Сенбі, 20 Сәуір 2024
Әдебиет 12158 0 пікір 30 Қараша, 2015 сағат 18:33

ЕРБОЛАТ ӘБІКЕНҰЛЫ. ДАМБАЛ

Бұл дамбалды мен емес, негізі итім тауып алған тұғын. Құмыға қыңсылаған соң шықсам, итім тұр құйрығын бұлғаңдатып. Ауызында тістеген қызыл дамбалы бар. Көзіме шоқтай басылды. Жыртыңгүлдың дамбалы екенін бірден таныдым.

Әйелім айтатын: «Ой, Жыртыңгүлдың сырғасы бриллиант» деп. Әйелім айтатын: «Жыртыңгүл жиырма мың долларға шетелден жиһаз кіргізіпті, Жыртыңгүл бес мың долларға тон алыпты», – деп. Жақыннан бері Жыртыңгүл бес мың долларға, дамбал сатып алыпты,- деп ауызының суы құритын болды.
– Ұялсаңшы, бес мың доллар тұратындай ол патшаның тәжі ме, сонша,- дегем елең етіп.
– Патшаның тәжі әдірә қалсын. Білесің бе, ол дамбалды Шакрабошидың өз қолынан сатып алған. Керек десең ышқырына Шакрабоши қол қойып жіберген.
– Шакрабошиың кім?
Әйелдердің ес-ақылы дұрыс па,- дегендей маған аңтарыла қалысқан. Таң қалыстарын жасыра алмай, беттерін шымшып, ауыздарын шылп еткізген.
– Сен Шакрабошиды шынымен танымайсың ба, әлде әзілің бе?
– Әзілдесу үшін Шакрабошиды танымау керек пе?
– Сіз қатты қалжыңбас екенсіз. Бұл қалжыңыңызға ешкім сенбейді. Шакрабошиды менің үш жасар қызым да таниды. Тіпті алжыған әкем де таниды.
– Ал мен танымаймын.
– Қойыңызшы, сіздей мәдениетті адам Шакрабошиды танымаса, аспан төңкеріліп түсер.
– Аспан төңкеріліп түспек тұр ғой, ай мен күн соғылса да мен Шакрабошиды танымаймын. Ол кім сонша айтыңдаршы, білгім кеп өліп барам.
– Сенің күйеуің Шакрабошиды шынымен-ақ танымай ма?
– Рас танымайды. Айтам ғой сендерге, көк соққан біреу деп. Кітап кеміргеннен басқаны білмейді. Аналар басын шайқап «Ужас» деген жарыса. Сосын Шакрабоши Еуропаның әлемге әйгілі актриса, әнші қызы екендігін, оның машинасының маркасы, сүйген жігітінің жамбасындағы қалы, сол қалдағы қылшықтың саны, ұзындығы, өзі қандай реңді ұнататындығы, бақайшығының тырнағын қаншаға жасататындығы туралы ұзақ лекция сөйледі. Тіпті Швейцария банкіндегі ақшасының есебі, оның жылдық өсіміне дейін жіпке тізіп айтып берді. Мен терлеп отырып тыңдадым. «Әйелдер тегіс данышпан болып кеткен бе»,- деген ой келді. Сосын тыныш отырмай, тағы «Шакрабошидың дамбалы, Жыртыңгүлдың бұтына қалай бұйыра қалды» немесе «Жыртыңгүл Шакрабошиды көру бақытына ие болды ма»,- деп тарс еткіздім. Түпкі бөлмеден апам жүгіріп шықты алқын-жұлқын.
– Ей, көк шешек дейді. Ұйқылы-ояу, жүзінде реніш бар. Ұйқылы ояу екенін ұйпаланған шашы мен қанталаған көзі айтып тұр.
– Сен Шакрабошидың елімізге келгенінен хабарсызсың ба? Оның киімдерін әлгі жәрмеңкеде, біздің байлардың таласа-тармаса сатып алғанын тікелей эфирден көрсеткен жоқ па? Сонда ана Жыртыңгүл бір топ еркектің алдына түсіп, Шакрабошидың дамбалын бес мың долларға қағып түсті ғой! Сол мезет Шакрабоши Жыртыңгүлге бұтындағы дамбалын шешіп беріп тұрып, ышқырына қолын қойып жібергенін күллі Қазақстандықтар біледі. Ал сен, маубас бәрінен хабарсызсың!
