Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Айбын 8899 0 пікір 24 Маусым, 2015 сағат 08:46

ҰЛТТЫҚ КЕҢЕСТІҢ МАҚСАТЫ НЕ?


Жақында қайта құрылған  «Қазақ ұлттық кеңесі» төрағасының орынбасарларының бірі режиссер Еркін Рақышевпен сұхбат:

- Жақында өткен «Қазақ ұлттық кеңесінің» жиынында, оны қайта жандандырып, жаңаша құру қажеттілігі жайлы айтылды. Жалпы ұлттық кеңес осы уақытқа дейін қандай жұмыстар атқарды?

- Ұлт жанашырлары мен ұлтшыл азаматтардың бастамасымен «Ұлттық кеңес» осыдан бір жарым жыл бұрын құрылған еді. Өкінішке орай осы уақыт аралығында ештеңе істелмеді десе де болады. Оның басты себебі құрылтайды ұйымдастырушы бастамашыл топ пен белгілі ұлтшыл азаматтардың Кеңестің күн тәртібіне шығарылған мәселелермен келіспеушілігі еді. Кеңесте асығыс көтерілген - орындалу тетіктері айқындалмаған,  Ұлттық-демократиялық мемлекет құрамыз деген сияқты,  бастамалардың іске аспайтыны сол кезде –ақ белгілі болатын. Ашығын айтқанда Нағашыбайдың көкесі айтпақшы «үйірмелік» деңгейден аса алмадық. «Ештен кеш жақсы», демекші қазір Мұхтар Шаханов ағамыз «Ұлттық кеңесті» мықтап қолына алып, қызу жұмысқа кірісіп кетті. Бүгінгі күні Жанұзақ Әкім, Айдос Сарым, Расул Жұмалы сияқты ұлтжанды саясаткерлер бірігіп кеңестің бағыт-бағдарламасын дайындап, мақсатын айқындауда.

- Сонда, «Ұлттық кеңестің»  мақсаты қандай болады?

- Жаңа айттым ғой қазір ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатыр. Қанша адам болса, сонша пікір болады демекші әркім өз ойларын ортаға салуда. Менің ойымша   «Ұлттық кеңестің»  басты мақсаты – қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, мүддесін қорғау болуы керек. Ең алдымен тұрмысы төмен жандардың,  үйсіз-күйсіз жүрген бауырларымыздың, тағдырдың жазуымен кемтар болып қалған  жарымжан-мүгедектердің әлеуметтік жағдайын көтеру керек. Жұмыссыздар мен студент жастарға қамқор болып, алатын зейнетақысы күн көрісіне де жетпейтін қарттарымызға қарайласу болады. Ол үшін алдымен ақиқатты ту етіп, әділетті қоғам орнату қажет. Әйтпесе билікте отырған ат төбеліндей ғана топ, одан қалса ойдан-қырдан қашқан келімсектер  бүкіл қазақтың байлығын иемденіп отыр. Ал, ата-бабаларынан аманат болып қалған байлықтың, осы жердің иесі қазақтар өз елінде қайыршының күнін кешуде. Болды, жетеді биліктің халықты басынғаны! Әр нәрсенің шегі бар. Әркім өзінің несібесін алуы керек. Егер болашағымыз жарқын болсын десек, ауызбіршілік болып халық бір тудың астында біріксін десек, Ұлттық кеңес жұмысын  алдымен әділетті қоғам орнатудан бастауы тиіс.                                                                              

- Ұйымның осындай мақсатын, бағыт - бағдарламасын іске асыру жолдары қандай болмақ? 

- Әділетті қоғам орнату, қордаланып қалған өзекті проблемаларды шешуден басталады. Ең алдымен  жоғарыда айтылған әлеуметтік топтардың тұрмыс жағдайын көтеру қажет.  Тәуелсіздігімізді қорғау,  қандастарымыздың елге келуі мен  азаматтық алуларын жеңілдету, ұлттың рухын көтеріп, рухани құндылықтар мен тілімізді тұғырына қондыру. Халықтың денсаулығы үшін салауатты өмір салтын насихаттау. Сонымен қатар қоғамды жайлаған жемқорлық, азғындық сияқты дерттердің тамырына балта шауып, әділетсіздіктерді жою. Болашағы бұлыңғыр Еуразиялық одақтан шығу болады. Бұлардан басқа ұлттың мүддесі үшін көптеген проблемалардың шешілуіне ат салысамыз.

