Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Тарихтың бір күні 10272 1 пікір 22 Маусым, 2015 сағат 09:50

ӘЛЕМДІК ЕКІНШІ СОҒЫСТЫҢ КЕЙБІР ҚҰПИЯЛАРЫ

Айналасы бірнеше айдың ішінде кәрі Еуропа құрлығы толықтай дерлік  Гитлерлік Германияға беріле салды. Олар иеленіп алған елдердің армиясы да фашистерге қызмет етіп, өндіріс орындары нацистердің тапсырыстарын сөзсіз орындаумен болды.  

Айталық, Чехословакияның барлық кәсіпорындары фашистік Германия жағында болды.  Соның ішінде бір ғана «Шкода» өндірісінің өзі соғыс басталардан бұрын  1940 жылы Ұлы Британияның бір жылда жасайтын өнімінің көлемінде машина, қару-жарақ өндірген көрінеді. Германия армиясын Дания мемлекеті азық-түлікпен, Франция көлікпен,  Румыния жанар-жағармаймен қамтамасыз еткені жайында тарихи деректер кездеседі.

Екінші соғыс басталған 1941 жылы Финляндия, Румыния, Венгерияның 29 дивизінен, 16 корпусынан құрылған жауынгерлер, кейін Словакия, Чехия, Богемия Моравия, Хорватия, Албания, Голландия, Дания, Норвегия және Франция легиондары, Италияның экспедициялық армиялары, еріктілер жасақтары фашистік Германияға болысып, СССР-ге  қарсы соғысқаны қазіргі күні басы ашық әңгіме. Олардың ұзын саны 5,9 миллион жауынгерден тұрған екен. Бұл сол тұстағы Герман армиясының 26-30%-ы болған көрінеді.

Ал, осындай жойқын күшке қарсы Қызыл армияның 2,9 миллион әскері қалай төтеп берді деген сауал тарихшыларды қатты ойландырса керек.

Шын мәнінде, Ұлы Британия мен АҚШ 1942 жылдан бастап Совет одағының ресми түрдегі одақтасы саналғанымен өздерінің ерекше ойындарымен әуестенгенін айтатындар баршылық. Оған мысал ретінде 1942 жылы нацистік Германияның батыс қанатынан II майдан ашуды И. Сталин бірнеше рет өтінгенде У.Черчилл үзілді-кесілді қарсы болғаны тарихи шындық. АҚШ-тың сол тұстағы президенті Франклин Рузвельт те ол ұсынысты қолдамаған. Кейін вице-президент Гарри Трумэн мынандай мәлімдеме таратқан: «Егер германдар басымдыққа ие бола бастаса, біз орыстарға көмектесуіміз керек, ал, орыстар жеңіп бара жатса, германдарға болысуымыз қажет. Олар мейлінше, бірін бірі қыра түссін» (If we see that Germany is winning we ought to help Russia and if Russia is winning we ought to help Germany, and that way let them kill as many as possible...., («New York Times», 24.06.1941). 

Ұлы Британия мен АҚШ және олардың айналасында болған елдер 1939 жылы қыркүйекте гитлерлік Германияға қарсы соғыс жариялағанымен  тек 1944 жылдың маусымында ғана екінші майдан ашып, нацистерді оң қапталынан шабуылдап, бастағаны тарихтан мәлім.

Қалай десек те, Еуропадғы II соғыс майданын сол тұстағы Солтүстік Африка, Азия-Тынық мұхит маңында болған қақтығыстармен салыстыру мүмкін емес еді. Адам күші, қару-жарақ, техника және шығыны жағынан да жойқын болғаны рас. Бірақ, сталиндік саяси қуғын-сүргіннен кейін зорға ес жиған, тұрғындары кедей, көсемінің «топас» екендігіне қарамастан Совет әскері жеңіске жетті. Батыстық одақтастары советтер күші нацист-фашистерді ойсырата бастағанда ғана екінші майданды ашты. Себебі, Берлинді олардың бірлесіп басып алуы жеңістің жемісін бөлісуге,  соғыстан кейін Еуропаға бақылау жасауға геосаяси жағынан тиімді еді.

Дәл осы саясаттың салдары Германияны екіге бөлуге, әлемдік қауымдастық арасына «темір перде» құруға, «қырғи-қабақ соғыстың» басталуына тарихи себеп болды.

Жеңістен кейін бұрынғы одақтастары Англия (У.Черчилл), АҚШ (Г.Трумэн) елдері әу баста ойларында болған ойын тәртібін 1946 жылдың наурыз айында жалғастырып, Совет одағы мен социалистік блок елдеріне қарсы «Қырғи-қабақ соғыс» жариялап, «темір перде» тартқан еді.

Кейінірек, 1972 жылдың басында АҚШ президенті Ричард Никсон Конгресте сөйлеген сөзінде былай деді:  «... Біз енді, Ресейде ешқашан  Александр Матросов, Зоя Космодемьянская секілді адамдардың қайта тумауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз».

