Сәрсенбі, 19 Ақпан 2020
Қоғам 4413 0 пікір 30 Қазан, 2015 сағат 13:11

ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫН "БҮЛДІРЕТІН" ҚАЗАҚТАР ҒАНА МА?

немесе Жемқорлық – ұлт таңдамайды, Ер-аға!
 

Қазақ қоғамының сырқаты көп. Бірақ, соның ең сорақысы – бөліну­ші­лік. Аталарымыз «бөлінгенді – бөрі жейді» десе де, қайран жұртымыз бөріге де, көрінгенге де қып-қызыл таланып, дала-дала болып келеді, бірнеше ғасырдан бері...

Жүзге жіктелу, руға іріктеудің кесі­­рі­­нен екі ғасырдан астам уақыт орыс­тың тепкісін көріп, тоз-тозымыз шық­ты. Жаратқанның жарылқауымен бос­тан­дық байрағына ілікпесек, ендігі елу жыл­да тіліміз бен ділімізді ұмытып, ота­ны­мыз бен ошағымызды жоғалтар едік...

Құдай қолдады, еркіндікке қол жетті. Қуаныш жасына шомылдық. Ә дегенде, жариялылықтың шылбырына жармасып, демократияның делебесін қоздырдық...

Көпке бармады, бұл талабымыз... Елді ұры қаптады, сананың жыны қаптады. Барды – қираттық, жоқты – жырлаттық...

Мемлекеттің тайқазанының маңай­ын­дағылар ата-бабасы көрмеген қа­зына-байлыққа аш кенедей бас сал­ды. Жиырма жылдан асты: талай кене қанға бөгіп жарылып жатты, талай кене қанға қақалып қағылып жатты...

Қарапайым қараша далада қалды: үлес те тимеді, күрес те иімеді. Атақ­ты фильмдегі Бекежанша айтсақ, кері­сінше болды: кене семіріп, сиыр боп қалды; сиыр оңалып, пілге айналды. Ұры-қары мен баукеспе-қарақшылар байыған үстіне байи түсті...

Қалталары ақша толы талтаңбай­лар­дың іші пісіп, айналасындағы ад­ам­дарды сыпыра сатып алуға кірісті: полицей мен прокурор, ақын мен әк­ім, жазушы мен әнші, күйші мен биші т.с.с.

Сөйтіп, қоғамды жаппай жемқорлық жауып қалды...

Сырқаттың дендегені сонша - «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің басшылары құрыққа ілінді. Қазақтың бұрыннан да бағлан атанған Талғат ЕРМЕГИЯЕВ бастаған бірнеше баласы істі болды. Қазақ қоғамының бір бөлігі «сауап болды»-ға сайса, екінші бөлігі «Талғат Ермегияев дүние-мүлкі бұрыннан-ақ жеткілікті шонжар емес пе еді» деп қалды... Бірақ, бір қазақ белсеніп шығып, істі болған қазақ жігіттеріне араша түскен жоқ...

Бір қызығы - қалай осы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі бас­шы­ларының бірі, құрылыс жөнін­дегі басқарушы директор, ұлты бөтен Суламбек Бар­кин­хоев тергеу­ге ілігіп еді, Қазақ Елін­дегі чечен-ин­гуш диас­по­ра­сының «Вайнах» қауым­дас­тығы ақпарат құралдарында қан­дастарын жақтап шыға келді. Қауымдастықтың «Возбудили дело «до кучи»?» атты ашық хаты қоғам белсендісі Ермұрат БАПИ ағамыз бас оқырманы болып табылатын «Общественная позиция» («Дат») үнпарағында жарияланыпты.

Бір қарағанда, сөз жоқ, әркімнің өз құқын қорғауына, бауырына болысуына толық құқы бар. Әйткенмен, тереңірек үңілсең, «жемқор қазақтар аз емес, бірақ, біз адал-тазамыз ғой», демек, «...может, следствие «до кучи» возбудило уголовное дело в отношении Баркинхоева?» – деп, сылап-сипайды...

Мақаланың тұла бойында бөліну мен көлгірсу лықа толы. Шынында, қазақ қоғамын «бүлдіретін» тек қазақтар ғана сияқты, басқа ұлттар түгелдей сүттен ақ, судан таза секілді. Турасын айтсақ, қоғамды дендеп кеткен осындай орынсыз сырқаттың ақыры опық жегізіп, опат қылуы әбден мүмкін: қазақ пен орыс ұрысса – қазақ кінәлі, қазақ пен шешен шекіссе – қазақ кінәлі, қазақ пен ұйғыр ерегіссе – қазақ кінәлі, қазақ пен кәріс керіссе – тағы да қазақ кінәлі... Енді, міне, басқа ұлттан бір «жемқор»-дың аты аталып қалып еді, тағы да қазақ кінәлі болып шыға келді?!.

Меніңше, бұл сырқаттың тамырына тез балта шабуымыз керек. Ең алдымен, газеттің бетінен Ашық хатқа табақтай орын ұсынған сыйлас әрі әріптес Ермұрат Бапи ағама: «Жемқорлық – ұлт таңдамайды, Ер-аға!» демекшімін... Ер-ағамның туған ұлтын сүюі ешкімнен кемшін түспес, дегенмен, қазақтың бақшасына қарата лақтырылған әрбір тастың зіл-батпаны әр қазақтың басын жарады...

...Жат пейілге – жарым көңіл күйде жергенімізде, Ер-ағамыздың «“Ермегияев ісінде” біз неге үнсізбіз?» – дейтін шындықтың шыңырауын қазбалаған жан дауысы естілді. «...Егер Ермегияев жүйенің «өз адамы» болғанда, оған «түсіністікпен» қарап, ...парламенттегі депутат­тық мандатын «өз еркімен» тап­сыр­ған Темірхан Досмұхамбетов сияқты ың-шыңсыз «қызмет ауыстырып» кете берері мүмкін еді» – депті, Ер-ағам қара қылды қақ жарып...

«...Бәсе, Ерасылдың ерен жалғасы­ның жаңылмауы керек еді!..» – дегенді көңілге медеу қылып отырғанымызда, қазақтың атышулы спорт журналисі Несіп ЖҮНІСБАЕВ-тың Талғат Ермегияев жайындағы жылы дүниесін оқыдық. Расында, Абай ақын қаза­ғына біріңді-бірің дос санамасаң, дү­ние бос, демеп пе еді, өзара қайырым қалыңдай берсін, бауырларым!

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА

Abai.kz

0 пікір