Жұма, 19 Сәуір 2024
Әдебиет 6477 0 пікір 1 Қараша, 2015 сағат 16:28

МҮСІН

Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы биылғы жылды бүкіл әлемге әйгілі түрік жазушысы әрі драматургы Халдун Танер мен хакас халқының біртуар жыршысы Семен Кадышев жылы деп жариялағаны белгілі. Міне, осыған орай Халдун Танердің қаламына тән шуақты әзілге құрылған бір әңгімесін ұсынып отырмыз.

(Әңгіме)

 

Өзіме өзім ескерткіш қойсам ба деген ойға келдім. Онда тұрған не бар? Ұят болады дейтіндей дәнеңе жоқ. Әркім-әркімнің-ақ өзіне тән қызығатын һәм құмартатын нәрселері болады емес пе. Менің басыма осы бір ой берік орнығып алды. Шамалауымша, ұлы адамдардың барлығында да қоладан ескерткіш жасатсам деген ой болатынға ұқсайды. Әйтпесе, олар өздерінің алтын уақыттарын қиып, бірнеше сағаттар бойы мүсіншілердің алдында «позировать» етіп отырар ма еді? Әрине, отырмайды... Иә, сөйтіп, құлшынып шыға келдім. Рас, мен кішкентай, қарапайым адаммын, сондықтан, өзіме орталық алаңнан монумент салдырамын деп дәмеленбеймін. Менің ескерткішім осындағы бір кішігірім саябақтардың біріне қойылса жетіп жатыр. 

Міне, осындай ниетімнің бар екенін білген күні әріптес-көпес достарым маған не айтарын білмей қиналды. Сонда болса кейбір ақылмандардың жүйкеме ши жүгіртіп, сен өзіңе ескерткіш қойдыратындай  кім едің, қой, мұндай нәрсені ойыңнан шығар т.с.с. деген кездері де болды. Әрине, мен олардың сөзін құлағыма ілмедім. Күлкі туғызатын нәрсе ғой. Бәрі де сол – қызғаныштан туады.

Өз басым, отыз жылдан бері түбіт сатумен айналысып келемін. Осы күнге шейін не істеген ісімнен, не жеке өмірімнен бір ши шығып көрген жан емеспін. Бәрі де менің адал сауда жасайтынымды біледі. Жағдайым, құдайға шүкір, мығым. Көтерме саудамен айналысамын. Соғысқа дейін Германияға тауар жеткізіп тұрдым, ал қазір Англиямен тәуірмін. Кім не десе о десін, мен көшеде қаңғырып жүрген адам емеспін. Айтыңыздаршы, Бахчекапысыдан шыққан Урянизаде Сыткыны кім білмейді! Ал енді, байлық па, байлық жетеді. Алла тағала әркім-әркімге  өстіп бере берсе жаман болмас. Өз басым, есептеп көрген жоқпын, бірақ, анау салық жинаушылардың айтуына қарағанда, бір жарым миллионға жетіп жығылатын көрінеді. Ал егер мемлекетке пайда келтіру мәселесі қалай дейтін болсаңыз, бұл жағы да – аттай. Ұлттық өнімімізді шетелдерге апарып насихаттап, сату арқылы өз еліме қаржы әкелемін, бұл әрине, отан алдындағы парызымды адал атқарып жүргендігімнің белгісі  емес пе? Одан басқа не керек?

Байқап қарасам, менде бәрі бар. Ең алдымен, өз ескерткішімді қоятын жер қарастырып ем, Шишлидегі үйімнің алдындағы шағын саябақ өте қолайлы боп шықты. Аздап тарлау демесеңіз, кең даңғылға қарай шығатын жолдың бойы әрі көзге де бірден түсетін жер. Арлы-берлі өткендер түгел көреді, өзім де, көңілім қалаған кезде терезеден қарап, сүйсініп тұрам. Осыдан соң мүсін жасаушылармен аралас-құраластығы бар бір әріптесіме өтініш жасап, маған бір жақсы мүсінші тауып бер дедім. Ол үш адамның адресін берді. Мен үшеуін де кеңсеме шақырып, осылай да осылай деп ойымды түсіндірдім.