- Бәрі де дұрыс, бәрі  де солай айтады. Бірақ, айтқандарыңызды іске асыру жолдары қандай?

- Ең бастысы біздің ниетіміз ұлтқа қызмет ету. Ұлт жанашырларының басқалардан айырмашылығы да сонда. Біз «Ұлттық кеңесті» проблемаларды айту үшін емес, шешу үшін құрдық.  Оған күмәнің болмасын. Мысалы, бір проблеманы алайық. «Білім сапасы төмен, жазылған оқулықтар сын көтермейді, жасалып жатқан реформалардан ешқандай нәтиже жоқ»,- дейміз. Енді оны қалай шешуге болатынын қарастырайық. Ол үшін алдымен осы саланы зерттеп жазып жүрген мамандарды, тәжірибелі мұғалімдер мен ЖОО оқытушыларын тағы басқа осы салаға қатысты адамдарды жинап дөңгелек үстел өткізіп, проблеманы көпшіліктің талқысына саламыз. Оны жан-жақты талқылап, түбегейлі зерттеп, шешудің тиімді жолдарын қарастырамыз. Алдын ала БАҚ беттерімен әлеуметтік желілер арқылы осы мәселе төңірегінде кімнің қандай    ой-пікірі, ұсынысы бар екенін білеміз. Түскен ұсыныстар мен пікірлерді саралап, бір жүйеге келтіріп нақты ұсыныстар даярлау үшін жұмысшы тобын құрып, жауапты адамдар бекітеміз.            

- Проблеманың бары басы ашық мәселе, енді оны шешудің нақты жолдары қалай болады?

- Өте орынды сұрақ. Бізде ұлтшыл азаматтардың да, биліктің де кемшілігі сол, бір істі бастап, оны аяғына жеткізуге келгенде, түрлі себептермен тұралап жатады. Мысалы ұлтшылдар Еуразиялық одақ тәуелсіздігімізге қауіп төндіреді, біз оған қарсымыз деді, Бірақ ол қарсылық бір-екі жиын өткізіп, БАҚ беттерінде мақалалар жариялаумен ғана шектелді. Бұл жерде заң аясынан шықпай-ақ түрлі іс-шараларын өткізіп, билікке Еуразиялық одаққа кірмеуге ықпал етуге болатын еді. Бірақ ол жайлы ешқандай жоспар жасалынбай, жүйелі түрде жұмыс жүргізілмеді. Ленин айтпақшы: «Балалық аурудан» арыла алмай келеміз. Нәтижесінде еліміздің тәуелсіздігін бір Құдайдан тілеп қана отырмыз. Билік тарапынан да жақсы идеялар ұсынылып, бағдарламалар қабылданып, реформалар жасалынып жатады. Бірақ солардың орындалуына келгенде жауапкершіліктен жалтарып, көзбояушылыққа салынады. Халықтың мүддесінен гөрі қарабастарының қамын ойлап кетеді. Ал біз не істейміз? Ең бастысы проблеманың бар екенін, оны қалай шешуге болатынын анықтап алдық. Енді бар күшті осының жүзеге асуына саламыз. Ол үшін   үкіметке, парламентке ұсыныстармен шығып, оларға оны шешудің тиімді  жолдарын нақты дәлелдермен түсіндіріп, орындалуын талап етеміз.    

- Олар сіздерді қабылдай қоя ма? Ұсынысты «қарастырамыз, ойластырамыз» деп шығарып салады ғой.

