Жұма, 29 Наурыз 2024
Мәйекті 27594 1 пікір 23 Маусым, 2015 сағат 22:57

АҚБӨКЕН — ДАЛАЛЫҚ ЭКОЖҮЙЕНІҢ ЖҮРЕГІ

Ғалымдардың соңғы зерттеулеріне қарағанда, жайылымдық жерлер шектен тыс пайдаланудан ғана емес, мүлдем пайдаланылмай бос жатқаннан да азып-тозады екен. Жан-жануарлардың тұяғы немесе шалғы тимеген шабындық-жайылымдықтардағы табиғи өсімдіктер тұқым шаша алмай, шашса да, жерге енгізе алмай, оның есесіне қажетсіз өсімдіктер өсіп шығып,  жерге су сіңдірмей топырағының құнарлануына, өсімдіктер дүниесінің дамуына кері әсерін тигізетіндігі, әрі ол жерлер өртеніп кетуге де бейім тұратындығы әбден дәлелденген.

Қазақстан жер көлемі жағынан дүние жүзінде 9-шы орын алса, жайылымдық жері (118 млн. га) бойынша 5-ші орын алады және далалық экожүйесі сақталған санаулы елдердің қатарында. Сол «құлазыған иен далада не бар?» деген сұрақ көпшіліктің көкейінде жүреді. Ғалымдар зерттеуіне жүгінсек, көкорай шалғынды деген орман алқабының белгілі бір алаңында 50-ге тарта өсімдік түрі бар болса, дәл осындай далалық алаңқайда сирек болса да одан 2 есе көп 100 шақты өсімдік түрі кездеседі екен. Ең бастысы, ол өсімдіктер арасында емдік қасиеті барлары өте  көп. Қарапайым ғана мысал: алдында мыңдаған жемге семірген жылқысы бар қаланың маңындағы қалталылар неге қысқы соғымын шалғайдағы Ырғыздан алдырады? Себебі түсінікті, сан алуан емдік қасиеті бар түрлі шөпті жеген малдың еті де дәмді, шипалы.

Жайылымдық жерлерде экологиялық тепе-теңдік бұзыла бастаса, оны қалпына келтіру қиынның қиыны екенін күнделікті өмірден көріп жүрміз. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, мал өнімдерінің 80%-ы жеке аулалардағы қосалқы шаруашылықтарда өндіріледі екен. Мал басы шектен тыс шоғырланған елді мекендер айналасының қандай күйге ұшырап жатқаны белгілі. Көптеген ауылдардың жан-жағы тулақ сүйреткендей, құм басқан, сорға айналған.  Шаруа қожалықтарының өзі қысы-жазы бір жерден қозғалмай мал жайып, құдықтардың, ашық су көздерінің айналасын аздырып жіберді.

Соңғы жылдары ҚР Үкіметі, жергілікті әкімдіктер жайылымдықтарға қатысты қалыптасқан түйткілді жағдайды түзету, ең бастысы, оны орнықты басқару мақсатында ұйымдастырушылық, құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, ағартушылық шараларды қолға алуда. Оның оң нәтижесін көруге, пайдаланылмай жатқан шалғай жайылымдықтарды суландыруға, тиімді пайдалануға біраз уақыт және қомақты қаржы қажет болады. Сондай-ақ тұрмысы жайлы ауылға үйреніп қалған қожалық иелерінің, жекелеген азаматтардың қатып қалған көзқарасын өзгерту де оңай емес. 40 жыл мал дәрігері болып қызмет жасаған бір ағамыз: «Малды өсіру үшін, өзің де мал сияқты өмір сүруің қажет», — деген еді бір сөзінде. Астарлап айтылғанымен, қазір кім шұрайлы жайылым іздеген мал сияқты, көшіп-қонып өмір сүргісі келсін? Соңғы жылдары шаруашылық құрылым басшылары «малшы шықпайды» деп еңірегенде етектері жасқа толады, тіпті сол үшін кәсіптерін жауып жатқандары да баршылық.