Үшеуінің де түсінігі мол, әдепті жігіттер екен. Бірден келісті. Есеп-қисап жағын қалай жасаймыз деп ем, бәріміз бірігіп істейміз десті. Ақша жағынан тарықшылық жасамаймын, әрине. Бұл жағынан азды-көпті тәжірибем бар ғой. Ақысын жарытпасаң, кейін боқысын жалап отырасың. Бұлар бірдемені өйтіп-бүйтіп жасағансып бере салады. «Не ексең, соны орасың», деген емес пе. Сөйтіп, жеті мыңға келістік. Қола-пола сияқты кәкір-шүкір солардан, ал тұғырды өзім жасататын болдым.

Кешкілік жұмыстан қайтып келе жатып мүсіншілердің шеберханасына соғам да, бір-екі сағат «позировать» етіп кетем. Ескерткішті олар әуелі саз балшықтан жасап алады да, сол арқылы формасын келтіріп, қоладан құйып шығады екен. Расын айтқанда, менің бет-әлпетім мүсіншілерге бірден ұнап: «Неше жылдан бері ескерткіш жасап келеміз, бірақ, мұндайды бірінші рет көруіміз,» деп таңғалды. Енді... Шындыққа дау бар ма. Менің көршім, жіп сататын Рафик-бей: «Сенің бойыңда қолбасшылық қасиет бар. Негізі әскери адам болуың керек еді,» деп тектен-текке айтады ғой деймісіз. Бұл өзі, туа бітті қасиетім болса керек. Ал енді, мүсіншілердің жұмысқа қызу кіріскені сондай, егер шындап қолға алса, мына пақырлар көшедегі кез-келген мәлжубастан қаһарман, батыр жасай салады екен-ау деп қалдым. Қарап тұрсаң, бет-әлпеті келіспеген топас біреу бұлардың қолына тисе әп-сәтте данышпан, ұлы адам болып шыға келеді.

Осыдан алты жыл бұрын жұмыс бабымен Венгрияға барып қайтқаным бар. Ол жақтағының бәрі маған таңсық болып көрінді. Өйткені, Еуропаға бірінші рет келуім ғой. Бәрінен қатты ұнағаны көше-көшеге қойылған ескерткіштері болды. Түгел қарап шықтым. Көпшілігі атқа мініп, қылыш асынған маңызды кісілер екен. Кейін ойлаймын ғой, әлгілердің тап сондай қаһарман, батыр боп тұруының өзі мына қушыкеш, алдампаз мүсіншілерге байланысты екен-дағы. Ал шын мәнінде ол мырзалардың біз сияқты кәдімгі екі аяқты, жұмыр басты пенде болғандығына еш күмән жоқ. Ал енді, олардың ескерткіштеріне қараңызшы. Құдды бір, ешқашан ішіп-жемеген, ешкіммен ұрыспаған, біз сияқты ашу шақырып, ызаға булығып бірдемені қиратпаған, бүлдірмеген, мүлде басқа әлемнен келген данышпандар сияқты. Өтірік қой бәрі, өтірік! Егер мүсіншілер оларды атқа мінгізіп, керек-жарағын бойына асындырмай, жай әншейін, аузы ашылып, танауы қусырылып не болмаса тағы да басқа бірдеңе істеп тұрған қалпында жасай салса, олардың мүсіні мұндай көрнекті, маңғаз болып шықпас еді. Мен өзімнің осы ойымды мүсіншілерге айтқанымда, олар езу тартып күлді. «Сіздікі дұрыс, - деді сонсоң. –Бірақ мүсін мүсін сияқты болу үшін оған міндетті түрде батырлық, қаһармандық сипат беру қажет.» Жалпы, мен бұл әңгімені оларға өзімнің де өнерден азды-көпті хабарым бар екенін аңғартып қою үшін айтқам. Өйткені, менің ескерткішім де басқалардыкі сияқты айбатты, көрнекті болуы керек қой. Әу бастан солай боп келе жатқан соң, енді... Біз де олардан қалыспайық. Оның үстіне мына мен сияқты салмақты, абыройлы кісі қандай кейіпте салса да, тіпті, жерге отырғызып қойса да, өзінің маңызын жоймайды. Рас, жақсы зат бірден жасала салмайды. Біздің мүсін де жүз қырық күн дегенде барып әрең-пәрең шаң көрсетті. Сәті түскен бір бейсенбіде мүсіншілер үй-ішімізбен түгел шеберханаға шақырды. Ескерткішке жауып қойған матаны төмен түсіріп қалған кезде төбе шашым тік тұрды. Өтірік айтпайын, белім зырқ ете қалғандай болды. Әйелімнің көзі жасаурап сала берді. Балалар тұрған орнында тас боп қалды. Айтса, айтқандай-ақ екен дерсіздер. Қараңызшы, әфәндім, бойы кәдімгі адамның бойынан бір жарым есе ұзын! Оның үстіне, түрегеп тұрған қалпым. Бір аяғымды сәл алға созғам. Көзім алысқа қадалып, басымды сәл қисайтып тұрмын. Бір қолыммен белімді таянғам, екіншісі бос. Нағыз сымбатты тұлға. Ақшаны босқа шашпаған екем деп ойладым. Қатырып жасапты.