– Апа, мұның бәрін кімнен естіп жүрсіз?
– Телевизордан.
– Бүгін кешкі жаңалықтан тағы көрсетеді,-деді әйелдер. Жыртыңгүл айтқан.
Кешке жақын телевизорды қосып, жаңалықтарды сарыла күттім. Шакрабоши шықты сахнаның ана басынан белі бұраңдап. Біреулер қолын ауызына тығып ысқырса, енді біреулер сандарын шапалақтап айғайлауда. Мына жақтан біздің Жыртыңгүл шықты жарқырап. Екеуі қол алысты. Апам өтірік айтпапты, Шакрабоши дамбалын бұтынан сыпырып алды да, Жыртыңгүлге, ұсынып жатып, ағылшын тілінде «саған жұғысты болсын, менің жолымды берсін» дейді. Жыртыңгүл «айтқаныңыз келсін» деп қояды. Ышқырына қол қойып үлгірді. Сосын Жыртыңгүл дамбалды сұқ саусағына іліп ап, басына көтеріп үйірді. Ал дамбал болса Қазақстан аспанында, аса салтанатты түрде қып-қызыл болып желбіреді. Намысым қозып, «жарайсың Жыртыңгүл, районымыздың даңқын асырдың» деп орнымнан қопақтап, телевизордың ішіне кіріп кете жаздап, тебірене күбірледім.
Кеш соңынан тілшілер екі ханымға жеке-жеке сұрақ жаудыруда.
– Қазақстан қандай екен. Тағы келесіз бе? деген сұраққа, Шакрабоши:
– Керемет, әсіресе қазақтардың қонақжайлылығына қайран қалдым. Егер қазақтар, менің ескі құсқыларымды жиі-жиі сатып алып тұрса, мен де, жиі-жиі келіп тұрам. Сондай-ақ жер бетінде тек қазақтармен ғана істестік жасасатындығымды әлемге паш етем. Тілші деген пәлекет қой. Біздің Жыртыңгүлге қайдағы қитұрқы сұрақтар қоюда. Мынау бір сұрағының сиқын. Тілші қыз айтады:
– Жыртыңгүл ханым, менің мына бұтымдағы дамбалым не бары бес ақ жүз теңге, ал сіздікі бес мың доллар. Екеуі де шүберек. Сөйте тұра екеуінің қандай айырмашылығы бар? Соны түсіндіріп беріңізші дейді. Ал, Жыртыңгүл болса:
– Менің мына бес мың долларлық дамбалымды кисең, кәдімгідей демаласың. Ал сенің андағы арзан дамбалыңда түк қызық жоқ. Қыз кезімізде кидік қой,- дейді. Өзі шешен.
Міне, сол дамбал. Дәл өзі. Телевизордан көргем. Осы жұрт Жыртыңгүлдің өзін танымаса да, дамбалын танитын шығар. Әйелім жыр ғып айтатын қызыл дамбал. Сілекейленіп итімнің ауызында жүр.
- Қатын,- деп айқай салдым. Атып шықты далаға, шашы қобырап.
- Не болды, ей, таң атпай жүрегімді ұшырдың ғой,- дейді сампылдап.
– Мына дамбал сонікі ме?
– Кімдікі?
– Жыртыңгүлдікі емес пе,- деймін.
Иттің ауызынан салп еткізіп жұлып алды. Аспанға көтеріп күннің нұрына төсеп сығалады.
– Ышқырын көрсеңші, ышқырын,- деп жармаса кеттім. Ышқырға үңілдік. Шынымен Шакрабошидың қолы қойылған.
– Мәссаған!
– Өңім бе, түсім бе?
– Ғаламат.
Дамбалды үйге алып кірдік. «Ат басындай алтын тауып алғандай» әбігерге түстік. Әйелім:
– Ауыздарыңнан шығармаңдаршы, «жазылып жастық, иіліп төсек болайын». Жаным, бұдан кейін тепкілесең де, мыңқ етпеймін. Апа, құлыңыз болайын. Мынаны қалдырайықшы дейді, дамбалды көкірегіне қысып. Тірі айырлар түрі жоқ.
– Ойбай, апарып беріңдер, әкімнің қатынының дамбалында не құндарың қалыпты, ана байы тұқымымызды тұздай құртады ғой, дейді апам.
