Дүйсенбі, 21 Қазан 2019
Жалқы сұрақ 3022 0 пікір 26 Қараша, 2015 сағат 11:13

ЖЕҢІЛДІКПЕН БЕРІЛЕТІН ПӘТЕРДІҢ КІЛТІ КІМДЕРДЕ?


Бүгінгі күннің ең өткір тақырыбы –  баспана мәселесі. Нағыз баспанасыз халық әлі үкіметтен қайыр күтіп жүр ме, жоқ әлде үмітін үзді ме? Шынтуайтында халық әлдеқашан үмітсіз өмір сүріп келеді. Олардың қолы жетуге тиіс баспаналар бақуат жұрттың үлесіне тиіп, ал халық баспананы солардан жалға алып тұруға мәжбүр. 

Халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында Үкіметіміз әртүрлі бағдарламаларды бекітіп, еліміздің екпіндеп өсуіне ықпал етіп бағуда. Осы қарқынмен дамыған елу елдің қатарына қосылу ел болып көзделген ұлы мақсат. Ең бір ауыз толтырып айтарлық Мемлекеттік бағдарламалардың бірі – баспанасыз азаматтарды тұрғын үйлермен қамтамасыз ету.

Осы бағдарлама аясында еліміздің түкпір-түкпірінде пәтер кілтіне қол жеткізген мыңдаған адамдар бар. Дегенмен, осы пәтерлерге шынымен баспанаға мұқтаж адамдар жайғасты ма, ол үлкен басы ашық дау болып тұр. Бағдарламаның ережесі бойынша осы пәтерлерге тек пәтер иелерінің өзі ғана тұруға тиіс.

Өзге қалаларды қойғанның өзінде Үкімет үйінің тұмсығының түбіндегі Астана қаласында пәтерге қол жеткізе салып ақылы түрде жалға беріп қойған деректерге қалай көз жұма қараймыз. Әл-ауқаты әлдеқайда жақсы адамдар шын мәнінде пәтерге зәру тұлғалардың алдын орап, қағазын қаттап, арызын жаттап, ебін тауып екі асаумен су жаңа пәтерлерге ие болуда. Сөйтеді де көп ұзамай дәл сол пәтерге зәру тұлғалардың өзіне удай ақыға жалға беріп қып-қызыл табыс көзіне айналдырады. Неткен қарама-қайшылық дерсіз?! Әлде жағдайды керсінше деп сендіргіңіз келе ме? Ешкімді қолынан ұстап алатындай деректерді таппағаннан емес, баяғы көзжұмбайлықтың кесірінен өз несібемізден өзіміз қағылып жатқанымызды сезбейміз ау. Ендеше, салғырттықты сілкіп тастап, шынайы фактілерге назар аударалық. Мәселен, жуырда ғана қолданысқа берілген Астана қ., Р.Қошқарбаев көшесі 45 және 45/1 үйге, Айнакөл көшесіндегі 56 және 56/1 үйдің пәтеріне түгел тексеру жүргізе қалсаңыз, пәтер жалдап тұрушылармен тілдесе аласыз. Пәтер иелері өздерінің жалға беру әрекеттерін қағазға түсіріп, келісім жасаудан да аяқтарын тартпайды. Сірә, мемлекеттік бақылаушылар осындай фактілердің өзіне көзін жұма береді деп сенсе керек.

Гүлжан Ізтай

Abai.kz

0 пікір