Жұма, 29 Наурыз 2024
Қоғам 7706 0 пікір 26 Маусым, 2015 сағат 14:14

КИІКТЕР ҚЫРЫЛЫП ЖАТЫР: 332 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ҚАЙДА КЕТКЕН?

Ресми дерек көздерінің айтуына қарағанда, қаңқасы сайын далада қалған киіктердің саны 132 мыңнан асады. Ал 2014 жылғы мәлімет бойынша елімізде бөкендердің саны 256,7 мың болған екен.

Парламент палаталарының бірілескен отырысына келген Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов киіктердің қырылуына байланысты ешқандай ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілмеген, жүргізілсе де аяқсыз қалғанын растай келіп былай деді: 

—Киіктің қырылуына байланысты бізде арнайы ғылыми жоба болмапты. 1981жылы және 1984 жылдары қырылған киіктердің саны 180-250 мыңға жеткен.  Ал, 1988 жылы 440 мың киік өлді. Бірақ, сол кезде де ғылыми зерттеу жұмыстары  жүйелі болмаған еді. Сондықтан 2001 жылы ғылыми жоба қолға алынған. Үш жылдың ішінде киктердің қырылу себебі анықталып, 6 түрлі вакцина шығарылды.  Бірақ, ол жұмысты жалғастыру үшін клиникалық тестілеу керек. Оған 1-2 жыл кетеді. Қосымша қаржы қажет. Біз Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, осы жобаны келесі жылдан бастап жүзеге асыра бастаймыз.

Білім және ғылым министрі «қосымша қаржы қажет» дегенде, Мәжіліс депутаты Ерболат Мұқаев соңғы жылдары киіктердің қырылуын анықтауға республикалық бюджеттен  332 миллион теңге қаржы бөлінгенін айтып қалды. Сонда, осынша мол қаржы қайда жұмсалып келген? Бұл сұраққа кім жауап береді?

Жоғарыда ресми дерек көзі, қырылған киіктердің саны 132 мың десе, қоғам белсендісі Мақсат Ілиясұлы «134 мыңнан асады» дейді. Сайтымызда үзбей жарияланып келе жатқан «Шыныдық экспедициясының» жолжазбасына үңілейік (экспедицияның күнделігін мына сілтемелерден тауып оқи аласыздар: http://abai.kz/post/view?id=3714; http://abai.kz/post/view?id=3742; http://abai.kz/post/view?id=3774):    

Қостанай облысының Амангелді және Жангелдин ауданындағы жағдайлар туралы біраз ақпарат берілді деп ойлаймыз. Десек те, Жангелдин ауданында болғандағы ең негізгі айтатын мәселе, еліміздегі барлық қырылған киіктердің саны ресми жарияланғандай 134 000-нан әлде қайда көп екені анық болды. 

Себебі, «Шындық экспедициясы» Жангелдин ауданының бірнеше елді мекендерін аралап, халықпен кездесу барысында далада тағы 5000 киіктің өлгені туралы ақпарат алды. Тіпті, ел ішінде ол 5000 киік соңғы бірнеше күн ішінде қырылды деген сөз де бар.

Сонымен бірге Амангелді мен Жангелдин ауданының басшылары дереу жергілікті халықты жинап, қырылған киіктердің өліктерін шұғыл көміп жатыр деген де ақпарат түсті бізге. Аудан әкімінің Аппарат басшысы аудан әкімі мен оның орынбасарлары сол киік көму жұмысында жүрген көрінеді.    

Бұл жағдайды көріп, нақты көз жеткізу үшін, екінші жағынан аудан басшыларымен «оқиға ортасында» кездесіп, сұхбат алып, мән-жайды түсіну үшін  жолға шықтық. Дала жолдарының нашарлығы соншалық, асты биік, жүрдек авто көліктің өзі жете алмай, көлік ауыстыруға тура келді.

Түнгі он екілер шамасында киік көмуге кеткен адамдар кері қайта бастады. Ауыр жүк машиналары мен тракторлар, шағын автокөліктерді тоқтатып, мән-жайды сұрағанымызда 5000 киіктің түгелдей көміліп біткенін, барған барлық адамдардың кері қайтқанын естідік. Ал сол жігіттер «әкім мен оның орынбасарлары 8 машинамен  артта келе жатыр» деді. Алайда әкімнің «кортежін» кездестіре алмадық. Не де болса деп алға тарта бердік.

Қанша қиындық болса да, жергілікті халықтың көмегімен, нәтижесінде киіктер қырылған аймаққа да жеттік түнделетіп. Түнімен ашық далада қонып, таң ата жан-жағымызға қарап, бір-екі қырды асқанда әр жерде шашылып жатқан киіктердің өлекселеріне тап келдік.

Екі жалдың ортасындағы жазық ойпаңда шамамен әрбір 25-30 метр жерде, кей жерде одан да жиірек, киіктердің өлігі шашылып жатыр, негізінен аналық бас. Біз 30-40 минуттай аралап, 42 киіктің өлігін фотоға  түсірдік. Одан әрі аралап, санап шығу мүмкін болмады. Киіктердің өлігіне қарап, олардың кемінде бірнеше апта  бұрын өлгендерін байқадық.  Ауыл адамдары  айтқан 5000 киіктің соңғы екі-үш күнде қырылғаны туралы мәлімет расталмады.

(Киіктер қырылған далада суырлар да өліп жатыр. Сонда олар да "қыстан көтерем шықан ба?" дейді экспедиция мүшелері).

Сонымен, 5000 киік көмілген соң осынша өліктің жатқанына қарап, қырылған киіктердің саны бүгінге дейін жарияланған саннан әлде қайда көп екеніне көз жеткіздік. Сайын далада әлі көмілмей, көрінбей  жатқан киік өліктері он мыңдап жатуы мүмкін-ау деген ойға келдік.

Аудандағы бірнеше елді мекендер мен шаруа қожалықтарын аралау барысында мал шығынының да өткен жылдан әлде қайда көп екенін білдік.

Алайда аудан әкімдігінен ресми ақпарат алу мүмкін болмады. Жергілікті  әкімдер Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың  мемлекет пен биліктің халыққа есеп беріп отыруы қажеттігін және ақпараттардың халыққа қол жетімді болуын қамтамасыз ету туралы тапсырмаларын әлі ести қоймаған сияқты. Әрине, жер шалғай, «бәріне ауа-райы кінәлі...»          

Мақсат Ілиясұлы,

«Антигептил» қозғалысының,

«Шындық экспедициясының» мүшесі.

Abai.kz  

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1584
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2284
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3626