Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Уақ-түйек... 4380 0 пікір 25 Қараша, 2015 сағат 03:00

ОҚО: КӘСІПКЕРЛЕР ФОРУМЫ ӨТТІ

Шымкент қаласында Оңтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен кәсіпкерлердің форумы өтті - деп хабарлайды Абай порталы.

Форумның жұмысына Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Б. Атамқұлов, Шымкент қаласының әкімі Ғ. Әбдірахымов, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Н. Әлтаев, облыстық Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің мүшелері, кәсіпкерлер, жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысты. 
Өңір кәсіпкерлерінің басын қосып, Оңтүстіктегі шағын және орта бизнесті дамытуды талқылаған жиында облыс басшысы кәсіпкерлердің өз туған мекендері үшін еңбек етуін, тұрғылықты жерінің әлеуетін көтеру туралы айтып өтті. Әрі өңірдің дамуы үшін жергілікті әкімшілік пен кәсіпкерлердің тығыз қарым-қатынаста еңбек етіп, күнгейдегі шағын және орта бизнесті дамыту керектігін, шаһарымыздың көркіне көрік қосатын ірі нысандарға бірлесіп қаржылық қолдау көрсету керектігін тілге тиек етті. 
Іс-шарада облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Абубакиров жыл басынан бергі атқарылған жұмыстар, кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша қолданылған шаралар, әкімшілік кедергілерді жою, өңірдегі кәсіпкерліктің дамуы туралы баяндады. Атап айтар болсақ, 2015 жылдың өткен мерзімінде Палатаға 233 кәсіпкерлік субьектілерінен өтініш келіп түссе, олардың 64-і қабылданып, осы көрсеткіштер бойынша өз кәсібін дөңгелеткендерге 217 млн.теңге үнемдеудің сәті түсіпті. Өңірдің 14 ауданында тексеру жұмыстары арқылы 3000 аса кәсіпкердің құқықтарын бұзу фактісі анықталған. 
Осыған байланысты ОҚО кәсіпкерлер палатасы жергілікті атқарушы органға Елбасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына қойған тапсырмасын орындау мақсатында бірге тығыз байланыста жұмыс істеуді ұсынды. Анығында, өңірдегі ірі кәсіпорындар еліміздің үшінші қаласы - Шымкентте орналасқан. Бұл ретте осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Шымкенттің болашақ даму тұжырымдамасын жүзеге асыруға шетелдік инвесторлармен қатар жергілікті кәсіпкерлердің көмегі зор екендігі қуантады. 

Abai.kz

 

0 пікір