Бұл сөздің дәл қандай мағынада айтылғанын қазіргі күні түсіндіру қиын. Себебі, қырғи-қабақ соғыс тұсында Батыс әлемінде советтік қаһармандар туралы түрлі қауесеттер тарап, олардың ақыл-естерінің дұрыстығына күмәнданушылар да бой көрсеткен. Сондай-ақ, маскүнемдіктің салдарынан пулеметтің оқ борап тұрған аузын кеудесімен жабуды ерліктен гөрі есерсоқтыққа балаушылар да табылған. Сонда, олар совет қоғамын зомбиліктен, есалаңдықтан құтқарғысы келді ме? Дегенмен, бұл жерде Ричард Никсон дәл сондай отаншыл батырлардың қайта тумауына мүдделі болуы да мүмкін ғой. Оған дәл қазір пәлен деп төрелік айту өте ауыр.

Шын мәнінде, 1944 жылы Нормандида Гитлерге қарсы екінші майданның ашылғаны рас. Шығысқа қарай қатты ойысып кеткен Гитлер Батыс жаққа қыруар әскер мен қару-жарақ жеткізуге қауқарсыз еді.

Одақтастар әскері майдан шеңберін барған ұлғайта түсті. Сол тұста Эрвин Роммелдің  фюрерге жолдаған баяндамасында:  «Вермахтың армиясына келіп жатқан қосымша күштен  нормандиге келген жаудың әскері әлде қайда қатты екпінмен ілгерілеп келеді» - делінген.  

1944 жылы қыста германиялық жоғарғы  командалығы жасаған бір ірі жоспары советтің одақтастарына арнап дайындаған Арденн шабуылы болатын. Аталмыш операцияны бастау үшін одақтастардың назарын өзге жаққа бұратын «Грейф» атты әрекетті дайындаған. Ондағы басты мақсат  генерал Эйзанхауэрды өлтіру болған.    

Гитлер бұл тапсырманы өзінің №1 диверсанты Отто Скорцениге сеніп тапсырған. Скорцени де бар өнерін салып бақты. Ол вермахт еріктілер әскерлерін дәл американдық жауынгерлер секілді етіп даярлай білді. 1944 жылы желтоқсан айының ортасында әлгілерді Американың №1 армия сарбаздарының арасына қосып жібереді. Барлық іс ойлағандай жүріп жатты.

Алайда, американдық қарсы барлау ұйымы да өздерінің осал еместіктерін көрсетті. Жоспарды алдын ала біліп алған олар Эйзанхауэрдің орнына оны сойып қаптап қойғандай қатты ұқсас Смитті қалдырған. Операция діттеген тұлғаны емес, Смиттің көзін жоюмен ғана аяқталды.

Скорцени Берлинге келеді. Операциясының мақсаты орындалмаса да, одақтастар армиясының назарын барынша аудара алды. Одақтастар Арденниде қақпанға түсіп, ойсырай соққы алды.  Жағдайға ұзақ төтеп бере алмайтынын түсінген Черчилл Сталиннен Карпаттағы шабуылды жедел бастауды ұсынған. Бұл жолы  Арденниде бұғауда қалған одақтастар армиясын советтік жауынгерлер құтқарғаны рас.  

Енді, соғыстың басталуы туралы бірер сөз. Негізі, бүгінге дейін екінші соғыс аяқ астынан туындағандай түсіндіріліп келді. Күтпеген жерден германдар шабуыл жасап, советті басып алды т.с.с. Екі жақтың да  барлау қызметтері ай қарап отырмағаны бес жастағы балаға да айдан анық.   

Германияның Фюрері 1941 жылы мамырдың 14-нде Сталинге хат жазған.  Онда Совет одағының шекара маңында әскерін орналастыруы шын мәнінде Англияға қарсы соғыс ашуды көздейтіндігінен туындаған әрекет деп түсіндірген. Олай болса, 1941 жылдың жазында Қызыл армияның ойсырай жеңілгенін осы хатпен де байланыстыруға болатын сияқты.

Олай болса, Гитлер хатының толық нұсқасымен танысайық:

«Құрметті Сталин мырза!   
Англияның мемлекеттілігін біржолата құртпайынша сіз бен біз және келешек буын үшін Еуропада баянды бейбітшілік орнату мүмкіндік жоқ деген ақырғы шешімге келген сәтте осы хатты жазып отырмын.

Сізге белгілі, мен бұл мақсатқа жету үшін әскери-соғыстық бірнеше іс-әрекет жасауға шешім қабылдаған едім. Алайда, ақырғы шайқас жақындаған сайын күрделі мәселелер туып жатыр. Герман халқы ешбір соғысты қаламайды, әсіресе, Англияға қарсы соғысуға. Себебі, Герман  халқы ағылшындарды бауырлас ел санайтындықтан өзара соғысуды қасірет деп біледі.  