Ақысының бір бөлігін алдын ала беріп қойғам, қалғанын сол күні қолдарына ұстаттым. Алайда ескерткішті уақытша шеберханада қалдыра тұруға тура келді. Өйткені, оның тұғыры әлі дайын емес болатын. Кейін осы тұғыры құрығырдан-ақ әбден көресіні көрдім ғой.

Бір күні таңертеңгілік саябақта жұмыс жасап жатқан жұмысшылардың жанына әкімшіліктен бір-екі шенеунік келіп тұрғанын көрдім. Сонсоң мердігер үйге бас сұғып, әлгі шенеуніктердің менімен сөйлескісі келетінін айтты. Жарайды дедім. Бардым.

– Сіз мына скверде не салдырып жатырсыз, – деп сұрайды.

– Өзімнің ескерткішіме тұғыр салдырайын деп жатырмын, – деймін.

Мұндай жауаптан соң әлгі қысқа бойлысы қасындағы кісіге қарады.

– Қаланың жаңа жобасы бойынша бұл даңғылдың жиегінде ештеңе салуға болмайтынын білмеуші ме едіңіз. Ал ескерткіш орнату үшін әкімшіліктің рұқсаты керек.

Мен бұны, расында да, білмеппін.

– Олай болса, өтініш жазып, рұқсат аламын, – дедім.

– Жақсы, онда рұқсат алғанға дейін құрылысты тоқтата тұрыңыз.

– Жарайды, – деймін.

Келесі күні әкімшілікке барып, мэрдің көмекшісіне өтінішімді қалдырып кеттім. Ол менен құтылуға асыққандай:

– Сіздің өтінішіңізді міндетті түрде қараймыз, – деді.

Он күннен соң тағы да кіріп шықтым.

– Уәли-бей бос емес, – деді.

Бір айдан кейін және бардым. Олар:

– Қарап жатырмыз, шешім әлі шыққан жоқ, – деп сырғақтатты.

Ақыры, шыдай алмай кетіп, мені әкімнің өзіне кіргізіңдер деп табандап тұрып алдым. Әдеттегідей ол тағы да өз орнында болмай шықты.

– Әкім келгенше кетпеймін, – деп айқайға бастым.

Даусымның қатты шыққаны сондай, қарсы беттегі есік ашылып, ар жағынан бір ақ бас қылтиып, бұл неғылған айқай екенін білгісі келді. Мен оған бар жағдайды айтып түсіндірдім. Содан кейін барып оның осы әкімшіліктегі беделді бір адам екенін түсіндім.

– А-а-а, бұл әлгі мүсінге байланысты шаруа ма, - деп ол мені кабинетіне шақырып, отырғызып, темекі ұсынды.–Демек, сіз өзіңізге ескерткіш қоймақсыз ғой, солай ма? Оған қарсылық білдіру тіпті, ойымда да жоқ, бірақ, біздің заманымызда мұндай істің бірден біте қоймайтынын өзіңіз де жақсы білесіз ғой. Ал енді осы ескерткішке жұмсалған ақшаға бір жерден шайхана, мектеп немесе тағы да сол сияқты бірдеме салуға болмас па еді? Өзіңізге де, отанымызға да пайдалы іс емес пе дегенім ғой...

– Сіз өте дұрыс айтасыз, бей-әфәнді, – дедім. – Өзіңіз байқағандай, менің ең басты мақсатым да сол – отаныма және қоғамға пайдамды тигізу. Бірақ бұл, біз әңгіме етіп отырған ескерткіш, қазір дайын тұр және оның ақшасы төленіп қойған, сондықтан да, қарсы болмасаңыздар...

– Демек, дайын дейсіз ғой? – деді ол менің сөзімді бөліп. – Иә-иә! Жалпы, өзі... қалай болып шықты? Көлемі қандай? Бюст пе, әлде ұзына бойына жасалған мүсін бе?

– Үлкен, әфәнді, айтарлықтай үлкен. Менің бойымнан бір жарым есе ұзын.

