Жұма, 19 Сәуір 2024
Алашорда 10762 0 пікір 4 Қараша, 2015 сағат 18:18

АТАМАН ДУТОВТЫҢ КӨЗІН ЖОЙҒАН КІМДЕР?

Жаркент жерінде (ол кезде Жаркент уезі болатын) ұйымдастырылған Сүйдін операциясы туралы, яғни атаман Дутовтың көзін жою жөнінде аз жазылған жоқ. Алайда, сол Сүйдін операциясына қатысқан кімдер екенін там-тұмдап баспасөз беттеріне шыққан мақалалардан, әдеби шығармалардан ғана білеміз.

Оқиға әр жерде әр түрлі жазылғандықтан, қатысқан адамдардың аты-жөндері де әртүрлі. 1919 жылы атаман Дутов пен атаман Анненковтың полковнигі Сидоровтың отряды Қалжатты басып алып, Қорғас пен Басқұншыға шабуыл жасайды. Оның ішінде Бұрхан ауылында (Лесновка ауылының жоғарғы жағында) түгелдей бала-шаға мен әйелдерді өртеп жібереді. Бандылар Саниндер, Богдановтар, Архиповтар, Устинавковалар отбасыларын қоса есептегенде 86 адамды айуандықпен өлтірген. Бұл кезде қазақ отбасылары қыстақтарда қашып тұрып жатқан болатын. Жаркент пен Пенжім арасында Сидоровтың ақ бандылары мен Мағазы Масаншы басқарған қызыл әскерлер полкінің қиян-кескі ұрысы болды. Бұған Жаркент гарнизонының әскерлері де қатысады. Сөйтіп, ақгвардияшыларды қызыл әскерлер Қорғасқа дейін қуып тастайды. Атаман Анненковтың қатыгез полковнигі Сидоровты Жаркент гарнизонының қызыл әскері – осы өлкенің тумасы Қасымхан Мырзамұхаметов атып өлтіреді. Міне, осы Қасымхан батыр (батыр демеске болмас) жайлы не білеміз? Ештеңе де! Қасымхан Мырзамұхаметов атында көше болса, онда мүмкін білер ме едік?

Ал дүнген атты әскер полкінің командирі Мағазы Масаншы жайлы терең білмесек те, әйтеуір, революционер екенін жақсы білеміз. Алматыда Масаншы атында үлкен көше бар, Жаркентте де орталықтағы көшелердің бірі сол кісінің есімімен аталады. М.Масаншы Мәскеу қаласында өткен Коминтерннің ІІІ конгресіне қатысып, М.Фрунзенің таныстыруымен В.Лениннің қабылдауында болады. Ленин оған 1000-нан астам әскерге жететін әскери киім бергізген. Сөйтіп, ол дүнген атты әскерін басқарып, талай жаудың көзін жоюға атсалысқан революционер.

Атаман Дутовтың көзін жою туралы операцияны Түркістан ВГП-ның өкілі П.Петерс пен Түркфронтының қызметкері 23 жастағы В.Давыдов басқарып отырды. Жаркент ЧК-сының төрағасы Суворов пен оның орынбасары Крейвис бұл мәселеде ең негізгі рөл атқарды. Осы операцияға алтынмен есептегенде 20000 рубль бөлінген. Сүйдін операциясына Жаркент қаласының милиция бастығы, 1898 жылы туылған Қасымхан Ғаниұлы Чанышев басшылық етуге таңдап алынды. Қасымхан Чанышев бай көпестің отбасынан шыққан. Бұл операцияға дайындық бір жыл бұрын (яғни, оқиға 1921 жылы 8 ақпанда болса), 1920 жылы басталып кеткен. Дерек көздеріне сүйенсек, Қ.Чанышев Сүйдінге бірнеше рет барып, барлау жасаған. Ол Ион әкейдің көмегімен атаман Дутовпен танысады. Сондай-ақ, бір барғанда Дутовтың тілмашы Аблайханов Дутовпен кездесуге мүмкіндік жасап береді. Аблайханов пен Қ.Чанышев бала кезінен таныс болатын. Дутов Қ.Чанышевпен көзбе-көз әңгімелеседі. Қ.Чанышев Жетісу жерінде болып жатқан жағдайлар туралы хабар жеткізіп отыруға уәде етеді. Дутов Қ.Чанышевқа Жетісу өлкесіне тарату үшін үнпарақ­шаларын береді. Алайда, Құлжа қаласындағы Ресей консулының хатшысы А.Загорский (Воробчук) 1920 жылдың қазан айында Дутовпен кездесіп, Чанышевқа сенуге болмайтынын айтады. Бірақ, атаман Дутов Загорскийдің (Воробчук) сөзіне құлақ аспайды. Бірде атаман Дутов: «Мен Ресей жаққа отрядыммен өтемін» деген кезде Загорский: «Александр Ильич, отрядыңызда бірде-бір қару жоқ, аттарыңыздың жартысы сатылып кетті, қарамағыңызда бар-жоғы 15-20 офицер» дейді. Дутов өзіне қызыл әскерлер көмек беріп, қосылатынын, Жаркент қаласының милиция бастығы Қ.Чанышев қару-жарақпен қамтамасыз ететінін айтады. «Чанышев сенімді адам, қазірдің өзінде 32 винтовка патронымен әкелді, жақын күндері пулеметтен бірнешеу әкелмек. Ол және оның тобы Жаркентті ешқандай соғыссыз алып бермекші», – дейді ол. Атаман Дутов сөйте тұра Қ.Чанышевты тексеріп отырды. Архивтен алынған мына хатында Чанышевқа былай деп жазады:

