Сенбі, 20 Сәуір 2024
Алашорда 5128 0 пікір 29 Қазан, 2015 сағат 17:29

АСТАНАДА ЛЕНИННІҢ ЕМЕС, ӘЛИХАННЫҢ ЕСКЕРТКІШІ ТҰРУЫ КЕРЕК

Иә, Астанада болшевиктердің көсемі Лениннің емес, Алашорда мемлекетінің басшысы Әлихан Бөкейханның ескерткіші тұруы тиіс. Алайда, Қазақстан халықтық ​коммунистік партиясы Лениннің ескерткіш «лайықты жерге қоюды» өтініп, Астана қаласы әкімдігіне хат жазған.

Нақтырақ айтсақ аталған партия «Горкомхоз» мекемесінде қараусыз жатқан «Күн көсемнің» ескеркішін Астананың қақ ортасына қоюды сұрайды. Өйткені, «қызыл қырандар» «коммунистердің атаулы күндерінде гүл шоғын қоятын жер таппай» қатты қиналып жүрген көрінеді. ҚХКП-ның Астана қалалық бөлімшесінің хатшысы Марат Әубәкіровтің айтуынша, қазіргі азаматтар тарихты ұмытып бара жатыр. Сондықтан да, ол жаман жерлерде жатқан Лениннің бюстері мен ескерткіштерін жинап, дұрыстау жерге орналастыру керек деп есептейді. Тіпті, ол қызды қыздымен Ленин атындағы мемориалды кешен ашылса деуге дейін барып отыр. Сөйтіп Әубәкіров мырза Facebook әлеуметтік желісінде Лениннің қажетсіз жатқан ескерткіштері мен бюстері туралы білетін жандарды өздеріне хабарласуын өтінді.

Әзірге Марат Әубәкіровтің өтінішінің қаншалықты орындалатын, орындалмайтыны белгісіз. Бір белгілісі қызыл коммунистер Астананың қақ төріне күн көсемнің ескеркіткішін қоямыз деп құлшынып отыр. Осы ретте өздерін «Алаш» партиясының рухани ізбасарымыз деп ресми түрде мәлімдеген «Ақ жол» партиясы бұл ұсынысқа не деп жауап береді екен деген заңды сұрақ туындайды. Демек «ақжолдықтар» коммунистерге жауап ретінде Астананың қақ төрінде Әлихан Бөкейханның ескерткішін ашу туралы бастама көтерулері керек. Оның үстіне келер жылы Ұлт көсемінің 150 жылдық мерейтойы.  

Жалпы, осы айтулы датаның құрметіне Әлихан Бөкейхановқа ескеркіш орнату  ісі тек «Ақ жолға» ғана емес, әрбір партияға, қала берді әрбір азаматқа сын.  Алайда, Үкімет Әлихан Бөкейханға ескерткіш орнатпаған күннің өзінде құрамына елдегі белді-белді кәсіпкерлерді топтастырған партия бұл мәселені өз қаражатымен шешуі тиіс деп білеміз.

P.S. Негізі кезінде Қазақстан халықтық ​коммунистік партиясына Парламент төрінен орын берілмеуі керек еді. Алайда, біздің билік Мәжіліске «Ауыл» немесе «Әділет» сынды партияны жіберудің орнына, халқымызды қынадай қырған коммунисттердің партиясын жіберді. Бұл әрине біздің билікте ұлттық ұстанымның жоқ екендігін тағы бір дәлелдесе керек.

 

Серік ЖОЛДАСБАЙ

Астана

Дерек көзі: Qamshy.kz

0 пікір