– Басқа облысқа апарып, сатып жіберейікші дейді,- жездем.
– Тым болмаса киіп көрейінші деп апайым шыжалақтайды.
– Әй, сасытып жібересің.
– Бір кигенге нең шықты бұл да,- адам ғой,- деп жездем шықты, қызарақтап.
– Ей, созылып кетсе төлей аласың ба, мә, кисін ал, созылса өзің төлейсің.
– Жан бауырым-ай, мынауың анау-мынау дамбал ғой деп пе ең? мұны сиырға кигізсеңде созылмайды, бір кигенге не болыпты, дейді апайым қиылып.
– Қабың да бір, сабың да бір апайың ғой, неткен тас бауырсың, кигізе салшы, құмарынан шықсын,- дейді жездем жер тепкілеп.
– Онда менің әйелім де киіп көреді.
– Кисін, ойбай.
– Мә, бір-бір киіңдер де, тоқтатыңдар, созылса бар ғой өтпейтін пышақпен желкелеріңді қиям.
Сөйтіп қызыл дамбалды бір-бір киіп көрген апайым мен әйелім ит жарықтықтың арқасында екі бұттың арманы орындалды ғой деп көздеріне ыстық жас алды. Десе де дамбалдан басталған дау, әулетімізде өршімесе басылған жоқ. Жездем:
– Басқа обылысқа апарып сатайық,- деген пікірінде табандап тұрып алды. Басқа обылысқа апарып бес мың долдарға сатайық та, мың долдардан бес тон алып кие қояйық.
– Сенің қолыңнан бес мың доллар тұр ғой, бес жүз теңгеге ешкім сатып алмайтынына мұрныммен кепілдік етем. Тіпті бес теңгеге сата алсаң біз шыбын боп аспанға ұшып кетейік деп, жабылып өре түрегелдік. Бұған өкпелеген жездем, тіл ауыздан қалып, нәр татпастан жас босанған әйелден арман қос көрпені бүркеніп жатты да алды.
– Құдай-ай, бәлесінен аулақ, апарып беріңдер деп апам быжалақтағанын қоймады.
- Келін екеуміз кезек-кезек киіп жүрсек болды емес пе,- деп апайым ойран салды.
– Менің қайын жұртымнан келген ит тауып келді,-деп әйелім көгеріп сазарды.
– Бұл үйдің берекесі қайда кеткен,-деп столды төпештеп мен айғайға бастым.
Сен тиме де, мен тиме, деп қырық пышақ боп жүргенде, алақандай болғанмен дамбалдың дауысы жаман екен дар етіп айырылды. Тастай беріп ышқырдан қашқан биттей тым-тырақай болдық. Жыртылған тігістен «Made in China» – деген жазу жарқ етіп көзімізге шоқтай басылды. Жездем көрпеден басын қылтитып, бас бармағын екі саусағының арасынан шығарып «ей, сен ақымақтарға керегі мынау. Шоқ болды, шоқ. Мә»,-деді де, басын қайтадан көрпеге тыға қойды. Апам өңі өрттен келгендей түтігіп, қолын бір сермеп, бөлмесіне кірді де кетті. «Дамбалкөкпардың» бір пұшпағын менің де кергілегеніме тәубәсін үйіріп, апайым мен әйелім отыр ырсылдап. Мына бәленің де, тартқылағаны мұндай жақсы болар ма, болмаса күніміз қаран болатын еді дегендей маған сұсты көздерімен қарап қояды. «Ә» десем «мә» дегелі тұр.