Сонда қайтпекпіз? Біз ауыл шаруашылық құрылымдарының пайдалануға алған жері төңірегінде ғана мәселе қозғадық. Пайдаланылмай жатқан босалқы жерлеріміз одан да аз емес. Ақтөбе облысының барлық территориясының 89,7%-ы, немесе 27 млн гектары ауыл шаруашылық алқаптары болып саналса, осы алқаптың жартысынан астамы босалқы жер санатында пайдаланылмай бос жатыр. Бір кемшілігі сол — бұл санаттағы жерлердегі жайылымдықтардың 8,5 %-ы ғана суландырылған. Басым бөлігі, яғни 82,8 %-ы жер көлемдері аумақты, шалғай жатқан облысымыздың бес бірдей — Әйтеке би, Байғанин, Ырғыз, Мұғалжар, Шалқар аудандарында  екен. Швейцария сияқты ел сиып кететін Ырғыз ауданы жерінің жартысы бос жатыр. Мұндай босалқы жерлер санаты бізге шекаралас Қостанай, Қарағанды, Қызылорда облыстарының шалғай аудандарында да жетерлік.

 

Киік тұяғы жерді түлетеді

 

Егер, жоғарыда айтқанымыздай, тұяқты жануар жайылмаса, өзінен өзі азып кететін «Бетпақ» аталып кеткен ұлан байтақ сайын даламызды келер ұрпаққа қалай жеткіземіз? Біздің ойымызша, оның әзірге бір ғана шешімі бар. Қазақ үшін киелі жануар атанған, аңыз-ертегілеріне, күй-жырларына арқау, даламызға көрік болған киік санын қалпына келтіріп, тұяғымен жерімізді түлету қажет.

Бөкен шөпті таңдап-талғап жейді, қой сияқты түбінен үзбейді, тек жоғары жағынан кертіп алып қана жайылады. Көбіне әр жердегі шөпті теріп, жүре жайылады. Сондықтан өсімдіктердің өсуі тоқтамайды, керісінше тұқымын шаштырып, оны үшкір, аша тұяқтарымен жерге енгізеді. Ақбөкендер елсіз жерлерде құрамында ылғалы мол шырынды өсімдіктермен қоректенетін болғандықтан, сулы жерлерден алыс аймақтарда да тіршілік ете береді. Су көзінен ұзамайтын үй жануарлары сияқты емес, жазғы, қысқы жайылым ауыстырғанда мыңдаған шақырымды ерсілі-қарсылы көктей өтеді.

90-шы жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басында киік саны күрт азайып, жойылып кету шегіне жеткен. Зооинститут мәліметтеріне сүйенсек, 2003 жылы Бетпақдала таралымындағы киіктердің 1,8 мың дарағы ғана қалған. ҚР Үкіметі кеш те болса оң шешім қабылдап, киіктерді аулауға тыйым салды және ол шешімді 2020 жылға дейін ұзартты. 2007 жылы Ақтөбе облысынан Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватын құрып, 763549 га жерді ерекше қорғалатын табиғи аумаққа бөлді. Өткен жылы көршілес Қостанай облысының Амангелді және Жанкелдин аудандарында да «Алтын дала» табиғи резерваты ашылды. Қазіргі таңда Ырғыз-Торғай табиғи резерватының жер көлемін 409 мың гектарға ұлғайту, екі резерват аралығынан экологиялық дәліз ашу құжаттары жасақталуда. Бұған қазір резерват қорғауындағы жер көлемі 296 мың гектар болатын Торғай зоологиялық қаумалын (заказник) қосыңыз. Қаржыдан тапшылық көрмей, жоспарланған шаралар жүзеге асса, Қазақстанның қақ ортасында дүние жүзіндегі ауқымды ерекше қорғалатын табиғи аумақ кешені пайда болғалы тұр.

