Сенбі, 28 Наурыз 2020
Мәйекті 5845 0 пікір 29 Қазан, 2015 сағат 15:18

ПАРЛАМЕНТ: АҚ ДАМБАЛҒА ҚАРА ЖАМАУ

ҚР Парламенті депутаттары инфляцияға байланысты барлық салада баға өскенімен, жақын күндері жалақыларын көтеру туралы бастама көтермейміз деп жатыр. Мысалы, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі Глеб Щегальский ай сайын қолына тиетін 497 мың теңге өзін толық қанағаттандыратынын айтады.

Ал, «нұротандық» тағы бір депутат Серікжан Қанаев қазіргі уақытта ең алдымен отандық экономика мен бюджеттің жағдайын ойлау керек, жағдай түзелген кезде ғана бұл мәселеге қайта оралуға болады деп отыр. Бұларға аяқ асты не боп қалды?

Естеріңізде болса, биылғы жылдың ақпан айында  РФ Думасының депутаттары қазына қаржысын үнемдеу үшін жалақыларын қысқарту туралы бастама көтергенде, қазақстандық «халық қалаулылары» өре түрегеліп, қарсылық білдірген. Депутаттардың жалақысын қысқартқаннан бюджет байып кетпейді, жалақыдан үнемделетін 1-2 миллиард теңге мемлекеттің жыртығына жамау болмайды деп жылап қоя берген болатын (http://www.ktk.kz/kz/news/video/2015/02/25/57816). Мысалы, мәжіліс депутаты Нұрлан Әбіров мырза сол кезде «Депутаттар жалақысыз қалсын дейсіңдер ме? Біздің де отбасымыз, бала-шағамыз бар», - дегенді айтып байбалам салған. Иә, жалақыларының аздығына зар илеген депутаттар енді сол 500-600 мың теңгеге қанағат ететін болды.

Ал бұл аз жалақы ма? Сараптап көрейік. Үкіметтегі министрлер мен шенді-шекпенділер пысқырып та қарамайтын, пәрменсіз Парламент күні бүгінге дейін не тындырды? Осыған дейін 600 мыңды қанағат тұтпаған Парламент депутаттарының араны неліктен тыйыла қалды?

  1. Ең бірінші себеп – кезекті Парламент сайлауы. Сайлау 2016 жылы өтеді дегенімізбен,  Мәжіліс пен Сенат мерзімінен ерте тарауы да мүмкін. Алтыншы шақырымнан дәмесі зор депутаттар енді Елбасы мен оның Үкіметінің маңын торуылдайтыны түсінікті.
  2. Өткен жолғы теңгенің 40 пайызға құнсыздануынан кейін халықтың билікке деген сенімі жоғалып, билік пен халықтың арасы одан сайын алшақтай түскені белгілі. Осы жолы қараша халықтың бар үміті өздері сайлаған Парламентте еді. Әттең! Геронтократиялық жүйеге ынты-шынтасымен берілген демогог депутаттар теңге теңселіп таргеттеліп жатқанда  «ләм-мим» деп жақ ашпады. 
  3. Оның үстіне қазіргі парламенттегілердің дені – «аутсайдерлер» екеніне талас жоқ. Парламенттегі аттарын адам баласы білмейтін 107 депутаттың да жоғарыдағы 600 мыңнан үлес иемденіп отырғаны рас қой. Мысалы, Бычкова, Бищимбаев, Базарбаев, Дүйсебаев, Дүйсенғалиев, Киколенько, Каппель, Киянский, Логутов, Маковский, Милютин, Никитинская, Пепенин, Сорокин, Тимещенко, Ферхо т.б. дейтіндердің  депутаттық сауал жасап немесе БАҚ алдында сөйлеген сөздерін естідіңіз ба? Жоқ! 
  4. Осындай алағай да, бұлағай шақта қазақстандық «заңшығарушылар»  «салықтөлеушілердің» есебінен үлкен аппартаменттерде тұруы тиіс пе? Журналистер жүргізген арнайы сауалнаманың қорытындысына сүйенсек, қазақстандықтардың 97 пайызы депутаттарға сенбейтін болып шыққан (http://qamshy.kz/home/show/374).
  5. Қазақстан өндірісіндегі орташа еңбекақы (ресми дерек бойынша) 2015 жылғы 2-тоқсанда 124 227 теңгені, яғни 511 USD (бір долларға 243 теңге бағамы бойынша есептегенде) құрады. Яғни, бір жыл ішінде Қазақстанда еңбекақы (егер теңге құлдырауының үшінші толқыны орын алмаса) 6132 USD болмақ. Ал, жалпы қара табан, күс білек жұрттың айына арып-ашып жүріп табатыны 60-70 мың теңгенің төңірегінен аспайтынын Үкімет пен Паралмент  біледі ме?

Ендігі кезекте жаны аяулы «халық қалаулыларына» Үкімет қандай жағдайлар жасап отыр? Шолып шығайық:

  1. Тегін баспана. Мемлекет есебінен қаржыландырылатын  аппартаменттер.
  2. Тегін көлік. Депутаттар қызметтік көліктермен де қамтамасыз етілген. Егер депутат қандай да бір іс-сапарға шыға қалса, барып-келулерін мемлекет қамтамасыз етеді. Мысалы, мәжіліс депутаты Мұхтар Тінікеев мырзаның қазақстандық боксер Геннадий Головкиннің жекпе-жектерінен қалмайтынын депутаттың әлеуметтік желідегі парақшаларынан бақылап отырмыз. Соған қарағанда, қалаулылардың қалталары қомды болса керек.
  3. Айтпақшы, жақында қазақстандық БАҚ-қа жария болған парламент асханасындағы ас мәзірін көрген боларсыз. Сіз бен біз атын өмірде естіп көрмеген «фуа-гра» деген дәм Парламент сарайының асханасында қара бақырға есеп екен. Мәзірдегі ең қымбат тамақтың өзі 1000 теңгеден аспайды.

Негізі біздің түсінігімізде Парламент — Қазақстан Республикасының заң шығару қызметін жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкілді органы. Алайда, Қазақстан Парламентінің бүгінгі күйі – «кімнің тарысы піссе – соның тауығына айналған». Қазақстан Парламентiнiң депутаттары туралы том-том қағытпалар жазуға болатын шығар, сiрә. Халықтың әлеуметтiк проблемалары туралы ұсыныстар айтуға келгенде үндерi әрең шығатын депутаттар Ақ Орда жақтан бұйрық түссе, танаурап жүріп тау қопарып тастауға дайын. Шамасы, Ақ Орданың ауласынан тағы бір пәрмен жетсе керек, «айлығымыз аз», «асханамыз нашар» деп жылап жүрген депутаттар аяқ астынан үнемді ойлай қалыпты. Ақ дамбалға қара жамау деген осы болса керек.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Аbai.kz

0 пікір