Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Дода 5220 0 пікір 1 Қараша, 2015 сағат 22:41

ТҮРІК ПАРЛАМЕНТІ САЙЛАНДЫ, AKP-НІҢ ҚАНЖЫҒАСЫ МАЙЛАНДЫ

TBMM-нен көріністер

Түрік елінде парламент сайлауы өтті.

Алдын ала нәтиже бойынша

 

Халықтың берген дауысы

Ұлт Мәжілісіндегі тиесілі орыны

AKP Әділет және Даму партиясы

49,4% 

316

CHP Республикашыл Халық партиясы

25,4%

134

MHP Ұлтшыл Қозғалыс Партиясы

12%

41

HDPХалықтар Демократиясы партиясы 

10,5%

59

Оқырманға елдегі саяси науқан туралы қысқа ақпарат беріп кетсек: Бұл 7 маусымдағы сайлаудан кейін үкімет құра алмаған парламенттің Конституция бойынша ерте сайлауға кетуі. Түрік парламенті туралы біз алдыңғы сайлаудан кейін жазған едік. Онда Түркия Атазаңының 116 бабына сай, Мәжілісте төрағалық комитет құрылған соң 45 күн ішінде парламент жаңа үкімет жасақтауы керек екенін, Жасақтай алмаған жағдайда мезгілінен бұрын қайта парламент сайлауы тағайындалатынын, Мезгілінен бұрынғы сайлау белгіленген кейін үш ай уақыт ішінде өтуі керек екенін айтқанбыз.

Түркия Ұлы Ұлт Мәжілісінің(TBMM) 25 шақырылым депутаттары құрылмаған үкіметтің кесірінен креслода қысқа уақыт қана отырды. 26 шақырылымның сайлауына 16 партия қатысты.

TBMM ғимараты

TBMM - Түрік елінің заңына сай 550 депутат қызмет атқаратын заң шығарушы орган. Сайлауға қатысқан партиялар осы орынның 276-сын иеленген жағдайда жалғыз өзі үкімет құрады. Егер халықтан оған жетерлік дауыс жинай алмаса басқа партиялармен келісіп коалициялық үкімет құруы керек.

Түркия билік партиясы AKP(Әділет және Даму партиясы)құрушысы, 2003 жылдың 16 наурызынан 2014 жылдың 27 тамызына дейін Түркия Премьер-министрі болған Ердоған, былтыр 10 тамыздағы сайлауда Президенттікке таңдалғаннан кейін, Партияның басшысы әрі Премьер-министр болып 27 тамызда Ахмет Дауытоғлұ тағайындалған еді. Ол биылғы сайлаудан кейін рәсім бойынша 9 маусымда отставкаға кетті. Ел президенті оған жаңа үкімет құрылғанша қызметінде қалуын тапсырды. Жаңа парламент межелі уақыт ішінде үкімет құра алмаған соң, Дауытоғлұ Бас министрлік қызметке тағайындалғаннан кейін тура бір жыл өткенде уақытша үкімет жасақтады.

AKP төрағасы Ахмет Дауытоғлұ

Дауытоғлұ уақытша үкіметі дәлірек айтқанда сайлау үкіметі. Ол бұл үкіметті құрған соң төрт жылдық билігі бар үкімет сияқты жұмыс істейміз деген болатын. Осы үкіметтің Премьері ретінде ол БҰҰ-ның 70 сессиясына қатысып қайтты. Алайда, бұл үкіметті қауқарсыз санайтындар жетерлік. Түркиядағы экономикалық ахуал сайлаудан кейін айтарлықтай төмендеген. 2,70 лира төңірегіндегі доллар курсы 3-тен асып барып 2,90 шамасында құбылып тұр. Азық-түлік те 5-10 пайыз арасында қымбаттады.

7 маусым парламент сайлауынан кейін партиялар үкімет құрмауынан  Түркия жергілікті халықтың тілімен айтсақ, «қан көліне» айналды. Екі сайлау арасындағы 147 күн ішінде, 242 бейбіт тұрғын террорлық шабуылдардың құрбаны болды. Олардың біреуі Иран азаматы, 19-ы бала болған. Сондай-ақ, жалпы саны 167 қауіпсіздік қызметкері(Олардың 96-сы әскер, 68-і полицей, 3-еуі күзетші) террор шабуылынан және террористермен күресте шейіт болды.