Мына қызықты қараңыз:  1972 жылы Қазақстанда екеудің бірі болып Ырғызда киік етін өндіретін мемлекеттік аңшылық өндірістік шаруашылығы құрылып, киік соятын алып мұздатқышы бар комбинат салынса, қазір керісінше сол Ырғызда киіктерді қорғайтын ғылыми мәртебесі бар мемлекеттік табиғи резерват ашылып, алып әкімшілік ғимараты кешені салынды. Сол кезде бірнеше ондаған аңшы бригадалары киік атып даламызды қанға бөктірсе, қазір қорықшылар күн-түн қатып, мұз жастанып, аптап ыстықта дала кезіп, сол киіктерді қорғауда.

Бұл шаралар нәтижесіз де емес. Резерват ашылғаннан бергі 5 жылда Бетпақдала таралымындағы киіктер саны 5 есе өсіп, 2007 жылғы 22,8 мыңнан 2012 жылы 110 мыңға жетті. Әлем бойынша киіктердің 5 таралымы болса, Қазақстандағы ақбөкендердің 80 %-ы, дүниежүзіндегі ақбөкендердің 70 %-дан астамы осы Бетпақдала таралымының еншісінде. Ең бастысы, ел аумағынан сыртқа шықпайтындықтан, мұндағы киіктер нағыз қазақстандық түр болып саналады және басқалардан дене бітімінің ірілігімен ерекшеленеді.

  

Жезкиік, біздің жақтан қайда кеттің?..

 

Өткен ғасырдың басында да бұл жануар биологиялық түр ретінде жойылып кету қаупінде болған. Сол кездері де мүйізі дәрілік шикізат есебінде шет елдерге  жоғары бағамен сатылған. Өкінішке қарай, бір ғасыр өтсе де, киіктің өзіне сор болып жабысқан мүйізінің бағасы тіпті шарықтап, ақшаға құныққан браконьерлер айылдарын жияр емес. Мүйіз киіктің текелерінде ғана болғандықтан, олардың ешкілерге қарағандағы үлес салмағы жыл сайын күрт азайып барады. 2012 жылғы мониторингтік зерттеулер көктемгі санақта жазғы жайлауға көршілес Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданына, Қостанай облысына кеткен киіктердің текелері күзде 2 есе азайып келетіндігін, күйек алдында ешкілерге қарағанда үлес салмағы 3,9  % ғана болатындығын, тиісінше ешкілері негізінен егіз туатынына қарамастан әрбір 100 аналыққа 73 құралай ғана ергендігін көрсетті.

Қорғау күзет жұмыстарының тиімділігі болар — резерват аумағында браконьерлік оқиға орын алған емес. Резерват ашылғаннан кейінгі жылдары көліктердің жарақты, жаңа кезінде ерекше қорғалатын аумаққа шекаралас жерлерден тіпті құрамында құқық қорғау қызметкерлері бар қаскөйлер тобы бірнеше рет ұсталды. Резерваттың автопаркі 6 жылдан бері жаңартылмағандықтан, сол кезде алынған УАЗ автокөліктері қазір ескірген, онымен броконьерлерді үркітуге ғана болады. Шамамен ұзындығы 200, ені 80, периметрі 600 шақырым болатын ерекше қорғалатын елсіз, жолсыз табиғи аумақты, одан да тыс жерлерді қорғау-күзету, күзетіп қана қоймай қаскөйлерді ұстау қазіргі заманғы «Джип», немесе жаңа «УАЗ» көліктерінсіз, ұшақтарсыз мүмкін емес болып отыр. Республикалық бюджет қаржысы бізден кейінгі ашылып жатқан ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға бөлініп жатса керек, негізгі қорға мүлік алуға соңғы жылдары қаржы бөлінбей келеді. Ақтөбе облыстық қаржы мекемелері бізді республикалық бюджетке қарайды деп жатырқайды. «Қытай медицинасына қажетті шикізат дайындап жатырмыз» деп, Ақтөбедегі қытайлық мұнай компанияларының да тамырын басып көрдік, бірақ олар да үнсіз. Осы мақаланы аяғына дейін оқыған қалталы азаматтар, шынайы патриоттар болса, біздің жанайқайымызды түсінер деп ойлаймыз, әрі үміттенеміз.