«Письмо ваше получил. Теперь сообщаю новости. Анненков уехал в Хами. Все находящиеся теперь в Китае мною объединены. Имею связь с Врангелом. (Дела комиссаров Кульджи все хуже и хуже, наверное, скоро уедут. Началось восстание в Зайсане). Наши дела идут отлично. Ожидаю на днях получения денег, они уже высланы. Связь держите с Чимпандзе, там есть полковник Янчис, он предупрежден, что к нему будут приезжать люди, от кого-он не должен спрашивать, да ему и не сообщается о вас. Про вас знаю только я один. Продовольствие нужно: на первое время хлеб по расчету на 1000 человек, на три дня должен быть заготовлен в Боргузах или Джаркенте, и нужен клевер и овес, мясо тоже…».

Атаман Дутовтың бұл хатынан үзінді келтіріп отырған себебіміз, Сүйдін операциясына 90 жылдан артық уақыт өтсе де, орыс халқы атаманының бүкіл істеген ісіне бей-жай қарамайтыны көрініп тұр. Бей-жай қарауыңыз не, тіпті, жыл сайын арнайы тапсырыспен зерттеу кітаптар шығаруда. Соның айғағы, биылғы жылы ақпан айында Ресей баспасынан Алматы қаласының тұрғыны Гольцев Владимир Алексеевичтің атаман Дутов туралы Ресейдің арнайы тапсырмасымен «Тернистый путь атамана Дутова» атты кітабы шықты. Автор 2014 жылғы ақпан айында кітап шыққаннан кейін 1 аптадан соң 85 жасында дүниеден өткен. Бұл кітапқа дейін Голиков Давид Львовичтің «Правда о врагах народа», Андрей Владиславович Ганиннің «Атаман А.И.Дутов. Ликвидация», Николай Миловановтың «Незримый фронт» атты көркем шығарма, зерттеу кітаптары шыққан. Ал Ресейден атаман Дутов туралы қанша кітаптар шығып жатыр десеңізші?!

Ал біздер кітап жазу түгілі тарихта таңба басқандай аттары қалған чекистерімізге көше аттарын (ауылдарды айтпай-ақ қояйық) беруді әлі күнге дейін қор санап жүрміз. Жерлес жазушымыз Б.Нұржекеұлының тарихи мәліметтерге толы «Жау жағадан алғанда» атты кітабында атаман Дутовтың көзін жоюға қатысқан чекистеріміз туралы мұрағаттан алынған нақты дерек көздерін пайдаланғанын көреміз. Жазушы ағамыз осы кітапты жазу үшін 2 ай Жаркент мұрағатында отырғанын өз аузынан естіген едік. Айта кететін бір жай, осы кітапта Сүйдін операциясына қатысқан Қасымхан Чанышев, Махмұт Қожамияров, Юсуп Қадыров, ағайынды Мұқай, Көдек Байсымақовтар, Ә.Ушурбакиев – барлығы алты адамның аты аталады. Ал Н.Миловановтың «Незримый фронт» атты кітабында Суворов Қ.Чанышевқа атаман Дутовты тірідей әкелуге тапсырма береді. Алайда, хатты кім Дутовқа беру керектігі талқыланған кезде Қ.Чанышев М.Қожамияровты атайды, «Біріншіден, – дейді ол, – оны күзетшілер жақсы таниды, екіншіден, атаман Дутов біздің басқа қызметшілерімізді бұрыннан біледі, сондықтан сезіктеніп қалуы мүмкін», – дейді. Сөйтіп Суворов М.Қожамияров, Ә.Ушурбакиев, Мұқай, Көдек (кітапта Кудук деп жазылған) Байсымақовтарды, Юсуп Қадыровты, Солтанай Маралбаевты (Султан Моролбаев деп жазылған кітапта) тауып, шұғыл жолға жиналуға тапсырма береді.

Атаман Дутовтың көзін жоюға арналған операция сәтті аяқталып, шекарадан үшеуі аман-есен өтеді. Үшеуі (Ә.Ушурбакиев, К.Чанышев, Ю.Қадыров ) бір шопанның үйінде 3 күн тығылып жатады. Ел ішінде атаман Дутовтың қайтыс болғаны, яғни атып өлтірілгені туралы хабар тарайды. Ол 1921 жылы 7 ақпан таңға жуық қайтыс болады. Мәйіті казарма ішіндегі аулаға жерленеді. Құлжадағылар Дутовтың өлгеніне көзі жетіп, үш күннен соң барып шекарадан өтіп, елге оралады.

Кейбір деректер бойынша Дутовтың мүрдесін түнде ашып, басын кесіп, бұйрықты орындағандарын дәлелдеу үшін алып кеткен деген сөз де бар. Алайда, бүкіл әскер тұрған казармадан мәйіттің басын кесіп әкету, біздіңше, аңыз әңгіме.

Ал Қасымхан Чанышев тек 1924 жылы Қызыл Ту орденімен, шынжырлы алтын сағатпен, (№214365) наганмен марапатталады. А.Ганиннің кітабында Жаркент қаласында Қ.Чанышевтың атында көше бар деп жазылады. Автор М.Қожамияровқа берілген көшемен шатастырған болуы керек.

М.Қожамияровты алтын сағат, жазулы маузермен марапаттайды. Бұл операцияны ұйымдастырған В.Давыдовқа Қызыл Ту ордені және алтын сағат беріледі.

Алайда, Сүйдін операциясына қатысқандардың ішінде Қ.Чанышев 1932 жылы Ош қаласында қамауға алынып, соңынан қашуға әрекет еткен кезде қайтыс болды делінеді. Ал 1921 жылы, 1925 жылы, 1928 жылы М.Қожамияровтың өміріне қауіп төндіреді, бірақ, бұл әрекеттері жүзеге аспайды. М.Қожамияров 1937 жылы Үлкен Ақсу ауылында МТС-ты басқаратын. Оның әйелі мен тоғыз жасар қызын айуандықпен балталап өлтіреді. Ал өзі 9 қараша 1937 жылы қамауға алынып, 1938 жылы 20 қазанда Англия тыңшысы деген жаламен атылады. 1924 жылы туылған ұлы Тугулук Ұлы Отан соғысында қайтыс болады. Ал Ә.Ушурбакиев Алматы қаласында Жоғарғы ауылшаруашылық коммунистік мектебінде оқып жүрген жерінен 1938 жылы 21 қаңтар қамалға алынып, осы жылы 19 қыркүйекте жапон тыңшысы деген жаламен атылады. Ал Мұқай Байсымақов Қытай жерінде Кеңес тыңшысы деген желеумен 1945 жылы атылады. Оның Қашқынбек Байсымақов деген ұлы да қайтыс болған. Одан Мұқаев Нұрәлі, Мұқаев Тұрғанбек атты ұрпақтары Алмалы ауылында тұрып жатыр. Солтанай Маралбаев 1936 жылы 84 жасында (1852 жылы туған, сонда 1921 жылы 69 жаста болады) ауырып қайтыс болған. Осы Сүйдін операциясының бел ортасында болған Жаркент қалалық милициясында кіші милиционер болып қызмет атқарған Юсуп Қадыров 1974 жылы 84 жасында қайтыс болды. Ол 1890 жылы Панфилов ауданы, Қонақай ауылында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Хат танымайды, алайда, аттың құлағында ойнаған, құралайды көзге атқан мерген болса керек.

