Сенбі, 20 Сәуір 2024
Дәстүр 7499 0 пікір 30 Қазан, 2015 сағат 11:10

ӨТІП КЕТКЕН КОНЦЕРТТІҢ БИЛЕТІН НЕГЕ САТЫП АЛАМЫЗ?

Нұртас Айдарбековтың концерті 20-қазанда ОҚО, Сарыағаш ауданы Абай қаласында Абай мәдениет үйінде өткен. Әр билеттің құны мың теңгеден болған. Осы өтіп кеткен концерттің билеттерін Сарыағаш ауданына қарасты ауыл мектептеріне апарып сатып жатыр екен. Мұғалімдер «өтіп кеткен концерттің билетін неге сатып алуымыз керек» деген сұраққа жауап таба алмай отырған көрінеді.   

Ауыл мектептеріндегі мұғалімдер онсыз да «болмашыға ақша жинағыштар» тобы болып саналғалы қашан?. Ал мына жайт көптен ширығып жүрген мұғалімдердің шамбайына қатты батты. Өтіп кеткен концерттің билет құнын мұғалімдер қалтасынан алу дегеніңіз барып тұрған басыну емес пе?! Ауыл мектептерінің бірі Сарыағаш ауданы №77 С.Сейфуллин атындағы мектепке де осы билеттерді әкеп тықпалаған. Мектептерде бұдан өзге де сорақылықтар болып тұрады. Ең танымал сорақылық – келмеген комиссияға ақша жиып беру. Біздің мектеп тексергіш комиссияларымыздың негізгі мақсаты – мектептің кем кетігін түзеу емес, түк істемей пара жинап алып, тайып тұру болғалы қашан. Қала берсе мұғалімдерді мәжбүрлеп газет-журналға жаздыру, ақын-жазушылардың жаңадан шыққан кітаптарын алдыру, өлім-жітімге белгіленген мөлшерде ақша жинау сияқты жайттар мұғалімдердің жүйкесін көбірек тоздыруда. Маңдай термен тапқан нәпақаның біразы осындай пайдасы жоқ ақша жинау науқандарымен шығып кетеді.

Осы жанайқайға шара қолданатын кім бар?! Неге мұғалімдер өтіп кеткен концерттің билетін алуға тиіс? Неге мектепті тексеріп келген комиссия мүшелері мұғалімдердің көзіне көрінбейді? Неге оған ақша жиып береді? Комиссия өз міндетін неге адалынан атқармайды? Неге мектеп басшыларына ұжымдары мүлік (кітап, журнал, концертке билет, т.б. бұйымдар) сатып алуы үшін аудан әкімдері жоғарыдан ауызша бұйрық береді? Осы былықтарға белшеден батып отырса да назар аударған кім бар?! Құзырлы органдар мектеп жағдайын түзету үшін басын сұғып көрді ме?!

Бүгінде мұғалімнің көңіл күйі тым төмен. Ол – жемқор ортаның құрбаны. Мұғалім деген қадірлі атының өктемшілдер таптаурын ғып тастағанына қынжылады. Мұғалімдік дарынын баланы оқытуға ғана емес, қалтасын қағуға ұмтылған, жанын жұлмалаған басынушылармен күреске де жұмсауға мәжбүр. Осыдан барып жаны жасыған, қайраты аз ұстаздан тағы қандай ерлік күткіміз келеді?!

Гүлжан Ізтай, журналист, жазушы

Abai.kz

0 пікір