Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Деп жатыр 5798 0 пікір 4 Қараша, 2015 сағат 11:16

ӘЙЕЛІ БИ БОЛҒАННЫҢ НЕСІ АЙЫП, МЫРЗАН МЫРЗА?!

Мырзан КЕНЖЕБАЙ мырзаның күйінішпен жазган мақаласын оқып, таң тамаша қалдым (Қараңыз: http://abai.kz/post/view?id=5310). Ағамыз әйелдер билікті алып қоятын болды деп шырылдағанын, не әйелдер бұзылып, шешініп жатыр деп байбалам салғанын ұғу қиын болды. Түсінгенім, әлі де сол әйелдерді жаппай айыптау ағымынан шыға алмай отырған секілді. Осы көңіл күйдегі басқаларға мәселені тереңірек қарап, басқаша пікірге ауысуына ықпал етермін деген оймен мына мақаланы жаздым. Әрине әркімнің өз ойы бар. Олардың рухани меншігіне қол сұғудан аулақпын.

автор

Әлемде мықты басшы атанған әйелдер аз емес. Әркімнің ойшыл басында «осы әйелдер отбасында да бастық па екен?» деген ой жылтың ете қалатыны сөзсіз. Осы сұраққа жауап іздеп, талдау жасағанда оңай шаруаға жолықпағанымыз белгілі болды. Оқырманды ғылыми дәйектемелермен қинамай, қарапайым тілмен жеткізуге тырысып көрелік.

Ең алдымен жұмыс пен отбасы мәселелерін жіктеп қарайық. Жұмыс – қандай да бір құндылықтарды жасауға немесе өзге адамдардың тұтынушылығын қанағаттандыруға бағытталған адамның қызметі. Отбасы – социалды институт, қоғамның негізгі ұяшығы. Отбасы қоғамның аса мыңызды құндылығына жатады, ғылыми зерттеулер дәл осы отбасының ғасырлар бойы ірі әлеуметтік жүйелердің өзгерулеріне жетелеп алып келгенін дәлелдеуде. Әрине екі ұғымды екі ауыз сөзбен анықтама беріп, қысқа қайыруға келмес, дегенмен интернетте Википедияда анағұрлым кеңірек жазылған.

Жұмыста басшы болу – жұмысты дұрыс ұйымдастыру, қолынан іс келетіндерді тиімді жұмсап, мүмкіндігінше жоғары нәтижелерге қол жеткізуді талап етеді. Отбасында басшы болу – қамқорындағы отбасы мүшелерінің қажеттілігін қамтамасыз ету, сонымен қатар моральдық тұрғыдан демеу көрсету, мұның ішіне тәрбие де кіреді.

Халық даналығы «қай табалдырықтан шықсаң, сол табалдырықта өмір мәселелері қалып қою керек» дейді, яғни жұмыстың мәселесі жұмыста, отбасы мәселесі үйде қалып қойғаны дұрыс. Оны көшеге шығарып одан әрі жалғастыру сауатсыздықтың белгісі деседі.

Көптеген басшылық қызметтегі әйелдерден «үйіңізде кім басшы?» деген сұраққа «үйде күйеуім басшы» деген жауап алдық. Шындығына көз жеткізуге осы әлеуметтік ақиқатты ақтарып көрдік. Психолог мамандардың айтуына қарағанда ер адам үшін «отбасы басшысы» деген аттан айрылып қалу өте ауыр соққы. Екінші жағынан қоғамдағы қалыптасқан көзқарас отбасындағы соңғы шешімді ер адамның аузынан естуді дұрыс көреді. Үлгілі отбасылардың ішкі құпиясын зерттей келе, ғалымдар әр отбасының ерекше болатынына көз жеткізді. Десе де үлгілі отбасының моделін ел назарына ұсынады: Қамқоршы әрі қорған болушы күйеуі. Мейірімді, әр нәрсені назардан тыс қалдырмайтын әйелі, ата-анасының ақылын тыңдайтын тәртіпті балалары. Бәрі бірге бір біріне адал, сенімді, өмірлік серіктер.

Аталған үлгілі отбасының моделі әлемнің барлық елдерінде дерлік бар. Дәл осы қалыптан шығып кете ме, әлде қатаң сақтайды ма ол адамдардың өз құзырында. Осы орайда дүниетанымдық ағымдар, дін, мемлекеттік жүйе, саясат сияқты күрделі ұғымдар келіп араласады. Ғасырлар қойнауында талай тарих жатыр. Заман жыл өткен сайын түрленеді. Отбасындағы қажеттіліктер: тамақтану, той-томалақ жасау, көлік, киім үлгісі, тағы тағысын толып жатқан қызметтер мен тауарларға деген сұраныс бізге жаңа өзгерістерімен қоса келуде. Жұмысқа ыңғайлы деп жинақы киімге ауысу, құқық мәселері бойынша құжат көтеру, түйінін табу үшін ақпарат іздеу, жылдам жету үшін көлік алу, істі оңынан шешу үшін оны дұрыс басқару секілді шешімдер шығарылады. Нәтижесінде тек ер адам емес, әйел адам да шалбар киеді, құқық мәселесін қозғайды, машине жүргізеді, басшы да болады. Бұл әдейі ойлап табылған амал емес, өмірдің ағымы жетелеп келген жол. Оған бола, кейбір еркектер басын жерге ұрып байбалам салуға асықпасын. Шынтуайтына келгенде жұмыста басшы болу – ол да кәдімгі қиын және жауапкершілігі ауыр міндет. Шеберлігі мен білімі жетіп тұрса, жұмысты жақсарту үшін, ер не әйел деп бөлмей-ақ басшылық міндетті беруге болады. Ал отбасында ердің басшы болуы олардың үлгілі моделден ауытқымағанын білдіреді. Бұл орайда мұны өзгертудің қажеті де жоқ шығар. Ердің басы әйелден биіктеу болып тұрғаны әдемі емес пе?.

Гүлжан Ізтай, журналист, жазушы

Abai.kz


0 пікір