Кешегі кеңес заманында киіктерді аулауға үзілді-кесілді тыйым салынып, санын 50-ші жылдары — 900 мыңға, 70-ші жылдары — 1,1-1,2 млн-ға дейін арттырып, өндірістік деңгейде аулайтын дәрежеге жеткізген тәжірибесін қазір де қолдануға болады. 1955-1981 жылдар аралығында тек біздің республикамызда 4 млн 137 мыңнан астам ақбөкен ауланыпты. Нәтижесінде 71 мың 112 тоннадай ет, 3 млн 614 мың тері өндірілген. Франция, Италия және осы сияқты бірқатар шет елдер емдік қасиеті бар жеңсік тамақ ретінде  3 мың 500 тоннадай ақбөкен етін сатып алған. 300 тоннадай бөкен мүйізі дәрілік шикізат есебінде шет елдерге шығарылған екен.

Қазір де өндіріс ошақтарының, әсіресе, мұнай-газ саласындағы өндірістердің көп ашылуына, автокөлік, теміржол дәліздерінің салынуына байланысты киіктердің таралу ареалының қысқарғанына қарамастан, Қазақстандағы ақбөкендер санын 500 мыңға жеткізуге әбден болатынын айтады зерттеушілер.

 

Тізімдер мен жобалар

 

Халықаралық табиғат қорғау ұйымдары киіктің жоғалып кету қаупі жайлы бірінші болып дабыл қаға бастады. Сирек жануарлардың сатылуын реттейтін халықаралық келісім-шартқа (СИТЕС) қатысушы елдер (Қазақстан 2000 жылдан бері қатысады) қосымшаға 1995 жылы сирек жануар ретінде киікті енгізді, 2001 жылы Ресей мен Қазақстаннан киіктердің мүйізін импорттауға тыйым салуды ұсынды. Халықаралық Табиғат Қорғау Одағы (ХТҚО) 1996 жылы бұл түрді «сирек кездесетін және құрып бара жатқан жануарлар мен өсімдіктер тізіміне» енгізсе, 2004 жылы жердегі биологиялық сан алуандықты сақтап қалу тұрғысында киік мәселесін ең маңызды деп мәселе деп жариялады.

2009 жылдан бері жұмыс жасайтын Ғаламдық экологиялық қор, Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму Бағдарламасы, ҚР Үкіметінің қолдауымен құрылған «Далалық экожүйелерді сақтау және орнықты басқару» жобасы және Қазақстанның биологиялық алуантүрлілікті сақтау Ассоциациясы табиғи резерватты басқару жоспарын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, резерват аумағын ұлғайтудың ғылыми-жаратылыс және техникалық-экономикалық негіздемелерін, жерге орналастыру жобаларын жасақтау, материалдық-техникалық, ғылыми-әдістемелік көмектер көрсету, заманауи қондырғылармен жабдықтау, халықаралық сарапшылар мен отандық ғалымдардың жәрдемін ұйымдастыру сияқты бірнеше жобаларды жүзеге асырды, асыра да бермек.

Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты — Ақтөбе облысындағы республикалық дәрежедегі халықаралық маңызға ие бірден-бір ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Ол  Бетпақдала таралымындағы киіктермен қатар, дүниежүзілік Рамсар Конвенциясы тізіміне енген батпақты сулы өлкені, ондағы қызыл кітапқа енген құстарды да қорғайды. Олай болса табиғи резерватқа барлық деңгейде қолдау көрсетіп, табиғи байлығымызды халық болып жұмыла қорғауымыз қажет.

 

Мереке ЖҰБАНИЯЗ,

Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи

резерваты директорының орынбасары.         

Ақтөбе газеті. (2013 жыл, 1 тамыз)

1 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1583
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2284
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3621