Сенбі, 20 Сәуір 2024
Не көріп жүрсіз? 9488 0 пікір 11 Қараша, 2015 сағат 11:27

ҚАЗАҚ «ҮНДІЛЕНІП» БАРАДЫ...

Өзбекстан елі үнді сериалдарын көрсетуге тыйым салды. Жастарға арналған «Ешлар» арнасынан  «Тек сен ғана менің сүйіктім» деп аталатын сериал ұзақ уақыт бойы көрсетіліп, бірінші маусым аяқтала салысымен мемлекет оны одан әрі қарай жалғастырмауға шешім қабылдаған.

Неге? Себебі, фильмнің негізгі идеясы «ұлттық дәстүрге, өзбек халқының салт-санасына қарама қайшы» екенін анықтаған. Өзбектерге кең танылған үнді ғашықтары Ишани мен Ранвердің әндері ұялы телефондарға тоғыз мың рет жүктеліпті. Сериалдың қатты әсер еткені соншалық, қыздар қынамен денелеріне үнді оюларын салып, тойларда фильмнен әндер шырқалып, халықтың санасын улай бастаған. Ең қызығы жаңа туған нәрестелерге жаппай киноның басты кейіпкері «Ишанидің» есімің берілуі ала шапанды ағайынның намысын қоздырып жіберсе керек.

Ия, көрші ағайын ауруды асқындырмай, дер кезінде алдын алды. Қарап отырсақ, бізде де болып жатқан осы жағдай емес пе? «Қазақстан» ұлттық арнасында «Келін» сериалының жалғасып келе жатқанына қанша уақыт болды?! Бір кездері тоқтаған сияқты еді, белгісіз себептермен қайта жалғасты. Басқа арналарымызды да үнді сериалдары жаулап алғаны қашан!

Біздің елде де ютубты ашсаң қазақ бүлдіршіндерінің «Ананди», «Ича», «Мадхубала» болып, соларға еліктеген көріністерін көресің. Тойларда кезіндегі «Беташар» жырларын үндінің «Агайа, агайасы» алмастырды. Жастардың үндіше киім киіп, өрнектерін салғызып, бет ауыздарын үндіше әшекейлегендігін күн сайын көріп жатырмыз. Ең сорақысы «девичниктерді» үнді стилінде өткізу сәнге айналды. Халық алдына шығып жүрген Камшат Жолдыбаева деген әншіміз «Пиа пиа» деп үндінің әуенімен ән салып, «сариге» оранып бейнеклип түсірді. Осындайда «өскелең жастар өз дәстүрімізді ұмытып, «зомбиға» айналып бара жатқан жоқпыз ба?» деген ой келеді. Өзбек елі идеологиядағы өз қателігін түсініп, «үнділеніп» бара жатқан жастарын жат тәрбиеден арашалап алды. Бізді, жастарды кім арашалап алады, ағайлар? 

Назерке Шарападдин

Abai.kz

 

 

 

 

0 пікір