Сол түні тайлы-тұяғымызбен көз ілмей шықтық. Әрі өкініш, әрі қорқыныш бізді бүргедей кемірді. Өкінетін себеп атаңа нәлет қызыл дамбал тігуге келмейтін болып шықты. Әйелім мен апайым «Бір-бір киіп алғанымыз мұндай жақсы болар ма?»-деп жымың-жымың етті. Апам бұлқан-талқан болып сол мезетте-ақ, отыз жыл есігін ашпаған төркініне безіп кетті. Жездем апайыма қарап, «Сен байқұсқа биыл да қымбат тон алып бере алмайтын болдым ғой, ә»!- деп көзі жасаурады. Қорқатын себебіміз «әкімнің үйіне ұры түсіпті»,- деген қауесет бүкіл районымызды шарлап біздің үйге де келіп жетті. Бұл жағымсыз жаңалықты біз адамнан емес, тура телевизордан естідік. Жыртыңгүлдің алынбас қамалдай еңселі, бес қабатты боз үйі сақшы мен иісшіл иттерге толып кетіпті. Үйінің іші қорыс қопа. Жыртыңгүл тілшіге тағы да сұхбат беріп жатыр. Тілші айтады: жоғалған дүниелеріңіздің жалпы ақшасы қанша? Соның ішінде ең құндысы қайсысы дейді. Оған Жыртыңгүл: Жоғалған дүниелердің жалпы ақшасын айтсам, сен бала қазір талып қаларсың. Сол үшін айтпай-ақ қояйын. Онымен сақшылар айналысар. Ал ең құндысына келсек, өзі ең құнды емес болса да, маған ыстық, бойыма жылу, өңіме әр беріп жүрген Шакрабошидың көзі болған қызыл дамбал дер едім. Жаһұт, алтын, күмістерім бір төбе, қызыл дамбалым бір төбе. Ақша болса жаһұт, лағыл деген не, тәйірі. Қызыл дамбалдың біреу ғана екенін күллі Қазақстан біледі. Оларға сәлем жолдаймын. Дамбалды тапқан адамға бар ғой, ұрыға егескенде бір миллион теңге сыйлық жариялаймын! Қазірден бастап күшіне ие деді жүзі қуарып. Ал күйеуі: ұрыны бар ғой жерге кірсе шашынан суырып алам, көкке шықса сирағынан тартып түсірем. Тозаққа кірсе де, тауып алам. Сосын терісін тірідей сыпырып, тұзды суға шомылдырып, қаптаған халықтың алдында, шыңғырған құлындай шипақтатам. Иттерім мен жігіттерім онсыз да ұстайын деп қалды-деді тісін шықырлатып. Осы сөзіді тура маған қарап айтты. Қорыққанымнан жаным көзімнің алдында көбелек боп ұшып жүрді. Түн баласы үйдің айналасын сақшылар торуылдап, иттер тімісклеп шықты. Зәреміз зәр түбіне жетіп, дәрменсіз күй кешіп, біз жатырмыз. Иттер иісшіл ғой, егер оқыстан білініп қалсақ, «ауылда жатқан әкемізді көзімізге көрсетері хақ! Қандай қорлық, қандай масқара»-деп іштей қан жылаймыз. Апамыздың тілін алмағанымыз-ай,- деп бармақ тістейміз.
Жаман айтпай, жақсы жоқ. Үйге дүркіреп кіріп келіп, иті құрғыр пәлекет иіскеп жүріп тауып алып, көктей солмайық деп әбігерге түстік. Сен ки де, мен ки деп шыр-пырымыз шықты. Бағанағы алдымен мен киейін, мен киейін деп жемтікке таласқан құмайдай жалбаңдаған апайым мен әйелім енді сен ки, сен ки деп, дамбал байқұсты бір-біріне лақтырып әлек. Әйтеуір көршісінің шалбарын сыпырып тексермейтін шығар деген бұлдыр үміт кеудемізде жүрген.
– Ойбай, әйел адамнан секем алады. Әйелге керек дамбалды әйелдің бұтынан іздейді,– деп жездем аса көрегендік танытты.
– Маладец, сенің миың кәдеге жарады деп шу ете түстік. Ауызыңа май.
– Әй, мұны неге ескермегенбіз. Қысылтаяңда қырағылық танытқан жездеміз жасасын!
– Мыжырайып ап менің жаман байым бәріңнен озды деп, апайымның еңсесі көтеріліп қалды.
– Онда осы кісі кисін деп жыртық дамбалды, салтанатты түрде жездеме табыстай қойдым. Расында да, ер адамның шалбарын шешіп көрмес. Жездеке, құтқарсаңызшы бізді, апайым үшін тұрып бере алмайсыз ба?
– Не дейді… Нақ сүйерімді құрбан етпексің бе, қалай дәтің барады?-деп апайым шап ете түсті.
