Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Күбіртке 6261 0 пікір 1 Қараша, 2015 сағат 17:25

ТАЙЧИБЕКОВ ТАЙРАҢДАЙДЫ, АЛ ҰЛТШЫЛДАР НЕГЕ ҚЫЛМЫСКЕР?

Астана қалалық прокуратурасы «Антигептил» қозғалысының мүшесі,  қоғамдық белсенді, Болатбек Біләловтің үстінен «ұлтаралық араздықты қоздырды» дегнен айып тағып, қылмыстық іс қозғаған. Бұл туралы «abai.kz» порталы Азаттыққа сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Қоғамдық белсенді Болатбек Біләловтің Азаттыққа берген ақпараттарына сүйсенсек, Астана полициясы Біләловтің үйіне тінту жүргізіп, үстінен қылмыстық іс қозғалғанын жеткізген. Бірнеше сағат тінту жүргізген соң полиция қызметкерлері оның үйінен кейбір құжаттар мен электрондық деректер сақталған компьютер, мобильді телефон және басқа да заттарын алып кеткен кеткен (http://www.azattyq.org/archive/news/20151030/330/330.html?id=27335409).

Болатбек Біләлов, қоғам белсендісі:

– Таңертең үйіме келген полиция қызметкерлері тінту жүргізуге берілген қаулыны көрсетіп, менің үстімнен ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-тармағы бойынша, яғни  әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, қауымдық немесе діни алауыздықты қоздыру бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Олардың айтуынша, қылмыстық іс қозғауға менің әлеуметтік желілердегі жазбаларым мен видео материалдарым негіз болған.  Полицейлер маған Facebook, YouTube әлеуметтік желілерде жариялаған «орыс фашизмі», «қазақ ұлтшылдығы», «Щебскладтағы оқиға хроникасы» туралы және т.б. материалдарыма қатысты тергеу амалдары басталғанын айтты.

Естеріңізде болса, дәл осындай күдікпен, ұлтаралық араздықты қоздырушы айыбы тағылған қос бірдей қоғам белсендісі Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталинді құқық қорғаушылар 12-қазан күні қамауға алған болатын. Кейін анықталғандай, құзырлы органдағылар белсенділердің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-тармағы бойынша іс қозғаған. Ол кезде де полицейлер тінту кезінде жеке ноутбук, модемдер мен құжаттарды тәркілеген.

Хош делік. Қазақстанда ұлтаралық, әлеуметтік араздықты қоздырушылар жазалануы тиіс, егер айыптаулар әділ дәлелденетін болса. Егемендіктің ертеңі үшін, бейбітшілік пен татулық қанымызға сіңген кез келгеніміз Ата – Заңнан аттап кете алмайтынымыз рас.  Бірақ, осы тұста ішімізді тырнайтыны біздің елдегі қалыптасқан протекцияшылдық, жебірлік ындыны мен  әділдік деген қасиетті ұғым қаншалықты сақталып жатыр?

Қазақстанда бірін-бірі менсінбейтін, мойындамайтын екі топ бар екенін білесіздер. Міне, сол екі топтың бірі – қазақ ұлтшылдары болса, бірі – «орыс ұлтшылдары». Дәлірек айтсақ, ресейшіл топ.

Орыс ұлтшылдары этникалық жағынан біртекті  емес екені де рас. Олардың арасында қазақтыққа қырын қарайтын ұлты қазақ әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар да көп. Мысалы, Қазақстанды Ресейдің құрамында көргісі келетін, кешегі кеңестік кер қоғамның қайта құрылуын аңсайтын – Ермек Тайчибеков осы топтың сақасы дерсің.