- Біз хат жазбаймыз, олармен бетпе-бет отырып сөйлесеміз. Жетеді, қарапайым - момын халықты алдап басынғандары!  Егер «қабылдай алмаймыз, уақытымыз жоқ» деген сыңайлы сылтау айтатын болса оларға кімнің арқасында, не үшін отырғандарын естеріне саламыз. Халықтың арқасында нан жеп отыр ма, халықтың талап-тілектеріне құлақ ассын! Біз халықтың өкілдеріміз! Әр проблеманың шешілуін қатаң бақылауға алып, қадағалаймыз. Әйтпесе, бұлар ұлттың алдында ешқандай жауапкершілікті сезінбейді. Білім саласында жылда жасалып жатқан реформалардың мақсаты білім сапасын арттыру емес, ақша жеу  болып отыр.  Оқулықтарда кеткен қателіктер айтыла-айтыла жауыр болды.  Оған мән беріп, түзеуге билік құлықсыз. Тіпті, оқулықтарда «жануарлар мен өсімдіктерді будандастыру керек», деген де сөйлемдер жүр. Масқара! Ең сорақысы кінәлілерге шара қолданып жауапқа тартып жатқан ешкім жоқ.  Ал біз бұндай ұлттың болашағын саудаға салған, ар-ұяттан жұрдай болып жемқорлыққа белшесінен батқан билікті тәубесіне келтіреміз. Жауапты адамдарды анықтап, кінәлілерді жазалап, қылмыскерлерді соттатамыз. Әділетті қоғам орнатамыз.        

- Неге сіздер әділетті қоғам орнатуды басты мақсат етіп отырсыздар? Бұдан басқа да маңызды мәселелер бар емес пе? Мысалы, бүгінгі таңдағы әлемді дүрліктіріп отырған лаңкестік сияқты басты проблемалар ше?

- Тәуелсіздік үшін күрескен қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы «Мен орыс халқымен емес, мен Ресей мемлекетімен емес, мен  әділетсіздікке қарсы соғысып жатырмын»,- деген екен.  Әділетті қоғамда өмір сүру - адамзат баласының басты арманы, мемлекеттің дамуының басты көрсеткіші. Әлемде болып жатқан барлық түрлі-түсті төңкерістердің негізгі  себебі, билеуші топтың жүргізіп отырған  әділетсіз саясатында  жатыр. Лениннің жер шаруаларға, завод фабрика жұмысшыларға деген ұранының астарында да, әділетті қоғам орнатамыз деген ой жатыр. Сол сияқты біз дамимыз, өркениетті ел боламыз десек, ең алдымен әділетті қоғам орнатуымыз керек.
  Ал, лаңкестікке келетін болсақ Елбасы  бір сөзінде «Еліміздің біртұтастығына ең қауіптісі радикалды бағыттағы жат діни ағымдар» деп айтып еді. Президенттің өзі осылай деп айтып отырғаннан кейін бұның жай айтыла салған сөз емес екені анық. Сонда мұның астарында біз білмейтін не жатыр? Осыған талдау жасап көрелік.  Біздер Батыс пен Ресейдің ақпараты арқылы исламшылар жайлы олар лаңкестер, содырлар, жабайы-варварлар дегендерін ғана білеміз. Сол ИГИЛ - ислам мемлекеті аз уақыттың ішінде күшейіп алды. Қолдаушылары әлемнің түкпір-түкпірінен ағылуда. Сонымен қатар барлық елдерде астыртын ұйымдары ашылып, жақтастары күн санап көбеюде. Оның себебі неде деп ойлайсыз? Себеп - олардың идеясының мықтылығында. Исламшылар халыққа: «Сендердің тұрмыстарыңның нашар болып, қиындықта өмір сүрулеріңе кінәлі американдар немесе еврейлер емес басты кінәлі - жемқорлыққа батқан жергілікті әділетсіз билік. Сондықтан  біз олардың сазайын беріп  әділетті қоғам орнатамыз»,- дейді. Міне, әңгіме қайда жатыр? Сол себепті де бүкіл әлемде олардың идеяларын қолдаушылардың саны артуда. Ертеңгі күні олар осы ұстанымдарымен бізге де жетеді. «Біз сендердің елдеріңді жаулап алмаймыз. Бес уақыт намаздарыңды оқып жүре берсеңдер бақуатты өмір сүресіңдер. Сендерге қиянат жасап отырған әділетсіз биліктеріңнің көзін жоямыз»,- десе, не дейміз? Жооқ, біздің билік әділетті, халықтың байлығын талан-таражға салған жоқ деп айтатын адам табыла ма? Яғни, жат діни ағымдардың біздің елімізге қатер төндіруіне бір жағынан биліктің өзі де кінәлі.    «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, күнін көре алмай жүрген қазақтың  жартысынан астамы оларды қолдап шықпайтынына кім кепіл? Қалғандары қорыққанынан қолдайды. Қолдамағандардың бастарын алады. Керек пе бізге осылай орнатылған әділеттілік? Ерте ме, кеш пе әділетті қоғам қазақ даласында бәрібір орнайды. Оны бейбіт жолмен не өзіміз орнатамыз, не басқалар күшпен орнатады.    

