Сенбі, 20 Сәуір 2024
Деп жатыр 6454 0 пікір 26 Қараша, 2015 сағат 17:02

ЭФИРДІҢ 50 ПАЙЫЗЫ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ БОЛУЫ КЕРЕК ЕДІ...

2016 жылдың қаңтарында «Телерадио тарату туралы» Заңға өзгерістер күшіне енеді. Жаңа заң елімізде таратылатын шетелдік телеарналарда жарнама көрсетуге тыйым салады. Бұл өзгерістер осы уақытқа дейін шетелдік арналарға төленетін жарнама ақысының елде қалуына, отандық телевизияны дамытуға жұмсауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, заңға енген өзгерістер елдің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қызмет ететін болады.

Қазір заңға енген өзгерітер мамандар мен қарапайым телекөрермендер арасында қызу талқылануда. Назарларыңызға бірнеше отандық телеарна басшылары мен танымал сарапшылардың пікірлерін ұсынамыз.

«Жарнама қуып келдік...»

Сейітқазы Матаев, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы:

Аталған өзгерістерді қолдаймын, әрине. Кабельді операторлар шығынға ұшырайды деген әңгімелер айтылуда. Екінші мәселе, бұл сала осы уақытқа дейін заңмен реттелмей келді. Соның салдарынан шетелдік арналарды ретрансляция жасайтын операторлар шексіз жарнама қуумен айналысты. Ол жарнамалардың көбі біздің менталитетке сай келмеді.

Енді операторардың наразылығына келсек. Олар шетелдік арналардан жарнаманы қиып алып тастау мүмкіндігі жоқтығын айтулары мүмкін. Естеріңізде болса, эфирдің 50 пайызы мемлекеттік тілде болу керек деген талап қойылғанда да наразылық танытқандар болды. Бірақ, уақыт өте келе барлығы сабасына түсті. Шын мәнінде жарнама да заңмен реттелуі керек. Сондықтан мен бұл бастаманы қолдаймын. Жаңа өзгерістер қазақстандық телеарналарға белгілі-бір деңгейде қолдау жасау болып табылады.

Жарнама енді ғаламтор нарығына кетеді деген де пікірлер айтылып жүр. Мен мұнымен толық келісе қоймаймын. Біріншіден, Қазақстанда халық саны сондай көп емес. Екіншіден, белсенді ғаламтор пайдаланушылар тек Алматы, Астана, Қарағанды сияқты ірі қалаларда ғана шоғырланған. Былтыр біз жүргізген зерттеулер қазақстандықтардың 90 пайызы ақпаратты телеарналардан алатынын көрсетті. Сондықтан, жарнама берушілер жақын арада ТВ эфиріне жарнама беруден бас тарта қоймайды.

«Кабельдік арналарға еш қауіп жоқ»

Қуат Бахридинов, «Жетінші арнаның» Бас директоры:

Кабельдік операторлардың өз бизнестеріне қауіп төндіреді деген шағымдары негізсіз. Біріншіден, кабельді операторлардың негізгі кіріс көзі – абоненттердің төлемі болуы керек. Бағаны қолданушылардың талғам-таңдауы, аймақтардың әлеуметтік, демографиялық ахуалы сынды факторлар қалыптастырады.

Екіншіден, қосымша кіріс көзі ретінде қосымша көрсетілетін қызмет түрлері, яғни, кабельді ТВ-ға қосу, құрылғыларды жалға беру, баптау сынды қызметтер болуы керек. Операторлар жарнамадан түсетін табыс туралы айтқанда, бағдарламалық блоктарға енгізілетін үзінділер мен аймақтарда танымалдылыққа ие жүгіртпе жолдар туралы айтады. Яғни, кабельді операторларда табыс табудың 3-4 жолы бар. солардың негізгісі – абоненттік төлем.

«Нарықта тең бәсекелестік болмады»

Досым Сәтбаев, саясаттанушы, Тәуекелдерді бағалау тобының директоры:

Осы заң жобасын талқылауларға мен де қатыстым. Бұған дейін шетелдік арналар, әсіресе, ресейлік арналар біздің нарыққа ешқандай шығынсыз, еркін еніп жүрді. Сол арқылы олар үлкен жарнамалық үлесті оп-оңай иеленіп келді. Бұл әділ бәсекелестікке жатпайды. Негізінде бәсекелестік тең жағдайда жүруі керек және отандық телеарналар да жарнамалық бюджетке ие болуы керек. Мен осы өзгерістерді қолдаймын.

«Жарнамадан Қазақстанға пайда түспейтін»

Қанат Сахариянов, КТК телеарнасының Бас директоры:

Әлемдік ірі жарнама берушілер шетелдік арналардың Қазақстан аумағына еркін тарайтынын біліп, соларға жарнама беріп келді. Ол келісімдердің барлығы сыртта жүргізіліп, ақша елге мүлдем кірмейтін. Ал, жарнама қазақстандық аудиторияға еркін тарады. Отандық телеарналар хабар таратуға төлеген қаражатын жарнамадан түсіруге әрекет етсе, шетелдік арналар таратуға ақша төлемеді, бірақ жарнамадан пайда тапты. Сонда біз шетелдік арналарды тегіннен тегін асырап келген боламыз. Содан кейін, шетелдік БАҚ-тар қазақстандық заң талаптарына да назар аудармайды.

«Қыруар қаражат ішкі нарықта қалатын болды»

Бағдат Қожахметов, «31 арна» Бас директоры:

«Телерадио тарату туралы» заңға енген өзгерісті соңғы екі жиырма жылдықта осы салада орын алған жағымды инновация деп қабылдаймыз. Біз бұл туралы баяғыдан айтып келдік. Енді міне, отандық телевизияны дамытуға кедергі келтіріп келген басты себеп жойылды. Енді, біздің есебіміз бойынша, жылына төрт миллиард теңгеге жуық ақша елде қалатын болды. Бұл отандық ТВ-ны әлемдік деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Жаңа бағдарламалар, сериалдар, жаңа технологиялар нарыққа келеді. 

abai.kz

0 пікір