Жұма, 19 Сәуір 2024
Қоғам 6540 0 пікір 2 Қараша, 2015 сағат 18:37

«МӘСКЕУ ҮШІН СИРИЯ - ЕКІНШІ АУҒАНСТАН»

Террористік Әл-Каида ұйымының жетекшісі  Айман әл - Завахири (суретте) өзінің мұсылман жақтастарын һәм діни ұйым басшыларын  Ресейге қарсы күш біріктіруге және Сирия, Иран, Батыс елдерінің қысымына қарсы тұруға үндеу жариялаған. Бұл туралы abai.kz порталы Reuters агенттігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.  

Террористік ұйым көсемі өзінің кезекті үндеуінде «Ислам мемлекеті» ұйымының жетекшілерін Әл - Каидамен күш біріктіруге шақырған.

«Newsader» басылымының жазуынша, «АҚШ, Ресей, Иран, алавиттер мен Хизбулла бізге қарсы бірінші болып соғыс ашып отыр.  Сонда біз басқыншылықты тоқтатуға қауқарсыз болғанымыз ба? Біз оларға қарсы күш біріктіре алмағанымыз ба?»,-дейді Айман әл - Завахири.

Интернет желісінде таралған бұл бейна жазбаның нақты қай күні жазылғандығы туралы деректер жоқ. Дегенмен, басылымның жазуынша, бейне жазба Ресей әскерлерінің Сириядағы агрессорлық әрекеттерінен кейін, 30-қыркүйекте жарияланған болуы мүмкін.

Осының алдында жариялаған үндеуінде әл - Каида көсемі «Ислам мемлекеті» террористік ұйымының заңсыздығына қарамастан, ұйымның жетекшісі Әбу Бәкір әл-Бағдадиді Әл-Каидамен күш біріктіруге шақырған болатын.

«Менің мұджахид бауырларым, сендер қайда болмасаңдар да, қандай ұйымдар мен топтарда болмасаңдар да, біз бүгін АҚШ, Ресей және Еуропа тарапынан агрессорлық қысымды көріп отырмыз. Сондықтан біз Шығыс Түркістаннан бастап Мароккоға дейін бірігуіміз керек»,-деген өзінің үндеуінде Завахири.

Қазіргі таңда Ресей армиясының Сирия жеріндегі әскери операцияларына қарсы күш біріктіруді қолдап отырған террористік ұйымдар да жоқ емес.

 

Ислам мемлекеті

Бұл - Ирак пен Сирияның көп бөлігін бақылауда ұстап отырған ультра-радикалды террористік ұйым. Сириядағы содырларды Ресей армиясы әуеден бомбалай бастаған соң, АҚШ пен Ресейге қарсы соғыс ашқан. Сарапшылардың пікірінше, Әл-Каида мен ИМ-нің бірігуі – Таяу Шығыстағы тұрақтылықты қалыпқа келтіру операцияларына айтарлықтай кедергі келтіреді.

2014 жылы ИМ сапындағылардың саны 12 мыңнан асқан. Ал 2014 жылдың 11-қыркүйегіндегі деректерге сүйенсек, ИМ содырларының саны – 31,5 мыңнан асып жығылған. Ал РФ ФСБ басшысының айтуынша, 2014 жылдың аяғында содырлар жасағының саны 50 мыңға жеткен. Ал Ирак Күрдістаны жетекшісінің мәліметтерінде – 2014 жылдың қарашасында ИМ жасағы 200 мыңнан асып жығылған. Ал Халықаралық сарапшылар пікіріне сүйенсек, ұйымның жылдық бюджеті 7 миллиард долларды құрап отыр.

№ 1" террорист - Айман әл-Завахири

Ескере кететін тағы бір жайт, әл-Завахири Усама бен Ладен мен Ануар әл-Авлакидің қазасынан кейін АҚШ қара тізіміндегі нөмірі бірінші террорист ретінде тіркелген. АҚШ арнайы құрықтау қызметі мен ФБР Завахириді ұстап берген адамға 25 миллион доллар сыйақы тағайындаған. Завахири АҚШ, Израил және Ливия территорияларында террорлық әрекеттер жасап, АҚШ пен Ресейге қарсы ашық соғыс ашқан.

 

 

Ислам Армиясы Ресейге қарсы

Айтпақшы, РФ әуе әскери  күштері Асад армиясымен бірігіп, содырларға қарсы соққы жасаған алғашқы аптада «Ислам армиясы» ұйымы Ресейге қарсы соғыс ашуға үндеу жариялаған.  Ресей бомбалаған Хомса тұрғыны Ахмад әбу Мухаммед өзінің Фейсбук желісіндегі парақшасында «Ресей – Асад бандасының жақтасы, Ресей Сирия халқының жауы» деген жазба жариялаған болатын.

Сол кезде    сириялық жиһадшылар ұйымының жетекшісі, Ан-нусра ұйымының көсемі Абдулла әл-Мухайсини «Мәскеу үшін – Сирия екінші Ауғанстан болады» деп мәлімдеме жасаған.  

 Пентагон нені ескертті?

Осының алдында Пентагонның басшысы Эштон Картер «Ресей өзінің агрессиялық әрекеттері үшін үлкен соққа алады» деп ескерту жасаған болатын. Оның пікірінше, Ресейге қазір қауіп террористік ұйымдардың күш біріктіруінен келуі мүмкін. Себебі, ИМ және өзге де экстермистік ұйымдар Ресей басқыншылығына қарсы қол қусырып жатпайтыны түсінікті.

Америкалық шенеуніктер мен сарапшылардың пікірінше, Мәскеудің экстримистерге қарсы әрекеттері сол экстримистердің күшейуіне ықпал етеді.

 

Түйін: АҚШ пен Батыстық дерек көздері бойынша, дүниежүзіндегі нөмірі бірінші террорист – Завахиридің экстримистік ұйымдарды Ресейге қарсы күш біріктіруге шақыруы – АҚШ сарапшысы Картер айтқандай, террористік ұйымдардың өршуіне әсер етпей ме? Осыған дейін де КСРО қарулы күштері  Ауғаныстан территориясында әскери операциялар жүргізгенін білеміз. Нәтижесі де тайға таңба басқандай анық. Араға бірнеше жылдар салып, дәл осы оперцияның Сирия территориясында қайталануы ненің нышаны? Онсыз да бұқаралық ақпарат құралдарында «ұжымдық қорғаныс келісімдері туралы» әңгіме қозғала бастаған. ЕАЭО және КО аясында одақтасымыз Ресей Таяу Шығыс елдерінде ауқымды әскери операциялар немесе «үшінші дүниежүзілік соғыс» жүргізетін болса, Қазақстанның позициясы қандай болмақ? Владимир Путин басқаруындағы қазіргі Ресейдің әл-Каидаға қарсы қауқары қандай? Бұл өз алдына бөлек мәселе болмақ. 

 

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір