Сенбі, 20 Сәуір 2024
Қоғам 8063 0 пікір 25 Маусым, 2015 сағат 14:33

ҚАЗАҚ КИНОСЫ ҰЛТТЫҚ ПА?

Аз күн бұрын редакцияда белгілі фотосуретші Асылхан Әбдірайымұлын кездестіріп қалдым. Аз-кем сұхбаттасудың да сәті түсті. Аса мәдениетті, әншейінде дауысын көтермей, бәсең үн қататын Асекең бұл жолы қызбалана, бастырмалата сөйледі: «Қазақ  елінде фото бар, мектеп жоқ, болса да жүйеленбеген. Қазақ фотоға түсіруді өнер деп білмейді. Фото өнері жоқ ұлт ұлт па өзі?»  – деп шамырқанады.

«Рас-ау»  деймін мен іштей. Шынымен. Фотоөнері жоқ ұлт ұлт па? Барымызды орыс фотоөнері өкілдеріне артып сап, ақсақ қойдай сүйретіліп, қай өркениеттің соңынан барамыз? «Аю» жеп қоймай ма? Ал, ұлттық карикатурасы жоқ ұлт ше? Ұлт па? Жалғыз Ғалым Смағұлұлы қай жыртығымызға жамау болады? Оның өзін «жалғызым» деп қастерлеп жүрміз бе өзі?  Ғалым Смағұлұлы ұлттығымыздың айнасы емес пе әуелі? Ол болмаса, тіпті, жырым-жырым туырлығымыз жалпылдап, үйімізді жел көтеріп кетер еді ғой? Ал, кино ше? Киномыз ұлттық па өзі?

Жоғарыдағы мәселелер жарайды, еленбей, назардан қағыс қалды дейік, ал, пролетариаттың көсемі, бәрін алдын ала сезіп, біліп отыратын Ленин айтқан: «Из всех искусств для нас важнейшим является кино» ше? Даңғарадай қылып салған «Қазақфильміміз» бар емес пе? Оны неге назардан қағыс қалдырғанбыз? Осы даңғарадай «Қазақфильмімізден» жылына орта есеппен бес-алты фильм шығады, олар неге біздің «ұлттық» деген өлшемімізге келмей жатыр? Біз сонда сонша миллиардтарды шығындап, «бала-шағаның аузынан жырып» кім үшін, не үшін фильм түсіріп жатырмыз, егер олар ұлт рухына дем бермесе? Бірден байбалам салып кетіп жатырмыз, дегенмен, киномыздың қазіргі түрі шынымен жүйкеге ши жүгірткендей…

«Жылтырағанның бәрі алтын емес» дейді атам қазақ.  Дәл қазіргі уақытта бабаларымыздан қалған осы асыл сөзге зейін қойып, зер салсақ, көп нәрсеге көзіміз жетер еді. Яғни, ұлттық кино деп сыртын жылтыратқан дүниелердің ішін жарып көрген ләзім, не ақтарылар екен…

Жетпіс жыл ұлттығымызды тұсаулап келген Кеңес одағына ортақ идеология марксистік идео-логиядан бастау алары түсінікті. «Марксистік идеология негізінде ұлттың негізгі саяси компоненті жойылып, этнос деңгейіне дейін төмендеген». Яғни, ондағы ортақ мақсат – коммунизм болғандықтан, ұлтымыздың  жаны мен жүрегі – тіл мен діл барынша тұншықтырылып, орыс тілі қарым-қатынас құралы ретінде өмірімізге еніп, жанымызды да жаулай бастаған. Ал, тілі мен ділінен айырылған жұрттан ұлттық дүние күту мүмкін бе?

Кеңес өкіметі ертерек бел алып кеткен ұлттық әдебиетке ауыз салғанымен, азуын басып жата алмағасын, әуре болған жоқ, ал, киноны мықтап қолға алды.  Ленин үшін «өнердің маңыздысы» Кеңес өкіметі үшін де құнды болары түсінікті, әрине. Қазақтың кино өнерінің тарихын кинотанушылар 1937 жылы түсірілген «Амангелді» фильмінен бастағысы келеді. Бастап та жүр. Оған айтатын дәлелі – фильм қазақ даласында түсірілген. Кейіпкері –  қазақ. Сценарийін жазғандар да қазақтар – Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов (оның өзінде оларға Всеволод Иванов дегенді қосақтап қойған), тек режиссері ғана орыс.

Енді бірі қазақ киносы тарихын 1954 жылдан, яғни Ғ.Мүсіреповтің  «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасының ізімен түсірген Шәкен Аймановтың «Махаббат туралы аңыз» фильмінен бері тартқанды жөн санайды. Бұл енді ақылға қонымды болғанымен «амбициямызға» қоныңқырамай тұр. Себебі, К.Геккель деген аты орыс, киноөнер әлемінде онша таныс емес жанды қоюшы режиссерлікке қосақтап қойған. Осылай қосақтаудан арылмаған киноөнеріміз бүгінге дейін біреумен жанаспаса жүре алмайтындай дәрежеге жеткен. Кеңес кезеңінде Қазақ елінде түсірілген фильмдердің санына жете алмассыз, ал оның қазақ рухына қызмет етіп жатқаны қанша? Саусақпен санарлық-ақ… Өкінішті.

«Жә» дейік, Кеңес өкіметі енді ортақ қазанға қарап, ортақ мүддені көздеді, оны сынағанымыз өлген адамды төмпештегенмен бірдей болып шығады. Біз тәуелсіздік алған тұстан, жоқ, одан да бері – кейінгі бес-алты жылда жарық көрген фильмдерді саралап көрейікші.

2010 жылы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» Акционерлік қоғамында «Ирония любви» деген фильм дүниеге келген. Бюджеті – 2 миллион доллар. Әуелгі сценарий авторлары Д.Рүстембеков пен Д.Күмісбаев еді, соңыра киностудия басшылары фильмді «жетілдірмекке» Мәскеу асырды да, ол жақтан А.Зензинов, В.Забалуева деген авторларды, А.Черняев деген режиссерді, Давлетияров деген продюсерді тізбекке алып оралды. Фильм Мәскеуде түсірілді. Бұл фильм туралы көп созып қайтейік, картинадан қазақ ұлтын да, ұлысын да көре алмайсыз. Бас кейіпкер – ресейлік, бірақ құшағына қысқан қызы қазақ (Ә.Сағатова сомдайды ол рөлді). Рухыңды байытар не мән, не мағына болсашы… Жарнамасы сұмдық болды. «Ат құйрығына салынған» бойжеткеннің суреті қаланың әр бұрышынан табылатын. Ұлт зиялылары шулап-шулап қойған.

Сол жылы «Возвращение в А» деген фильм жарық көрді. Әуелде оның сценарийін Д.Амантай мен Ғ.Насыров жазды. Бастапқы аты «Қара майор» болатын. Кәдімгі Ауған соғысының қаһарманы, «қара майор» атанып кеткен жанның ерлік істері мен өмірі кестеленген еді сценарийде. «Ауылдағының аузы сасық», несі жақпай қалғанын, оны да «қырнап-сүрмекке» Мәскеу аттандырды басшылық. Даңқты режиссер-сценарист Андрон Кончаловскийдің ұлы Егор Кончаловский таңдалды режиссерлікке. Қазан қолдан кеткен соң, құлағын қалай шығару өзгенің еркінде қалмай ма? Егорымыз қасына Моисеенко, Новотоцкий-Власов деген сценаристерін алып, шығарманы білгенінше кергілеп, кескілеп бақты. Сосын жамады, жасқады. Фильм шықты. Шыққанша шуылдатып, дабыралатып бітті. Алғашқы көрсетілімін дардай қылып сол жылғы Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің ашылу салтанатына сәйкестірді. Көрдік. Даңғаза музыка, әсіредыбыстар мен эффектілерді қиюластырып, әрекеттерді түзіп шыққан. Тағдыр жоқ, үлкен полотноларға тән байыптылық жоқ. Екі сағаттық клип көргендей әсерде боласыз. Қазақылықтан, қазақтың жанынан мысқалдай жұрнақ қалмаған. Сонда дейміз-ау, бұл жобаны Мәскеудің киномамандарына (ортақол киномамандарына, әрине. Болмаса, Егордың өзі айтпады ма, «әкем – кино-өнермен, мен киноиндустриямен айналысамын» деп…) бергендегі мақсаты не? Жетілдіру ме, желкесін қию ма? Ол киноны көргендер бар ма екен бүгінде? Естерінде не қалды екен? Отансүйгіштік, елжандылық қаситтерді құя алды ма бойларына? Қазақтың батырының жантебірентер тұлғасын мүсіндеп бере алды ма? Фильмнің бюджеті – 5 миллион доллар! Шынымызды айтайық, мұндай ақшаға Б.Майлиннің, Ж.Аймауытовтың,  Ғ.Мүсіреповтің, қайсыбірін тізіп айта береміз,  қалған жеті жүз жазушының кез келген қазақы шығармаларының ізімен қазақы рухымызды желбіретіп тұрып, он кино түсіруге болар еді… Соншама ақшаны көлденең көк аттылардың тақымына қыстырып, бөктергілеріне байлап беретіндей не болды? Сондай ортақол киномаманы өзімізден де табылатын еді ғой?!

Сол жылы өндіріске кетіп, араға екі жыл салып тағы бір дүдәмал дүние («дүрегей дүние» десек авторлардың намысына тиерміз) келді дүниеге. Әуелгі атауы «Виртуальная любовь. RU» болатын. Аты айтып тұрғандай-ақ, фильм  орыс жастары өмірінің бір қырын сөз ететін. Сол кезде бел алған әлеуметтік желідегі қарым-қатынас, оның жастар тұрмыс-тіршілігіндегі рөлі, басқа да авторлар қызықты деп тапқан оқиғалар қамтылған-тын. Тек біз түсінбеген бір нәрсе бар еді: мұның қазақ жұртына қандай қатысы бар? Біздің  тіршілігімізден мүлдем алшақ бұл нәрсені неге (қанша дүниемізді ысырып қойып!) «Қазақфильм» қолға алуы керек? Фильмнің сценарийі осы жолдардың авторының да қолына түскен. Сценарийдің Ресейдің сансыз көп кинокомпанияларының біразының табалдырығын тоздырғаны көрініп тұрды. Біраз адам аттарын «ел өміріне лайықтамақ болып» қазақшалаған екен, бірақ кей тұста әлгі кейіпкердің аты баяғы орыс есімімен сопаң етіп шығып қалып жатты. Жіберіп алған ғой арасында… Фильм шықты. Сол баяғы қалыпты формадан алыс кетпеген. Бас кейіпкер жігіт – ресейлік. Артур Смолянинов. Бас кейіпкер қыз да ресейлік, бірақ қазақ қыз. Ақыры авторлар өздерінің әуелгі ойларын жасыра алмаған. Фильм ресейліктердің аудиториясына лайықталған.

Солардың фильмі.  Ал, оған кеткен ақша біздікі, яғни бюджеті – 2,4 миллион доллар. Көркемдігі… не дейік… сын көтермейді, бір сөзбен айтқанда. Айтпақшы, фильм шығар уақытта туындының атын «қазақшалаған». Қалай деп дейсіздер ме? «Нереальная любвь. KZ»! Ал, ендеше!

Жарайды, жоғарыда сөз болған фильмдер енді  орыс киномамандарына «өзіміз сүйкеніп» тауып алған бас ауруымыз, ал өз мамандарымыз жасаған фильмдер неге ұлт жанынан аулақ қонған? Сенбесеңіз, тізейік: Сол 2011-12  жылдары  «Қазақфильмде» «Книга легенд: Таинственный лес» деген балаларға арналған фильм жарық көрді. Авторы Ахат Ибраев деген жас жігіт. Естуімізше, АҚШ-тың әлдебір штатында киноөнердің оқуын тауысып келген маман екен. Фильмнің схемалық сюжет желісіне тиіспей-ақ қояйық, ал түріне, пошымына қарап қалжасынан түңілерліктей  екен. Фильмнің әуелгі титрлерінің каллиграфиялық таңбалануынан  бастап голливудтық фильмдердің,  нақтырақ айтқанда, ағылшын жазушысы Джоан Роулингтің «Гарри Поттер»  романының  желісімен  түсірілген  фильм  эстетикасы көзге ұрады. Сол атмосфера, сол қаракөлеңке орман, сол тектес тегі шатасқан қиял-ғажайып кейіпкерлер. Ұлтымызға тән түр мен сипаттан мысқал болсашы. Құдай-оу, біз неге балаларымызға ақ тер, көк тер болып қазақ ертегілерін айтамыз, оқытамыз, теңдеп баспадан шығарамыз, егер қиялдарына орныға бастаған ол кейіпкерлер (өз кейіпкерлеріміз) кинодан көрініс таппаса, саналарына түскен дәнек экранда зорайып, көрінбесе, жемісін бермесе?

Сол кездері жарық көрген «Сказ о розовом зайце» (режиссері Ф.Шарипов), «Супер Баха» (режиссерлері Т.Байтукенов, Т.Қасымжанов), «Ради будущего» (режиссері И.Сагинов), «Обратная сторона 2» (режиссері М.Кунарова), «Путь боксера» (режиссері Ф.Шарипов) атты фильмдер туралы да осы мәнзелдес сөз қозғауға болады. Басы мен бақайшағына дейін басқа тілде, басқа ділдегі фильмдер.

Бірақ, сценарийі мемлекеттік тілде жазылып, қойылымына дейін ұлттық нақыш менмұндалаған бір-екі фильм болғанын айта кетпесек, әділетсіздік болар еді. Олар: «Аққыз» (режиссері Ж.Жетіруов) және «Жел қызы» (режиссері Ж.Пошанов). Бұлардың бюджеті 200-300 мың доллардан асқан жоқ, жалаулатып жарнамалап жатқандарын да байқамадық. Міне, біздің хал!

«Қазақфильмнің» қатысуымен таза Ресейлік фильмдер де түсіріле береді. Оған дәлел Б.Худойназаровтың «В ожидании моря» фильмі мен П.Чухрай бастап, А.Котто аяқтаған «Испытание» фильмдері.

«Қазақфильмнің» соңғы бес-алты жылдағы ұстанымы «көрермендерге арналған кино» ұранымен іске асып жатқандай. Нақтырақ айтсақ, кино көрермен назарын өзіне тез аудара қойса, сол жетістік деген түсінік болса керек. Осы жолда қазақтың маңдайына біткен жалғыз киностудияның басшылары көп ойланып, бас қатырмады (мүмкін, керісінше, ұзақ толғанып), голливудық дайын модельді икемдей қойды. Қайткен күнде де көрермендерді молдап тарту, сол арқылы ақша да әкелу басты мақсаттарына айналды. Бірақ мұндай модельді бірден алдыға алмас үшін, әуелі елдегі әлеуметтік ахуалды аңдап алған дұрыс болар еді. Үлкен қаржыға түсірілген фильм өзін-өзі ақтау үшін сол киноөнім түсірілген тілде көретін шамамен 200 миллион халқы болуы керек. Ал біздің елде 16 миллион адам бар, оның кинотеатрға баратын бөлігін 10 миллион деп санаған күннің өзінде әлгі «қазақстандық-голливудтық экшныңыз» шыққан шығынының жартысын да жаба алмас еді. Оның үстіне, бізде тілдік біркелкілік жоқ. Сол себепті, аудитория тұтастығы да жоқ.  Біз жоғарыда атаған фильмдердің бәрі сол коммерциялық мүддеде ақша табады деп жасалған туындылар. Қайдан? Шыққан шығындарының ширегін де жаба алған жоқ олар. Себебі, ондай қалыпта Голливудта, Ресейде мыңдап фильмдер шығып жатыр, олар емін-еркін елімізде көрсетіліп жатыр, «кальканы» қайтсін жұрт?

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы:

– «Хозяева», «Уроки гармонии», «Риэлтор»… Көрген боларсыздар? Сын көтермейді! Адамда намыс деген болуы керек қой?! Қазақ халқын масқара қылып көрсету кімге керек? Неге біздің әл-Фараби, Шәмші Қалдаяқов туралы бірде-бір фильміміз жоқ? Бауыржан Момышұлы туралы шағын сериал түсірдік. Неге көркем фильм түсірмейміз?

«Қазақфильм» жекелеген адамдардың меншігі емес. Белгілі бір адамдарды жинап алған. Солар ғана жаңа фильм түсіреді. Ал басқа режиссерлер «Қазақфильмге» жуымайды. Бұлай болмауы керек! «Таңдаулы» режиссерлардың туындылары сын көтерсе мейлі екен, олардың түсіргенін шетел түгілі, өз көрерменіміз білмейді.

Кино саясатын нықтауда бізден Балтық жағалауы елін айтпағанда, өзбек ағайындар мен қырғыз ағайындар озды. Олардың елдеріндегі кинотеатрлар әлдеқашан сандық жүйеге көшкен. Сандық форматта бюджеті өте аз, ұлттық фильмдер түсіреді олар. Бюджеті аз болған соң, оны ақтау да оңай. Бізге де керегі сол еді.

Өзбек ағайындар бүгінде өз фильмдерімен, өзіндік фильмдерімен рухтарын байытып отыр. Қазір барып еліндегі кинотеатрларын көрсеңіз, әлем-жәлем жарнама щиттерінен алашапанды жеткіншектің күліп тұрған  суретін көресіз. Бұл халық түгелге жуық өз фильмдерін көреді. Моделі біз ұстанған американдық емес, өзіндік. Сюжеттік қиылыстары сәл үнді фильмдеріне тартып кететіні болмаса, салты, санасы, тілі, ділі әдемі өрілген өзбек фильмдері. Сана-милары орыс киносымен жуылып, голливудпен шайылған жоқ, өз бағыттарын қалыптастырды, көрермендерін де соған ұйыта алды. Тіпті, қазақтарды да ұйытты десе болады («Зухра», «Суперкеліншек» фильмдерін еске түсіріңіз).

Әрине, оларда да кемшіліктер бар. Фильмдері түгелге жуық пайда табу үшін көрермен жетегінде кеткен соң оқиға, сюжет барысын сентиментальдық әрекеттер, қисындар жаулап алған. Сол себепті де көркем фильмге тән қуаттылықты жоғалтып алды. Авторлық фильмдері жоқтың қасы. Бірақ, алған беттері дұрыс, әзірге олар рухтарын бекіту жолында, сосын жандарын байытатын фильмдерін де түсірер.

Қырғыз фильмдері де негізінен дәл осындай бағытта. Бірақ олар таразы басын тең ұстады. Олар өздеріне тән көрермендерге арналған халықтық фильмдермен қоса авторлық бағытты қатар алып жүрді. Ол елде тоқсаныншы жылдың аяғы, екі мыңыншы жылдардың бас кезінде авторлық фильмдердің хас шебері  Актан Арын Кубат деген азамат бір топ жастарды жинап, арт хаус фильмдер шеберханасын құрды. Қазіргі қырғыз фильмдерінің негізін қалап, шаңырағын ұстап тұрған біраз жас сонда тәрбиеленді. Актан оларға шетелден гранттар тартты, «Қырғызфильм» хал-қадірінше көмектесті.

«Қазақфильмнің» бір бағыты осындай жолды ұстанса, екінші бағыт – еліміздің ақыл ойы мен дәрежесі – авторлық фильмдерді дамыта бергені жөн еді. Авторлық фильмдердің бағасы ешқандай материалдық игілікпен өлшен-бейді. Дегенмен, ондай фильмдер де қыруар пайда әкеледі. Иран киногері Жафар Панахидың 10 мың долларға ғана түсірілген «Шеңбер» атты фильмі 45 елге сатылды демеп пе едік? А.Звягинцевтің де 400 долларға түсірілген «Возвращение» атты тырнақалды фильмі Венеция кинофестивалінде екі бірдей «Алтын арыстанды» қанжығасына байлаған соң, әлемнің 65 еліне сатылмап па еді? Біздің де осылай елімізге «қарумен» емес, «ақылмен» қаржы әкелуге әрекет еткеніміз абзал. Бұл аталған фильмдер ешқандай «вудтардың» ықпалына кетпеген таза ұлттық фильмдер еді. Сонысымен бағаланады олар!

«Қазақфильмнің» соңғы бес-алты жылдағы сипаты өзінің аққуы мен қазы қонған, жағасын қамысы мен қоғасы көмкерген шалқар көлі тұрып, адасып, біресе орыс баржасының ізіне түсіп, түтініне қақалып, біресе барып «голливудтың» алып кемесі жүзген теңізге ұрынған ескексіз қайықты елестететін еді. Буы будақтап, жал-жал толқынды иіріп салып, кетіп бара жатқан алып кеме мен екпінді баржа біздің ескексіз қараша қайығымызды қайта-қайта жағаға қайырып тастайды. Сонда да кері талпынып қоймаймыз.

Кино өнері – өте жас. Сол себепті, ол болашақтың өнері. Мемлекетіміздің болашағы осы болашақтың өнерімен бірге піспек, бірге қалыптаспақ, бірге жасаспақ! Бәрін айт та, бірін айт, осы болашақтың өнері – кино ұлттық рухпен суарылмай, ұлтыңыздың бойы түзелмейді! 

Данияр Саламат

«Ақ желкен», журналы №6. 2015 жыл

Тақырып өзгертіліп алынды. Түпнұсқадағы тақырып: "Ескексіз қайық немесе қазақ киносы ұлттық па?"

0 пікір