- Мүмкін билік әділетті қоғамды өзі орнататын шығар? Реформа жасаймыз деп 100 қадам деген бағдарлама енгізіп жатыр ғой.

- Билік бүгінге дейін мұнайдан түскен табысқа мәз болып мақтанып «кереметпіз» деп келді. Түскен қаржыны өнеркәсіпті дамытуға жұмсаудың орынына  дарақылықпен шашып, талан –таражға салды. Енді мұнайдың бағасы екі есеге  түсіп кетіп еді бейшара болды да қалды. Бюджетке ешқандай кіріс жоқ, тек шығын. Болашаққа деп жинаған ұлттық қор күннен-күнге азаюда. Оның үстіне «жарылқайды» деген Ресейдің түрі анау. Жан-жақтан санкциялар қысып, рубльі құлдырап, соғысқа дайындалып жатыр. Одақ болған соң олардағы жағдай ертең бізге де келетіні түсінікті жайт. Осындай жағдайда билік 100 қадам түгілі 1000 қадам жасаса да ештеңе өзгермейді. Әділетті  қоғамды орнатуға бүгінгі биліктің ерік-жігері, қауқары жетпейді. Мен сенер едім оларға, егер халықтан ұрлап, тонаған миллиардтарын өздеріне қайтарып берсе. «Адам бол» журналының соңғы нөмірлерінің бірінде жарияланған, Ақордадан шыққан құпия құжаттарға сенсек, жағдай ушығып кететіндей болса, біздің билік Қытайға қашуға қамданып жатқан көрінеді. - Олай болса жетіскен екенбіз. Сонда халық қайда қалады? Тығырықтан шығатын жол қандай? - Сол үшін де билік алдымен саяси реформа жасауы қажет. Ұлтжанды азаматтардың билікке келуіне, халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, мүддесін қорғауына кедергі жасамай, қайта қолдап отыруы керек. Әйтпесе, ертең жат діни ағымдар дінді саяси мақсаттарына пайдалану арқылы халықты айтқанына көніп, айдауына жүретін тобырға айналдыруы мүмкін. Мыңдаған үйсіз-күйсіз жүрген, мемлекеттің көмегінен күдер үзген жандарды алдап-арбау арқылы өздерінің қол шоқпарына айналдырады. Басы бірікпеген ешқандай ұстанымы жоқ жастар солардың жетегінде кетеді. Еліміздің тыныштығы бұзылып, ұлттық құндылықтардан айырыламыз. Сол үшін де, ұлт жанашырлары мен ұлтшыл азаматтар бірігіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұлттың болашағы үшін әділетті қоғам орнатуымыз керек.                                                                                                       

- «Ұлттық кеңеске» кімдер мүше бола алады?                                                         

-Қазір ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатқан соң, оған кімдер мүше бола алады, олар не істейді, міндеттері қандай болатыны айқындалуда. Болашақта Ұлттық кеңес Мұхтар ағамыздың тіркелмеген «Халық рухы» партиясының негізін қалауы да мүмкін. Ол жайлы да ойлар бар.   Ал, қазір бізге жүрегі «ұлтым» деп соққан қазақтың болашағына немқұрайды қарай алмайтын белсенді азаматтар керек. Біз осындай ұлтын бар жан-тәнімен сүйетін ұлт жанашырлары қолдағанда  ғана мақсатымызға жетеміз. Ақын Жәркен Бөдеш ағамыз:                         

Көкіректегі оттай ыстық жүректі,                                                                                       
Бір жапырақ тірі етті -                                                                                               
Соқпаса ұлтым деп, жұртым деп,                                                      
Лақтырдым итіме есігімді күзеткен,                                                                                 
Итім артық емес пе ондай мәңгүрт жүректен,- деп жырлағандай бойында текті қазақтың қаны бар, намысы мен ары бар, ұлтшыл азаматтарға сенеміз және соларға арқа сүйейміз!

Ұлты үшін қызмет еткісі келетін тілектес азаматтар фейсбуктағы М.Шаханов ағамыздың парақшасына хабарласуына болады.

Сұхбаттасқан Талғат Жанысбай

Abai.kz

0 пікір