Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Тамыр 4963 0 пікір 1 Желтоқсан, 2015 сағат 03:00

ШАРДАРАДА "ЕЛІН СҮЙГЕН ЕЛБАСЫ" АТТЫ ШАРА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Қашанда игі істердің ұйытқысы болып жүретін №16 колледжде Тұңғыш Президент күніне орай «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» тақырыбында айтулы іс-шара өтті.

Колледж ұстаздары аудандағы зиялы қауым өкілдері мен кәсіптік білім алып жүрген жас ұрпақты кездестіре отырып, егемен еліміздің Тәуелсіздігі мен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі жайлы сыр-сұхбат ұйымдастырды. Кездесу басталардан алдын деректі фильм көрсетілді. Фильмдегі еліміз өз алдына шаңырақ көтеріп, бұрынғы Кеңес Одағынан бөлініп шыққан кездегі халықтың қуанышы, әсіресе, шетелде тұратын қандастарымыздың бір-бірлерінен алақайлап сүйінші сұраған сәттері көрермендерді толқытып жіберді.

 

Жиынға қатысқан аудандық мәслихаттың хатшысы Тоқсанбай Бердібеков:

-Желтоқсан айы тарихи даталарға тола ай болып саналады. 1991 жылдың 1 желтоқсанында елімізде жалпыхалықтық сайлау өтіп, бүгінгі Елбасымызға 98,7 пайыз дауыс бергені әлі есімізде. 10 желтоқсан күні ұлықтау рәсімі өткені де жадымызда жаңғырып тұр. Мен «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының төрағасы ретінде 13 мәрте партияның съезіне қатыстым. Сол кездерде Нұрсұлтан Әбішұлымен қол алысып амандастық. Үзіліс кезінде делегаттармен емен-жарқын сұхбаттасып, біздермен әңгіме-дүкен құратын. Ол кісінің қарапайымдылығына тәнті болатынбыз. Ал, енді мемлекет басқару ісіндегі қыруар еңбегін ел біледі. Біздер Елбасы саясатына әрдайым қолдау көрсетіп, бір кісідей жұмыла жұмыс жасауымыз қажет, - деді.

Кездесуге келген ардагер журналист Мейірхан Аңламасов, «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Есенбай Бейсенбиев, аудандық мешіттің бас имамы Асылхан қажы Данияров, ақындар Нұрғали Ыбырайым мен Әбдіғаппар Айдаровтар Тәуелсіздік тақырыбында толғана сөз сөйлеп, жалынды жырлар оқыды. Аудан әкімінің орынбасары Бақтыбай Әліпов Тұңғыш Президент күнінің үлкен маңызға ие екенін, бүгінгі кездесу жастар үшін тәрбиелік мәні зор шара болғанын айтып өтті. Жиынды қорытындылаған колледж директоры Зәкір Талбидин :

-Аудандағы зиялы қауыммен жастарды кездестірудегі мақсатымыз – оқушыларымыз үлкен кісілердің Елбасы жайлы әңгімелерін өз құлақтарымен естіп, көкейлеріне тоқыту еді. Нұрсұлтан Әбішұлының бүгінгі таңда қойып отырған талаптарының бірі – кәсіптік білім беруді дамыту. Бұл жағынан біздің колледж өзгелерден алда келеді. Мемлекетіміз бізге барлық жағдайды жасап жатыр. Мен өзім бірнеше дамыған елдерде іссапарда болдым. Оларда кәсіптік білім алу үшін оқушылар ақы төлейді. Ал, бізде жастарымыз алаңсыз оқу үшін мемлекет қаржы төлейді. Мұндай қамқорлық еш жерде жоқ. Президентіміздің жасап жатқан игілігін көріп отырған біздің колледж оқушылары мен ұстаздары барлық уақытта да қолдай отырып, Елбасымен мақтанатын болады, - деді.

Колледж оқушылары өз кезегінде зиялы қауым өкілдері алдында түрлі өнерлерін көрсетті. Колледж оқушысы Шерхан Оралов «Үшқоңыр», «Елім менің» әндерін нәшіне келтіре орындаса, «Жас толқын» үйірмесінің мүшелері Елбасыға арнаған жыр-тақпақтарын оқыды. Колледж ішінен құралған «Қазына» бишілер тобы тарих қойнауынан сыр шертетін «Қазақ елі» қойылымын сахналады.

Әділ ӘБДІРАМАНОВ, Шардара ауданы.

Abai.kz

0 пікір