Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 4338 0 пікір 22 Маусым, 2015 сағат 08:56

Экспо экс-басшылары қомағайлығының жаңа деректері

«ЭКСПО-ның» бұрынғы қомағай басшыларына қатысты жаңа дерек пайда болды. Nur.kz жаңалықтарының жазуынша, Қажымұрат Үсенов лауазымын пайдаланып, ашық тендерде «Southfork» серіктестігіне жеңісті жұлып берген.

Сол қызметі үшін қыруар қаражатқа кенеліпті. Ал үйқамақта отырған Талғат Ермегияев бірнеше фирманың үлескері етіп өзінің туған-туыстарын тіркей берген.

Қалта қамын күйттеген экспошыларға қатысты жаңа деректер қылаң беруде. Көлікпен адам қаққыш Мақсат Үсеновтің әкесі Қажымұрат Үсенов өткен аптада компания қаражатын қымқырды деп айыпталып, үйқамаққа алынды.

Ол ашық тендерде «Southfork» серіктестігін өз қолымен жеңімпаз жасап, бәйгені жұлып беріпті. Журналистік зерттеу нәтижесінде жеке мекеменің тендерден 724 млн теңгеден асатын ақшаны қарпығанын анықталды.

«Астана қаласы Алматы ауданының №2 аудандық соты бұрынғы құрылыс басқармасының басшысы Қажымұрат Үсеновке қатысты үйде қамап ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Қажымұрат Үсенов Қылмыстық кодекстің 176-бабы, 4-тармағының «б» тармақшасы бойынша көзделген қылмысты жасағаны үшін, яғни аса ірі көлемде 214 млн теңге сомасындағы қаржыны жымқырды деп күдіктелуде», — деді Астана қалалық сотының ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ботагөз Баянова.

Аты-шулы ЭКСПО ісінде Талғат Ермегияев те басты нысанаға іліккен. Үйқамаққа алынған ол да, санасаң шеті шықпайтын ірілі-ұсақ фирмаларға өзінің туған-туыстарын үлескер етіпті. Мұны сайттан анық аңғаруға болады. Қосымша акция иелерінің тізімі тайлы-таяғымен осында жарияланған.

Былтыр Талғат Ермегияевтың жұбайы Камар Ермегияева британдық брендтегі халықаралық «Джозеф» киім дүкенін ашқан еді. Қыруар қаражатты қажет ететін кәсіпке ЭКСПО-ның экс-басшысы демеуші болған. Ал күні кеше елордалық сот шенеунікке қыруар табыс түсіріп отырған 6 бірдей компанияның есеп шоты мен мүлкіне тыйым салды.

Тілшілер анықтағандай, компания қатарына кірген «Са-Бек» және «ТКМ» серіктестіктеріне Алматыдағы «Жетісу», «Ялан» және «Рахат» базары тиесілі болып шықты.

Осы тұста, Экспоға артылған міндет тым ауыр. Жоспар бойынша, құрылыс 2016 жылы түгелдей аяқталуы тиіс еді. Ал 2017-де 100-ден астам ел көрмеге қатысып, миллиондаған турист келуі керек.

Бірақ  қызыл ақша шенеуніктер үшін ел абыройынан қымбат болғанға ұқсайды. Қазір қос іске байланысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Кінәлері дәлелденген жағдайда, лауазымды тұлғалар 7 мен 12 жыл аралығында темір торға тоғытылуы мүмкін.

Абай-ақпарат

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3530