– Ол қалай болғаны, қымбаттым! –деді ол. –Егер кішкентай болғанда ғой, өйтіп-бүйтіп бірдеме етуге болар ма еді, бірақ сіз үлкен деп отырсыз, егер оны көшеге қойсақ, жұрттың назарын аударады ғой.

– Сіздің алдыңызда отырған пақырдың да көздегені сол емес пе, – деймін мен. – Бұған заң тиым салмайды ғой?

– Жоқ, әкімшіліктің жарғысынан, өкінішке қарай, – иә, ол тап осылай, өкінішке қарай деді, – бұған қатысты ештеңе таба алмадық. Жеке меншік құрылысқа қатысты ережеде ескерткіш туралы айтылмаған, тек қоғамдық орындарға қойылатын ескерткіштерге ғана қатысты тармақ бар. Әйткенмен, заңда ешнәрсе қарастырылмаса да, әңгіме қаланың сыртқы келбеті туралы болып тұрғандықтан, мұны әкімшілік кеңес қана шеше алады. Бірақ, олар сіздің өтінішіңізді қанағаттандырмауы мүмкін.

– Қызық екен... Бұл ескерткіш қаланың сыртқы келбетіне ешқандай нұқсан келтірмейді ғой. Оның үстіне, өнер туындысы... жеті мың лираға жасалған...

– Мен айтқандай, – деді ол, – егер бұл істі заң жолымен жүргізетін болсақ, сіз де, біз де уақытты құр босқа өткіземіз. Менің тілімді алсаңыз, қымбаттым, бұл ескерткішке бас қатырмай-ақ қойыңыз. Өзіңіз ойлап қараңызшы, заңда тиым салынбаған екен деп, әркім өз ескерткішін жасатып, өз үйінің алдына апарып қоя беретін болса, Стамбулдың келбеті не боп кетер еді? Соншама көп ескерткіштерді көрген туристер айран-асыр боп, нағыз ескерткіштердің мән-маңызы жойылмай  ма?

– Бұл пікіріңізбен келісе алмаймын, – деймін мен. –Біріншіден, кез келген адам өзіне ескерткіш жасатпайды. Ол әркімнің жағдайына, қаржысына байланысты. Екіншіден, жасата қалған күннің өзінде...

Сол кезде ол тағы да сөзді бөліп жіберді.

– Демек, сіз келіспейсіз. Жақсы, олай болса, мен бұл істі әкімшілік кеңеске жөнелтемін де, қорытындысын сізге хабарлаймын.

Сөйтті де, орнынан тұрды. Сонсоң маған да кетуге тура келді. Бір ай күттім, екі ай... төрт ай өтті. Тырс еткен жауап жоқ. Мүсіншілер де: «Ескерткішті шеберханадан алып кетіңіз,» деп күнде тықақтай бастады. Амал жоқ, жүк машинасына салып, үйге әкелдім. Келген-кеткен қонақтар көрсін деп, уақытша вестибюльге қойып қойдым. Қас қылғандай, кеше балам доп ойнап жүріп байқамай ескерткішті қағып кетіпті. Кешкілік үйге келсем, ескерткіштің басы жерде домалап жатыр, үйдегі мәрмар еден быт-шыт боп шытынаған. Қаным басыма шапшыды. Бұрын-соңды ескерткіштің үйде тұрғанын кім көріпті? Соншама ақшаны елге күлкі болу үшін шашқан екем ғой деп өкініп, басымды шайқап отырғанымда үйге  келе қалған қайынағам: «Қапа болма, күйеу бала. Әр нәрсенің бір пайдасы бар. Сен енді, бері қара. Әкімшілік бұл ескерткішті қоюға неғып рұқсат бермей отыр. Өйткені, бұл өте үлкен. Ал егер мұның бөлініп қалған басына бір иық жасатсақ, кішігірім бюст болады да шығады. Әне, сол кезде олар түк те айта алмайды. Тұр ғой анау Галатасарай саябағында Тевфик Фикрет ақынның бюсті. Сен де өз бағыңа сондай бюстіңді қой» деді.

Бұл әңгіменің жөні бар сияқты.

– Жақсы, – дедім. –Ал денесін қайтеміз?..

-Оны маған тапсыр, - деді қайынағам. –Мен оны әкімшіліктегілерге өз бағасына өткізіп жіберем. Олар басқа бір бас жапсырады да, әп-әдемі ескерткіш қып қоя салады.

* Көрнекті түрік ақыны

Халдун Танер

Abai.kz

0 пікір