Сенбі, 20 Сәуір 2024
46 - сөз 5658 0 пікір 30 Қазан, 2015 сағат 10:59

ОРАЗАЛЫҒА: КҮНТІЗБЕМДЕ ЖОҚ ОТЫЗЫ ҚАЗАННЫҢ

Бүгін айтыстың ақтаңгері Оразалы Досбосынов бауырымның дүниеден қайтқанына 11 жыл. Менің бауырыма деген сағынышымды осы өлеңмен ғана басқанмын. Күн жұма. Ораздың басына тәу етуге кетіп бара жатырмын...

2004 жыл 30 қазан

Дәл сол жылы, дәл сол күні қара жолдың үстінде үшеуміз көлік апатына ұшырап едік. Дәл сол түні айтыс өнерінің ақтаңгері Оразаәлі Досбосынов мерт болды. 
Автор 

Дәл сол жылы,
Дәл сол күні өнердің,
Өзегіне өксік толды, не дермін?..
Содан бері 
Боркемікпін,
Үгілдім,
Содан бері 
Көрсоқырмын,
Кереңмін.

Неге тағдыр дәл сол күні бүлінді,
Ап кеткенін біле ме екен кімімді?
Қара дала төсіндегі қара жол
суырып алып жүрегім мен тілімді
қағып түсті менің қайсар інімді.

Қимастықтан тұрар жасы мөлдіреп,
Үшеумізді ойлапты жұрт өлді деп.
Сізге – қайғы, 
Бізге – өлім сол сапар,
Қатарымыз қалды-ау, дүние-ай, селдіреп.

2004...
Жылнамамда жоқ жыл ол,
Бар болғанмен жан қарыған шоқ жыл ол.
Күнтізбемде жоқ отызы қазанның,
Балқып біткен қазандағы оқ бір ол.

Қазір айтыс көре алмаймын,
Көрмеймін.
Көкірегімді өртеп болды көлдей мұң.
Біреуді іздеп өз-өзімнен шөлдеймін,
Біреуді іздеп бөктерлерге өрлеймін...

Сол бір жылдан,
Сол бір күннен басталған
осы дерттен құтылмадым қашқанмен.
Қабіріне барам жалғыз қарғамның
қара бұлттар жөңкілгенде аспанда.

Өлімін бе?
Тірімін бе?
Білмеймін,
Содан бері екі жаққа бірдеймін.
Тірі болсам,
Неге көппен жүрмеймін?
Өлі болсам,
Неге көрге кірмеймін?!.

2004...
Жылнамамнан сызылған,
Ол мен үшін реттік сан бұзылған.
Күнтізбемде жоқ отызы қазанның –
Үзілген жан,
Сынған сүйек,
Қызыл қан ...

Жарас Сәрсек

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір