Жұма, 29 Наурыз 2024
Әдебиет 7131 0 пікір 8 Қараша, 2015 сағат 21:35

МАРАТ ҚАБДЕШҰЛЫ. НОҚАТ

Мына сөздерді оқып отырып, менің есіме сен түстің: "Я никогда не думала, что ты мне настолько понравишься. И я никогда не думала, что буду так часто о тебе думать..."

Дина Оспанова.

Күнде сенің жаныңда жүргеніммен,
күнде бірге өзіңмен күлгеніммен,
күлкісі мол көңілді күндеріммен,
жүрегімде тұтанған "бірдеңенің",
бар екенін ол кезде білмедім мен.

 

Күнде сенің жаныңда жүргеніммен,
күнделікті сәулеңнен нұрлы едім мен.
Сол сәуленің жылуын аларымды,
сол сәулесіз сонан соң қаларымды,
соңғы кезге дейін рас, білмедім мен.

 

Күнде сенің жаныңда жүргеніммен,
күнде бірге өзіңмен күлгеніммен,
таңды бірге атырған түндерімнен,
бір-ақ сәтте айырылып қаларымды,
соңғы кезге дейін рас, білмедім мен.

 

Күнде сенің жаныңда жүргеніммен,
күнде бірге өзіңмен күлгеніммен,
күндерімнің бір сәтте
түн боларын -
түндеріме ұйқысыз мұң қонарын -
соңғы кезге дейін рас, білмедім мен.

 

Күнде сенің жаныңда жүргеніммен,
күнделікті сәулеңнен нұрлы едім мен.
Күн нұрына шомылған күндерімнен,
бір-ақ сәтте айырылып қаларымды,
соңғы кезге дейін рас, білмедім мен.

 

Көп нәрсені жаным рас,
білмедім мен -
білуге де ұмтылып жүрмедім мен.
"Сабақты ине - сәтімен" дедің-дағы,
көз жасыңды көзіңе бұлап тұрып,
етегіңе еңіреп жылап тұрып,
"мен күйеуге шығам" деп айтқан кезде -
бәрін сонда түсінген "жынды едім" мен..!

Ал не пайда - бәрін кеш білгенімнен..?

 

КЕШЕ

Махаббат байғұс ерте өлді,
тыныс алудың өзі мұң.
Жүрегім менің өртенді,
күл болып кетті сезімім.

 

Бақытсыз күндер басталса,
бақытты түндер не демек?
Махаббатсыз дүние бос болса,
мәңгілік өмір не керек?

 

Минуттық ләззат наласы,
мойынға мұң боп ілінер.
Бақыттың сонда бағасы,
бақытсыздықтан білінер.

 

Желің болмаса үрлейтін,
желкенің құлау - ерте өлу.
Дүние - кезек: күн мен түн:
сүю мен күю - өртену.

 

Қалсам да "адал алданып",
қасіретім менің "арайлы..."
Тәңірімнің өзі таң қалып,
тылсымнан маған қарайды.

Көзіңді салмайсың көнеге,
білесің - бәріне көнемін:
жүгіріп шығатын төбеге,
еңбектеп шығып келемін.

Биікке қоясың өзіңді,
жүрегім сүйді - не десін?
граммдап жиған сезімді,
тонналап төгіп келесің.

Махаббат байғұс ерте өлді,
өртенді бәрі - өртенді:
қуыс кеуде боп күлгенше,
қуыстанып өмір сүргенше,
мазаны да басып мендегі,
дұрыс та шығар-ау, өлгені..?!

 ҚАЗАҚ ҚЫЗЫНА

Сені көрдім -
сап басылды тоңғаным,
саған қарай тарта берді жолдарым.
Ғашық болмау мүмкін емес,
өйткені -
сенің кінәң - қазақ қызы болғаның.

 

Кап-қара көз -
төңірегі теңіз-көк,
теңіз-көктен тұңғиық сыр сезілмек.
Жаңа таптым -
жылдар бойы жүрген-ем,
махаббаттың картасынан сені іздеп.

 

Таптым. Баттым.
Қайта шықтым ұмтылып,
Жақтың. Аттың - күліп тұрып күрсініп.
Бақытымның бұл да секунд сәті ме,
батып шығу - тұңғиыққа тұншығып.

 

Қап-қара шаш -
төмен қарай төгілген,
қарай-қарай өрт сезілді өңімнен.
Бақытыңның бұл да секунд сәті ме,
болашаққа бұрым болып өрілген.

 

Сені көрдім -
сап басылды тоңғаным,
сап басылды,
сездім - тағы "сорладым..."
Саған ғашық болмау күнә, өйткені -
сенің кінәң - қазақ қызы болғаның..!

 

ТАҢҒЫ ТЕРЕЗЕ

Көтеріліп-басылды сенің кеудең,
күйіп-жанып барады менің кеудем.
Сен қашпайсың ып-ыстық тегін демнен,
мен қашпаймын минуттық жеңілдеуден.

 

Бәрі-бәрі басталды енді ғана,
мен дуана мұндайда,
сен дуана.
Кіндігіңнің тұсында қарауытқан,
сүйе бердім мең-зең боп меңді ғана.

 

Бір жымиып,
сонан соң мың мұңданып,
жалған жайлы жатты ғой жыр жырланып.
Жанталасқан біздерге
терезеден,
күн сығалап қарайды қылмың қағып.

 

Сезім мықты,
сезіммен сендел бала,
самал - демал, желпінсін желмен дала.
Өткінші өмір өкінсін -
осы қазір,
жер бетінде ешкім жоқ: сен-мен ғана.

 

Сенде-менде керемет көркем көңіл,
көркем көңіл -
дәл қазір өртең көңіл.
Мағжан айтқан минуттық ләззат үшін,
құрып кетсін қызықсыз ертеңгі өмір..!

 

Сен білмейсің -
жұбандың өзің неден,
мен білмеймін - қуандым өзім неден?!
Сен шыңғырып жыладың сезімменен,
мен мың кіріп,
құладым өзіңменен.

 

Сосын... сосын елегізіп
тосын үнге,
"тәуба, - дедік күбірлеп, - осы күнге..."
"Біз біткен соң..." -
тағдыр да тербетіліп,
ұйықтап жатты бақыттың бесігінде.

 

 ҰЙҚЫДАҒЫ АРУ

Көрмеген шығармын – үңілем,
көрген де шығармын мұны мен.
Есікті қақпай – еппенен,
бөлмеңе кенет кіріп-ем:

 

Томпақ кеудең жатыр – асығып,
көтеріліп - қайта басылып.
Көрпеңнің шеті қалыпты,
қырық миллиметрдей ашылып.

 

Білерім сосын, білерім –
дүрсілдей соқты жүрегім.
Сезімге сүйеу боп тұрған,
тайғанап кетті тірегім.

 

Тағдырдың сынақ - тезі ме?
Күн құйылып кетті көзіме.
Жаутаңдай қарап есікке,
ұрлана қарасам өзіңе:

 

еркелей қалған ерінің,
қалыпты әнтек бүріліп.
Сергелдеңге түскен сезімім,
кете алмай қалды бұрылып.

 

Олай да қараймын біресе,
былай да қараймын біресе.
Құдай-ау, Винчи «Мадоннасынан» -
мына қыз сұлу мың есе..!

 

Томпақ кеудең жатыр – асығып,
көтеріліп – қайта басылып.
Көрпеңнің шеті қалыпты,
қырық миллиметрдей ашылып.

 

Жүрмеген екем тегін мен,
кірмеген екем тегін мен.
Бағынбай маған – «бірдеңе»,
бүлкілдей соқты белімнен.

 

Айтайын ашық - сеніммен:
әлемнің бүкіл аруын,
қазақтың мынау қызына –
айырбастамайтын едім мен..!

ШАТТЫҚ ШАЙҚАСЫ

Алқын да жұлқын "айқастың",
алапатымен "шайқастым..."
"Шайқап та шайқап" болғасын,
шаттыққа көңілім толғасын:

"Болдың ба?" десем - төндіріп,
"алдадым..." дейсің сен күліп.
"Тоңдың ба?" десем тағы да,
"Жаурадым...." дейсің сендіріп.

 

Беу, махаббат-ай, махаббат,
мазалай бердің сен мені,
сөзіңе сол сәт сенгім кеп,
"Жаурасаң -
тағы жеймін..." деп,
демімді басып - демдегі,
көтерем бірден кеудені.

 

Керемет сәттер -
керемет,
сезімнің суын себелеп,
"Аңырақайдың айқасы",
алқын да жұлқын шайқасы,
басталады қайта -
не керек!

 

Құнықтырып осылай -
құнықтырып,
сөзі жоқ сөзбен сыр ұқтырып,
Шаттық шыңына жеткесін,
жылайсың -
мәз боп күліп тұрып.

 

Жынданып қалам - жыласаң,
нұрланып қалам -
күлгенде.
Керіліп барып "құласаң",
батыр боп кетем бір демде.

 

Бақытқа үнсіз батасың,
сезімнің сарқып сырын-ап.
Ентігіп сосын жатасың,
екі көзіңді жұмып-ап.

 

Мен байғұс -
еріксіз еңбектеп,
түннің түрілгенін көрмек боп -
балконға шығып кетемін,
батырлық менің не теңім..!

 

Балконда... ой-хой,
балконда,
тамылжып таң да атады:
сүмірейіп қалған "батырды",
құтқаруға келе жатады.

 

Па шіркін..!
Ақ таң - аң таңым,
басымды құтқарған бақ таңым.
"Шаттық шайқасы" біткесін,
шынымен мен де қалаймын,
таңның да тезірек атқанын.

 

Ей-й, махаббат-ай, махаббат,
мазасыз шаттық - шырқау шың.
көңілдің көзсіз құрты-ау, шын..!
Бәрі де бәрі біткен соң,
мөлиіп қалған мылқаусың,

 

Осының бәрі -
білмеймін,
күші еді ненің - күші еді?
Көзсіз де сөзсіз махаббат,
көрінбей өзі-ақ аспаннан,
ақырын ғана түседі.

 

Өзгертсе де махаббат
түсін мың,
осыны бүгін түсіндім..!

 

ҚЫЗЫЛ КӨЙЛЕК

Қызыл көйлек -
киіп апсың қып-қызыл ұзын көйлек.
Тобығыңа төгілген қызыл көйлек,
"сыйлап жатыр" басыма бүгін "бейнет..."

 

Текке менің -
мазамды алдың - мен тағы өкпеледім,
шертпе күйін шерімнің шерткен едім...
Қайдағыны қопарып, еске салып -
жалт еттің ғой,
жоқ болып кеткен едің?!

 

Қызыл көйлек -
сыйладың сен тағы да бүгін "бейнет..."
Білем-білем,
мен бүгін анық білем,
күңіреніп шығасың - күлімдей кеп..!

 

Оралмаймын -
өмір бойы өкініш болар қайғым.
Келе жатыр еді ғой
сөне түскім,
қып-қызыл боп көзіме неге түстің?
Қиқы-жиқы көңілмен енді саған,
қызыл көрген қырандай
бола алмаймын.

 

Қызыл көйлек -
менің енді бүгінгі күнім "бейнет..."
Жырым-жырым жүректі "жыртып" едің,
бүгін тағы аяма - тілімдей кет.

 

Мәз емес те ой -
жұбаныштың ендігі жазы елес қой.
Түні бойы тағы да бұлқынармын,
бұлқынармын - бұралып бір тынармын,
қызыл көйлек көзіме тағы елестей.

 

Тағы елесте сен бүгін,
тағы елесте -
атпай жүрген тағы бір таң емес пе?
Күн емес қой, күнім бұл
менің де осы -
қызыл көйлек, өтінем, көрінбеші,
мені күткен... Құдайдың көк көйлегі,
білем-сезем
бір жерде бар емес пе?!

 

Қызыл көйлек, Құдай-ау, тағы елес пе?

 

 

 

ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ

Сұлулар-ай, сұлулар,
сызылып тұр,
сызылып тұр - жүзімдей үзіліп тұр.
Әдемілік әлемді құтқарады,
аң-таң болып қарадым
қызығып құр.

 

Ала алмадым, ойпырмай,
азанғы асты,
осы болар бүгінгі жаза алғашқы.
Қайдағы мен жайдағы еске түсіп,
"он сегізге" оралып -
мазам қашты.

 

Сұлулар-ай, сұлулар, сөз сүйсінген,
сөз біткесін тамсанып
көз сүйсінген.
Жаңа ғана "вахтадан" келген еді,
жұлып алып шықтыңдар көршімді үйден.

 

Жүрегімнің дәптерін жылы жайып,
жыр жазбасам -
тартармын бүгін айып.
Сұлуларға сүйсініп таң келеді,
түн түріліп барады тымырайып,

 

Сұлулар-ай, сұлулар,
сызылып тұр,
сызылып тұр - жүзімдей үзіліп тұр.
Темекісін тартпақ боп тысқа шыққан,
орыс кемпір ойланды сүзіліп бір.

 

Ол да есіне бірдеңе алды ма екен?
Он сегізге ол да оймен
барды ма екен?
Қайдағы мен жайдағы еске түсіп,
ол да өзінше жасарып қалды ма екен?

 

Түн көрпесін ертерек түріп қатты,
таң да бүгін жымиып,
күліп қапты.
Бағдаршамның жасылын байқамаған,
меңірейіп "мерседес"
тұрып қапты.

 

Сұлулар-ай, сұлулар, таңды оятқан,
таңмен бірге естелік-әнді оятқан.
Тарамыстай тартылып -
баяғыда,
"өліп қалған" кәп-кәрі тәнді оятқан.

 

Келбетін-ай,
жаралған қысқы ақ нұрдан,
ойдан-қырдан,
жиналған қыстақ-қырдан -
оймақ ауыз, күлім көз қазақ қызы-ау,
қара жерді құлатпай
ұстап тұрған.

 

Сұлулар-ай, сұлулар,
таңнан нұрлы -
жүректерді тағы да жандандырды.
Табиғаттан жаралған қазақ қызы,
табиғатты тағы да таң қалдырды.

Қазақ қызы..!

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2272
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3590