Террорлық шабуылдан ең үлкені 10 қазанда Анкара Темір жол вокзалы алдында болды. Жойқын екі жарылыстан 102 адам өліп, 244 кісі жараланды.  20 тамыз Шанлыурфада 34 кісі қаза тауып, 103 адам жараланды. Мемлекет жүргізген террорға қарсы операциялардан 453 террористтің көзі жойылды.

Түркия Президенті Ережеп Таииып Ердоған

Соңғы уақытта Ердоғанды Батыс БАҚ-ы қатты сынай бастады. Ел ішінде де наразы жұрттың қарасы мол. Олар, соңғы бір жарым жылдың ішінде өткен төрт бірдей сайлаудың бәрі Ердоғанның диктаторлық билігін нығайту үшін жасалып жатқан қадамдар деп санайды. Наразылықтың екінші ұшы Ердоған билік еткен жылдары бүлікшіл күрд содырларын тым еркінсітіп жіберді дегенге саяды. Соңғы сайлауда күрт сөзін сөйлейтін HDP партиясының парламентке кіруі көптің наразылығын тудырған еді. Себебі Халық Демократиялық партиясы аталатын бұл партияның Түркияның оңтүстік шығысынан Күрдстан мемлекетін құруды көздейтін PKK-мен байланысы бар екені айтылады. Бүгінгі сайлауда да шиеленіскен Оңтүстік шығыс аймақтарда кейбіреулердің азаматтарға күштеп HDP-ге дауыс бергізгені туралы айтылып жатыр. Хұрриеттің жазуынша, Диярбакрдің Каяпынар ауданында Али Байтар есімді қария өзінің сайлау бюллетенін біреулердің күштеп HDP атына толтыртып, сандыққа салғызғанын арыз еткен. Сондай-ақ, шығыс аймақ А’рыда (Ağrı) HDP-лі біреулер ашық дауыс беруге елді мәжбүрлеп, бір кісіні пышақтаған. Осы аймақтарда AKP-дан үміткер депутаттарға шабуылдар жасалғаны туралы хабар да бар.

Түркияда адасқан ақиқат көп. Кімнің ақ, кімнің қара екенін билікке келгендердің ертеңгі қадамы анықтай жатар. Өте-мөте асқынып тұрған түрік-күрт жаңжалы Түркияның саяси жарасы болып тұр. Біз сайлауға түскен партиялардың саяси баяндамаларын ежіктеп жатпадық. Алайда билікке ұмтылған партиялардың бәрі дерлік экономиканы қуаттандыра түсуді көздейді.

Әділет және Даму партиясының үлкен мақсаты ретінде Конституцияны өзгертуді атап айтуға болады. Түркия қазір 1982 жылы Конституцияны пайдалануда. Бұл Конституция 1980 жылғы биліктің әскери күшпен тайдырылуынан кейін референдум арқылы қабылданған болатын. 

Ескерте кететін жайт: Түркия құрылған алғашқы уақытта 27 жыл билікті ұстаған Республикашылардан кейін 1950 жылы 22 мамырдан 1960 жылы 27 мамырға дейін ел Үкіметін Аднан Мендерес басқарды. Гималай асып кеткен қазақтардың Түркиядан пана табатыны да осы тұс. Әскери төңкеріс арқылы биліктен тайдырылған Мендерес 1961 жылы 17 қыркүйекте дарға асылды. Осыдан кейін билікке Ұлтшылдар қозғалысы да, Республикашылар да жалғыз билеуші болып бір де бір рет келе алмады. Тек 2002 жылы қарашада билікке келген Әділет және Даму партиясы ғана елді жалғыз билеу мүмкіндігін, халықтың сенімін алды.

Кім не десе де, біз үшін Түркия еміреніп емшек бермесе де елең-алаң күн туса етек жинасар туысқан ел. Билікке келген партия алдағы уақытта ішкі шиеленісін реттеп, сыртқы саясаттағы Түркияның айбарын арттыра түссе, ғасырлық тарихындағы ең кемел де біртұтас халіне жеткізсе екен дейміз!

“N”

Abai.kz

0 пікір