«Мені 1966 жылы аяқ астынан аудандық партия комитетіне шақырды. Негізі, әкемді шақырған болу керек, әкем инсульт болып (паралич) төсек тартып жатыр еді. Мен аудандық партия комитетіне барсам, бір орыс кісі отыр екен, маған бірнеше сұрақ қойды, мен білгенімше жауап бердім. Сол жылы «Казахстанская правда» газетіне атаман Дутовты өлтіргендер туралы мақала шықты. Ішінде менің әкем де бар. Мен осы мақаладан кейін әкеме: «Бұл оқиға жайлы неге бізге айтпадыңыз?» деп едім, оған әкем бәлендей жауап бере қоймады, мен де онша мән бермеген болуым керек, қазбалап қайта сұрамадым. Кейін бірде осы оқиға жайлы былай деген еді:

«Иә, оқиға мақалада айтылғандай болды. Мен сыртта бір жігітпен ат ұстап тұрдым, Қасымхан Дутовты атып шыққаннан кейін, ол сасқалақтап атқа міне алмады. Біз оны атқа өңгеріп алып кеттік» деген еді. Әкем Қоңырөлең кеңшарында қой фермасының меңгерушісі болып жұмыс істеді. 1944 жылы Айдарлы ауылы «Гвардия» кеңшары болып бөлінген болатын, әкем осы кеңшарға ферма меңгерушісі болып келді. Одан кейін кеңшардың жылқысын, сиырын бақты. Әкемнен үш ұл қалғанбыз. Қадыров Рахметолда 1933 жылы туған, 1989 жылы қайтыс болды. Қадыров Қасымжан 1942 жылы туылып, 1986 жылы дүниеден өтті. Осы тақырыпты зерттеп жүрген В.Гольцевтен естуімше, Қ.Чанышевқа алтын сағат, қалған операцияға қатысқандарға күміс сағат беріліпті», – дейді Юсуп Қадыровтың баласы – зейнеткер, ауданның құрметті азаматы Ақжол Юсупов. Ал біз жоғарыда келтірген деректерде Қ.Чанышев пен М.Қожамияровқа алтын сағат сыйға беріледі. Қалай десек те Сүйдін операциясына қатысқандардың ешқайсысы марапатсыз қалмады. Бірақ, оларға қастандық жасалып, ақыры көздерін жойып отырған. Тек Юсуп Қадыров қана 84 жасқа келіп, ауырып қайтыс болады. Сонда оған Кеңес үкіметі «үндемей» келді ме? Жоқ, ол кісі де НКВД бақылауында болды ма? Болса басқалар сияқты оның көзін неге жоймады? Қалай болғанда да, Юсуп Қадыров барлығын құпия ұстағаны белгілі, өйткені «ұрпағыма кесірі тимесін» деген шығар. Ресей баспаларында ағайынды Байсымақовтардың (Көдек және Мұқай), Юсуп Қадыровтың атаман Дутовқа жасалған қастандықтан кейін тағдырлары беймәлім деп жазылады. Алайда, бұл зерттеулер дұрыс еместігін жоғарыдағы фактілер анықтай түспек.

Иә, еліміз егемендік алып, етек-жеңімізді жиғалы да жиырма жылдан асыпты. Алайда, жоғымызды түгендеп, барымызды бағалай алдық па? Әйтпесе, неге осындай батырларымыздың аты аталмай келеді? Жаркент қаласында немесе туған ауылына аты, өмірі беймәлім, еңбегі елеусіз адамдарға көше аттарын бергенше, осындай батырла­рымыздың есімін берсек қандай жарасар еді?! Өйткені, олар туған жері үшін, елі үшін ұлтына, жасына қарамастан бастарын бәйгеге тікті емес пе?! Біз оларды ұмытуға тиіс емеспіз.

Роза ЫСТАЙ, Жаркент қаласы.

Б.Нұржекеұлының тарихи мәліметтерге толы «Жау жағадан алғанда» атты кітабында атаман Дутовтың көзін жоюға қатысқан чекистеріміз туралы мұрағаттан алынған нақты дерек көздерін пайдаланғанын көреміз. Жазушы ағамыз осы кітапты жазу үшін 2 ай Жаркент мұрағатында отырғанын өз аузынан естіген едік. 

Түп-нұсқадағы тақырып: Атаман Дутовтың көзін жойған Сүйдін операциясына қатысқан кімдер?

almaty-akshamy.kz

0 пікір