Жұма, 19 Сәуір 2024
Билік 4473 0 пікір 1 Желтоқсан, 2015 сағат 03:00

ШЫМҚАЛАНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ӘКІМГЕ РИЗА

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдіраxымов шаһарға қосылған елді мекендердің тұрғындарымен кездесіп, пікірлесті. Әуелі, жұмыс сапарымен Абай ауданына қосылған «Қызылжар» шағынауданындағы Халыққа қызмет көрсету орталығының (ЦОН) қайта құру жұмыстарымен танысты. Айта кетерлігі, мұнан бұрын тойxана ретінде пайдаланылып келген ғимарат енді 118 000 тұрғыны бар елді мекен xалқының құжат рәсімдеуі үшін қызмет етеді.

Қала  әкімі Шымкенттің іргесіндегі «Қызылжар» елді мекеніне қарасты құс фабрикасының қараусыз қалған кәріз жүйесінің мәселесімен танысып, экологиялық зардапты өз қадағалауына алатындығын айтты. Шымкент қаласына қосылған елді мекендердегі тұрғын үй мәселесі оңтайлы шешімін табуда. Атап айтар болсақ, мұнда жаңа тұрғызылған үйлерден бөлек елді мекендердегі ескі тұрғын үйлер де заман талабына сай жаңғыртылуда. Қала басшысына алғыс айтқан қызылжарлықтар «Мемлекет тарапынан көрсетілген көмектің арқасында баспанамыз жаңарып жатыр», – деп ағынан жарылды.

Абай ауданына жаңадан қосылған Жаңаталап елді мекеніндегі халықпен кездескен қала әкімі тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап, аудан əкімдігіне көтерілген мəселелерді тез арада шешуге тапсырма берді. Кездесуде жер телімдеріне қатысты мәселе де көтерілді. Мысалы, Өзбекстаннан келген қандастар атынан сөз алған Әбдірәшит Пашаев шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымовқа алғысын айта келе, «Атамекенге оралған қандастарымыздың елге оралуына Елбасы басты назар аударып, қамқорлық танытуда. Осыдан бірнеше жыл бұрын осында келіп, үй салған болатынбыз. Кейіннен жолға тура келетіндіктен үйді сырып тастаймыз деп жатыр», – деп көкейінде жүрген сұрақтарын қойды.

Өз кезегінде қала басшысы: «Біз бұрыннан салынып қойған тұрғын үйлерді бұзбаймыз. Олай істеу қараша халықтың мүддесіне қиянат жасау. Біз мүмкіндігінше соларды заңдастыруға тырысудамыз. Сəл сабыр сақтап, бізге де жұмыс істеуге мүмкіндік беріңіздер. Қазір Астанаға осы мәселе бойынша заңға өзгеріс енгізу мəселесін қарау туралы арнайы ұсыныс хат жібердік», – деді.

Кездесулерде көтерілген мәселелерді қорытындылаған шаһар басшысы: «Шымкент қаласына қаншама елді мекендер қосылды. Бұл мәселе бүгін ғана туындаған емес. Сондықтан, мұның барлығы бір күнде шешіліп кетпейді. Мен қалаға жаңа қосылған елді мекендерді аралап тұрғындарды толғандырған мәселелермен танысып келемін. Бар күш жігеріммен xалыққа қызмет етуге әзірмін. Сондықтан сіздерден сабырлы болуды сұраймын», – деп халықты бірлікке үндеп, үшінші қаланы бірге көркейтуге шақырды.

Abai.kz 

 

0 пікір