Сейсенбі, 25 Ақпан 2020
Жағымды жаңалық 2651 0 пікір 29 Қазан, 2015 сағат 03:00

НЕСИЕ ЖӘНЕ ЖАЙЛЫ ТҰРМЫС

 Астанада өткен дөңгелек үстел отырысында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ (ҚТҚЖБ) басқарма төрағасының орынбасары Ербол Қарашүкеев Мәжіліс депутаты – халықтық коммунист Тұрсынбек Өмірзақовқа банктің тұрғын үй бағдарламаларының артықшылығын ел алдында түсіндіріп берді. Айта кету керек, ҚТҚЖБ –табысының аздығына-молдығына қарамастан, барша клиентке бағытталған еліміздегі бірден-бір мемлекеттік кредиттік мекеме. Депутат оның қаржылық құралдарының тиімділігіне күдік-күмән келтірген болатын.

Естеріңізге сала кетсек, соңғы айларда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі депутат Тұрсынбек Өмірзақов тарапынан «сын тезіне»жиі салынды. Парламент мінберінен: «ҚТҚЖБ-ның кредит беру талаптарының басқа екінші деңгейлі банктермен салыстырғандағы айырмашылығы шамалы ғана», — деп мәлімдеді. Депутат өзінің есеп-қисабын жұртқа жариялап, дабыра көтерді. Оған сүйенсек, мемлекеттік банктен алынған ипотеканың артық төлемі коммерциялық банкпен салыстырғанда болмашы ғана екен. Мысал ретінде «халық қалаулысы» «Бастау» бағдарламасы бойынша «Жеңіл» аралық заемының талаптарын алыпты.
Өткен аптада дөңгелек үстел басында мәселенің мән-жайы анықталып, күдік-күмән біржолата сейілді. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ (ҚТҚЖБ) басқарма төрағасының орынбасары Ербол Қарашүкеев сөз алып, депутаттың қателескенін, оның есеп-қисабы шындыққа жанаспайтынын нақты дәлелдермен түсіндіріп берді. Келтірген дәйектері де тұщымды.
— Сіз біздің ең қымбат өнімімізді алып қарастырып отырсыз, — деді Қарашүкеев. – тіпті, біздің аралық кредиттеріміздің өзі коммерциялық банктердегі ипотекадан кем дегенде 2 есе арзан. Халық мұны жақсы біледі. Соңғы 8 айдың нәтижесі бойынша елімізде берілген ипотекалық кредиттердің 70%-ы ҚТҚЖБ еншісіне тиіп отыр.
Бұл сөздерді мынадай қарапайым мысалмен негіздей кетейік. Айталық, сатып алынатын жылжымайтын мүлік 18 600 мың теңге тұрады деп алайық. Ал сатып алушының қолындағы қаражат осы тұрғын үйдің құнының 50%-ына тең болсын. Сонда, жаңа қоныс иесі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне келіп, жинақ шотына 9 300 мың теңге салып, 10 жылға жылдық 8,5%-бен 18 600 мың теңге алады. Ал ЕДБ-нің көмегіне жүгінсе, ол жылжымайтын мүлікті сатушыға бастапқы жарна (50%)төлеп, жылдық 13-15%-бен 9 300 мың теңге көлемінде ипотекалық заем рәсімдейді. 3 жыл өткеннен соң, ҚТҚЖБ-да салымшы тұрғын үй заемына өтеді. Жинақтау шотындағы қаражат заемды өтеуге аударылады. Ал сыйақы мөлшерлемесі жылдық 4,5%-ға дейін азаяды. Мұны аз десеңіз, ай сайынғы төлем 2 есеге дейін төмендейді. Нәтижесінде, кредит берудің барлық кезеңінде, яғни 13 жылда ЕДБ-де төленген сыйақы көлемі 10 млн теңгеден асып жығылады. Ал ҚТҚЖБ-да 6,8 млн. теңге болады.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде табысы орташа адамның да баспанаға қол жеткізуге мүмкіндігі бар. Ербол Қарашүкеевтің мәліметі бойынша, бүгінде мемлекеттік банктің жарты миллионнан аса клиенттерінің тек 20%-ы ғана ипотека алған, ал салымшылардың 70%-ынан астамы классикалық ипотека алуға қалтасы көтермейтіндерге арналған тұрғын үй бағдарламаларына қатысқан. Егер жылжымайтын мүлік нарығына объективті түрде қарайтын болсақ, ҚТҚЖБ – бүгінде орта тұрмысты қазақстандықтардың баспаналы болуына бірден-бір мүмкіндік. Коммерциялық банктер болса, мұндай клиенттерді құшақ жайып қарсы ала бермейді.
Бейнелеп айтқанда, ҚТҚЖБ – өзара көмек кассасы. Кеңестік кезеңде зауыттарда және мекемелерде жұмыс істейтін адамдардың ай сайын жалақысының бір бөлігін ортақ жинақ сандықшасына салып, ішікке, тоңазытқышқа, теледидарға ақша жинайтыны естеріңізде болар. Мемлекеттік банкте де 12 жылдан бері ұжымдық қаражат жинаудың және ақшаны бөлудің осы тақілеттес ыңғайлы жүйесі жұмыс істеп келеді.
«Тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы» Заң бойынша жалақысы 100 мың теңгеден аз болса да, біздің кез келген азаматымыз пайшылардың қатарына қосыла алады. Ол тұрғын үй бағдарламасына қатысып, банкте шот ашып, басқа қатысушылардан гөрі ұзағырақ ақша жинайтын болады. 3 жылдың немесе 15 жылдың ішінде тұрғын үй құнының 50%-ын жинақтап, ҚТҚЖБ-дан жеңілдігі бар пайызбен кредит алады. Халыққа кредит берумен айналысатын басқа бірде-бір қаржы институты табысы аз азаматтарға қоныс тойын тойлауға мұндай мүмкіндік бермейді. Еліміздегі 500 мың адамның осы банк арқылы үйлі болуы –бұған нақты мысал. Егер ҚТҚЖБ-ның әр салымшысының артында үш адамның, яғни отбасы мүшелерінің тұрғанын ескерсек, бұл сандар едәуір семіз шықпақ.
Шынтуайтында, ҚТҚЖБ-ның барлық салымшыға қояр бір талабы бар. Клиенттердің бәрі шотында кем дегенде үш жыл қаражат жинақтауы тиіс. Бұл осы жүйенің қаржы пирамидасына айналып кетпесі және тұрақтылығын сақтауы үшін қажет. Өйткені, өздеріңізге мәлім, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде болашақ қоныс той иелері өзіне де жинақ қаражаттан кредит алады, өзге клиенттерге содан кредит береді. Дөңгелек үстелден кейін Ербол Қарашүкеев айтқандай, ҚТҚЖБ өз қызметі барысында салымшыларға 400 млрд.-тан аса несие берген. Соның 100 млрд.-тан сәл асатын теңгесі – мемлекет бөлген қаражат. Ал қалғаны – «халықтық инвесторлардың» жинағы. Жұмыла қаражат жинап, бір-біріне қаражат беруге мұғалімдер, дәрігерлер, ЖОО ұстаздары, сатушылар, салық инспекциясының қызметкерлері, жас отбасылар және тағысын тағылар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып отыр.
– Клиенттеріміздің негізгі бөлігі жылдар бойы қаражат жинақтайды.Ай сайын 20-40 мың теңгеден шотына салым салады. Соңында, пәтер құнының 50 пайызын жинақтап, жылдық 3-5%-бен кредит рәсімдейді, – деп түсіндірді топ-менеджер. – Біреулер ақша жинап жатқанда, екіншілері қаржыға қол жеткізеді. Осылайша, жүйе теңгермелі болады.
Қазір тұрғын үй құрылыс жинақ үлгісі түрлі форматта Еуропа елдерінің басым бөлігінде, Қытайда жақсы жұмыс істеп тұр. Посткеңестік кеңістікте тек Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ғана аяғынан тік тұрғызды.
Дөңгелек үстелдің қорытындысына оралсақ, жылжымайтын мүлік саласының сарапшылары бір ауыздан «бүгінде ҚТҚЖБ-нің көмегімен қоныс тойын тойлау қазақстандықтарға арзанға түседі» деп байлам жасады. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі –бөліп төлеу арқылы пәтер сатып алудың ең қолжетімді тәсілі. Депутат Тұрсынбек Өмірзақов та ҚТҚЖБ-нің тиімді жұмыс істеп жатқанын мойындады. Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік банктен кредит алуға 1 млн.-ға жуық адам кезекте тұр. «Бұл Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің табысты екенін көрсетеді», – деп ой түйді ол. Осыдан кейін өзге халықтық коммунистер де райынан қайта бастады.
Танымал журналист әрі ҚТҚЖБ жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі Сергей Пономаревтің сөзі нанымды шықты.
— Біздің кеңесіміз екі жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде көп қалаларды аралып шықтық. ҚТҚЖБ желісімен Алматы, Астана, Көкшетау және Павлодар қалаларында салынып жатқан нысандарды көзімізбен көрдік. Мемлекеттік банктің тұрғын үй бағдарламаларына қатысушылармен әңгімелестім. Олар – дәрігерлер, медбикелер, мұғалімдер, жүкшілер. Ең қарапайым адамдар. Олардың арасында «ҚТҚЖБ-нің мөлшерлемесі жоғары» деп шағымданған бірде-бір адам кездескен емес. Қымбатты депутат-коммунистер, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін саяси ойын алаңына айналдырудың қажеті жоқ. Салымшылар баспанаға қол жеткіземін деп Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне үміт артып отыр. Сіздердің жоғары мінберден жасаған мәлімдемелеріңіз жылдар бойы қаражат жинап жатқан, осы жүйеге сенетін адамдарды адастыруы мүмкін. Арзан ұпай жинайтын жер бұл емес, — деп ескертті Сергей Пономарев.

Abai.kz

0 пікір