Мен де сондай ойда екенімді жасырмаймын. Ағылшындардың әскери жағдайын, армиясының мүмкіндігін ескере келе мен олармен достауды бірнеше мәрте ұсынғанмын. Алайда, менің бейбітшілік үшін жасаған ұсынысыма келемеждеп жауап берулері, әскери күштерін ұлғайтып, ықтимал соғысқа бүкіләлемді тартулары, аралдарды басып алулары оларды біржолата тиып, соғыспаса болмайтындығына мені сендірді.

Сондай-ақ, ағылшын тыңшылары «бауырлас халық» туралы тақырыбымды залымдықпен пайдаланып өздерінің насихаттарына жаратып жатыр...

Менің орынбасарларымның бірі Гесс мырза (меніңше, ол қатты шаршағандықтан есінен адасқан болуы керек)  Лондонға барып, өзіне де сенімсіз қадамдарымен ағылшындарды ақылға шақырғанын сіз білетін шығарсыз. Маған келген ақпараттарға қарағанда, мұндай ой менің армиямның кейбір генералдарында да бар. Әсіресе, ағылшын ақсүйектерімен туыстас, ежелден аталас адамдар солай ойлайды.

Осыған байланысты мен мынандай жайларға алаңдайтын болдым. Жаудың көзінен тасада болсын деп менің армиямның 80-ге жуық дивизиясы СССР шекарасы маңында орналасуы біздің арамызда әскери қақтығыс тудыруы мүмкін деген қаңқу сөз таратылғанға ұқсайды.  

Сізге мемлекет басшысы ретінде оның олай еместігіне ант-су ішіп айтамын. Ондай қаңқу сөзді елемей тұра алмағандықтан сіз шекараңызға көп әскер топтастырып жатқаныңызды мен жақсы түсінемін.

Мұндай жағдайда кездейсоқ қарулы қақтығыстардың шығуы ықтимал екендігін жоққа шығармаймын. Ондай жағдайда алғашқы себеп-салдарының өзін анықтау мүмкін болмай қалады. Ондай қайшылықты тоқтату тіпті де мүмкін болмайды.

Сізбен арамыз барынша ашық-айқын болуына мүдделімін. Менің генералдарымның әлде біреуі әдейі саналы түрде қайшылықты үдетіп, Англияның тағдырын өзгертіп, оларды құтқаруға бағытталған жоспарымды бұзуынан қорқамын. Мәселе бір айдың мерзімі жөнінде ғана болып отыр.

Мен маусым айының 15-20-нде әскерлерімді сіздің шекарадан тобымен әкетуді жоспарлап отырмын.  Сондықтан, өз міндетін ұмытқан менің кейбір генералдарым тарапынан туындауы ықтимал арандатуларға берілмеуіңізді сізден өтінемін. Ондай болған күннің өзінде төзімділік танытып, маған жедел хабарлауыңызды сұраймын. Сонда ғана біз ортақ мақсатымызға жетеміз. Сіздің білетін сол бір мәселе бойынша менің өтінішіме жылы шырай танытқаныңыз үшін алғыс айтамын. Хатты сізге жедел жеткізу үшін мұндай тәсіл қолданғаныма кешірім сұраймын.

Біз шілде айында кездесеміз деп сенемін.

Зор ілтипатпен, Адольф Гитлер. 1941 жылы мамыр айының 14-і».

Кейбір сарапшылар «Гитлер бұл хатты жазған кезде Совет одағына басып кіру мерзімін бекітпеген болатын, ол ақырғы шешімін мамыр айының 30-нда қабылдаған» дейді.  

Әскери тарихшы Арсен Мартиросян «Гитлер Совет одағына шабуыл жасауды ерте жоспарлаған. 1941 жыл маусымның 22-і деген сан  Гитлердің санасында өшпестей жазылып тұрған» деген тұжырым жасайды.

Фашистер ісін қараған Нюрнберг трибуналы деректеріне қарағанда, Гитлер 1941 жылы сәуірдің 30-нда генералдарының жиынында маусымның 22-нде басып кіретіндігін мәлімдеген.  Ал, кейбір деректер бойынша «Сталиннің өзінде Германияны басып алу туралы  жеке жоспары болған. Дәлелі ретінде, Георгий Жуков пен Семен Тимошенконың  1941 жылы мамыр айында Сталинге жазған хаттарын келтіреді. Онда совет армиясын Польша жеріне орналастыру туралы сөз болған. Бірақ, ресейлік тарихшы Александр Чубарьян «Бұл жай ғана хаттың нұсқасы. Ал, Совет армиясының Германияға басып кіруі жайында талқыланған нақты дерек мұрағатта жоқ» дейді.

Демек, екінші соғыс құпиялары әлі де толық ашылып біткен жоқ.

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ.

Abai.kz

1 пікір