Алайда, көзіміз көріп отырғандай қазақ ұлтшылдарына ғана тісі бататын ҚР Үкіметі мен прокуратурасы – әлеуметтік желілерде Қазақстанның мемлекеттік территориясын талан-таражыға салып, шекарамызға шүйлігіп, Қазақстанды Ресей Федерациясының боданы болуға үндеп жүргендерге жүген салудың орнына жақ тырыстырып, мылқаудың күйін кеше қалатыны тағы рас. Әйтпегенде, әлеуметтік желілерде Қазақстанның солтүстік өңірлеріне көз алартқан, тіпті СҚО-ны, Байқоңырмен қоса Ресей территориясына қосып жіберген посттар жазылғанда ҚР Бас прокуратурасы мен ҰҚҚ қандай шаралар қолданды? Орыс ұлтшылдарының шовинистік пиғылдары, тек қана БАҚ-та ғана емес, кино картиналарында да бірнеше мәрте көрініс тапты. Мысалы, жақында ғана ресейлік режиссер, Камеди клубының резиденті Таир Мамедов Алматыны Ресей құрамына қосып жіберді (http://abai.kz/post/view?id=5141). Кейін өздерінің географиядан сауатсыз екендіктерін мойындап, кешірім сұрап құтылды. Бұл шовинистік һәм арандатушылық әрекет үшін әділетті жаза ма?  Бұл бірінші мәрте қайталанып отырған жоқ. Өздерін «Русские европейцы» деп атайтын жаңа ұлтшыл күштер Қазақстанның солтүстік бес облысын Ресейге қайтаруды талап ететін мәлімдеме таратты (http://archive.turkystan.kz/articles/view/34739).

Оралда Наурыз мейрамында Ресей байрағы желбіреді (http://archive.turkystan.kz/articles/view/34739). Алматы облысы Ұйғыр ауданында жоқ мемлекеттің туы көтерілді (http://zhasalash.kz/saraptama/1832.html).

Осындай оспадар әрекеттерге ҚР Бас прокуратурасы қандай шара қолданды?

Ал Қазақстанның территориялық тұтастығына күмән келтіріп, солтүстік өңірлерді аннекциялау туралы бастама көтерген Жириновский бастаған ұлтшылдарға қандай шара қолданылды. Жә, Жириновскийге Қазақстан аумағына кіруге тыйым салынғанымен, оның сөзін сөйлеген, Лимонов, Минченколарға әлі де ауызына келген құсыған төгіп жүрген жоқ па? Тіпті, Қазақ мемлекеті болмаған деп көкіген Президент Путиннің өзі Қазақстанға келуге, киелі топырақты таптауға тиісті емес еді. Әттең, Қазақстанның құқық қорғау органдары экономикалық тұрғыда көршілерге тәуелсіз болмағанда, ұлттық намысымызды таптап, территориямызға таласып отырғандар тиісінше жазаланар ма еді?

Керісінше ұлттық маңызы бар мәселелерді көтерген қазақ ұлтшылдары бас көтере қалса болды, кісі өлтірген қылмыскерді қуғандай,  кісен ала жүгіру құқық қорғаушылар үшін қалыпты сияқты.

Мемлекеттік тіл мәртебесін көтеріп жүрген Мұхтар Шахановтан бастап бірқатар қазақ ұлтшылдарын халық жауына айналдырып жіберді.  Өткен жолы оппозиционер Серікжан Мәмбеталин мен қоғамдық белсенді Ермек Нарымбаевтарды қамады. Жоқ, біз біреуді ақтап, біреуді жақтағалы отырған жоқпыз. Кінәсі дәлелденсе хош. Енді міне, прокуратура шынжыры Ресей зымыранынан шашылған удан қырылып қалған киіктердің жоғын жоқтап, Протонның ұщырылуына тоқтау іздеп жүрген азамат Болатбек Біләловтің қолына салынды. Темір торға тоғытылуы тиістілер тайраңдап жүргенде құқық қорғау саласы мен Қазақстан билігі қазақ ұлтшылдарынан қылмыскер жасауға мықтап кірісіп кеткенге ұқсайды. Бұл әділетті ме?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

abai.kz

 

 

0 пікір