таныстарынан сұрастыруды өтінеді. Бірақ Ж. Ахашев бұл мәселенің шешімін таба алмайды. Содан кейін Д. Нұрбаев біреуге ақша апарып беру үшін куәгерді жанына ілесіп жүруге шақырады. Мұндай оқиға екі рет болыпты. «2012 жылы мамыр айының басында Нұрбаев біреуге ірі көлемде ақша апарып беру кезінде жанына ілесіп жүруді өтінді. Біз Алматыдағы «Eco-Treatment systems» ЖШС-нің кеңсесінен шығып, «Алматы Палас» сауда үйінің жанына келдік. Сол жерде мен Думанның автокөлік багажынан шабадан алып шыққанын көрдім. Екінші рет мұндай оқиға 2012 жылдың көктемінің соңында болды. Д. Нұрбаев екеуміз менің автокөлігіммен фирманың кеңсесінен шығып, «Нұрлытау» бизнес орталығының автотұрағына тоқтадық. Нұрбаев аталған жоба бойынша шабадандағы ақшалар Қарағанды облысының басшылығына жіберіліп жатқанын айтты», - деп әңгімеледі Ж. Ахашев.

Әмина БӘКІР

Abai.kz

0 пікір