Түн баласы жантая алмай, қырық пышақ боп қырқысып жүріп ақыры келісімге келдік. Дамбалды жездем киетін болды. Әгәраки білініп қалса, мен мойыныммен көтеретін болдым. Апайым мен әйелім дымдарын шығармауға бекінді. Олар тек керек кезінде ботадай боздап, Жыртыңгүлдің жүрегінің нәзік қылын шертіп-шертіп көңілін босататын болды. Аяушылық көре алмай түрмеге тоғытылып жатсам, жас бала, жаман қатынға жездем бас көз болуға сөз берді. Солай келістік. Төс түйістіріп тұрып серттестік.
Түннің әлде бір уағында есік қатты-қатты қағылды. Аяғымыз жерге тимей жүріп аштық. Мұздай қаруланған төрт сақшы. Орталарында тайыншадай тарғыл төбет. Үйдің ішін шошқа түрткендей тінтті. Үйдің асты-үстін, көз көрер, көз көрмес қуыстың бәрін түгел тіміскіледі. Сосын әлгі иісшіл төбеті тілі салақтай ырсылдап кеп, жездемнің бөксесін иіскеп-иіскеп жіберіп, арсылдап үріп әкеткені. Бәрінен де сол батты. Жездемнің жаны қалмады. Күйген ағаштай қатты да қалды. Денесі тіпті қыбыр етпейді. Көзі тоқтап қалған. Ерні айланып кеткен. Бір уыс бетін аспанға беріп қатқан да қалған. Әйелім әйкелдей жансыз. Апайымның шашы тұрып кеткен. Мен тынысымды әрең алып:
– Жездем жуынбаған, бұты сасып кеткен деп, шәңік еттім.
– Ия, өмірі жуынбайды. Жуынса құты кетеді,- деді апайым. Сосын қасынады да жүреді.
– Ағаны ұялтпасаңыздаршы деді әйелім есін жиып. Аналар сенді, бірақ кекетіп кетті.
– Онда бүгін жуынсын деді,- шығып бара жатып.
Жездем шай қайнатымнан кейін барып есін жиды.
– Бұл арамның өлетін жері су деді. Бұл арам қатқыр суға кезіксе иіс түйсігінен айырылады,-деді өз өзіне кеп. Өсиет айтқандай тістене күбірлеп, жан-жағына үрке қарап.
– Не істейік,- дедік жездеме тығыла, «Әйелге керек дамбалды әйелдің бұтынан іздейді»-дегеннен бері оның абыройы асқақтаған. Әрі бүгінгі түннің геройы болғасын, тыңдамай амалың жоқ. Екі көзі бедірейіп, өңі сазарып, толғататын қатындай қиналып, шала жазылған, етсіз сұқ саусағын көтеріп:
– Аш құлақта, тыш құлақ. Құрысын бәрі. Дамбалды тас байлап теңізге тастау керек деді. Қинала гүбірлеп, дауысы дірілдеп.
Жаздай жадырадық. «Аю оттан, қазақ соттан қорқады» дегенді кім айтса да, данышпан екен,-деп шуластық. Бірақ теңізді қайдан таптық,- деп кірпідей жиырылдық. Бұл тығырықтан және де жездем алып шықты. «Өте терең ойға кетіппін. Негізі теңіз емес көлге тастасада болады» деді. Мәселе шешілді. Бойымызға қайтадан жан кірді.
Таң ала кеуімденіп келе жатқан мезгіл. Жездем екеуміз үйден шықтық. Үйдің айналасы түгел көл тұғын. Ешкімнің көзіне түспей, солай беттедік. «Қысылғанда қымыран іриді». Тас қайдан табылсын. «Бастан құлақ садақа, дедік те»,- ата-бабамыздан қалған, көмір үйдің есігіндегі үлкен қара құлыпты ала жүрдік. Дамбалды сол қара құлыпқа байладық та, бірдеңе айту керек қой «Сенде жазық жоқ, бізде азық жоқ»,- деп, қалтыраған күнәкар қолымызбен қимай-қимай көлдің ортасына қарай құлаштай лақтырдық. Шолп еткен дыбыс шықты да, дамбал соңғы рет көз алдымызда «қош бол»,- дегендей жанталаса жалбырай қызарып барып, көзден ғайып болды. Көлдің бетінде бір ауық, ұсақ шеңберлер пайда болды да, үлкейе толқынданып барып жоғалып жатты. Терең күрсіндік те, үйге қарай алшаңдай адымдадық.
Содан қалған бір қоқыныш, бір сызат, жүрегімді анда-мұнда бір шымшып өтетіні бар.

0 пікір