Сенбі, 20 Сәуір 2024
Қоғам 7082 0 пікір 27 Маусым, 2015 сағат 03:52

ӘУБӘКІРОВ: «ГЕПТИЛДІ ӨЗДЕРІНЕ ІШКІЗІП КӨРЕР ЕДІМ»

Совет одағының батыры, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров Кеңес Одағы кезінде Қазақстан аумағында жаппай қырып-жою қаруларының, әскери зымырандар түрлерінің сән мәрте сыналғанын, әсіресе, Бетпақдала мен Арал теңізіндегі Барсакелмес аралы ауданында жүргізілген сынақтарды, сол кезеңде де гептил отынын кең қолданған еске салып, Елімізде киіктердің жаппай қырылу себебін түсіндірді. Ол "Астана арнасы" тілшілеріне:

“Гептил – өте улы зат. Ол суда да, топырақта да көптеген уақыт бойы сақталады. Гептилдің сіңіп, еріп кету мерзімі өте ұзақ. Улы зат тірі организмге түссе, ішкі құрылыстың бәрін күйдіріп жібереді. Кезінде орыс мамандары гептилдің залалсыз екенін айтып, тіпті, “Ол тиген судың өзін ішуге болады, қауіпсіз” деген қауесет таратқан еді. Өздеріне ішкізіп көрер едім мен. Менің айтарым, Қазақстанның Бетпақдаласында гептил қалдықтары өте көп. Киіктердің жаппай қырылу себебі осыдан болуы мүмкін. Кезінде қазақ жерінде түрлі сынақтар өтті. Барлығы да соның жаңғырығы дер едім. Бірақ бұның бәрі тек менің өз пікірім”, – деп көзқарасын білдірді.

Сонымен қатар, Тоқтар Әубәкіров қыркүйекте ғарышқа аттанғалы жатқан қазақстандық ұшқыш Айдын Айымбетов туралы да пікірін айтқан. Айтуынша, үміткер ғарышқа алғаш рет аттанғалы отырса да, Қазақстан Республикасы ғарышкері атағын алып үлгерген, астрономия ғылымдарын терең оқыған, әрі болашақ ғарышкерлерге дәріс беріп жүрген маман.

“Тағы бір ерекшелігі Айдын Айымбетов – қазақ азаматтығы бар алғашқы ғарышкер. Бұл біздің отандық Ғарыш агенттігінің ең үлкен жетістігі дер едім. Олар өздерінің позициясын ұстанып, жақсы жұмыс тындыра білді. Әрине, ағылшын туристінің ұшудан бас тартқаны да бізге тиімді болды. Құдай қаласа, Айдын Айымбетов осы қыркүйекте ғарышқа аттанады. Бұл үлкен жетістік. Ол өзі білікті маман. Бұл сапарға ол бұрыннан әзір болатын. Кезінде ғарышкерлер командасына Айдын мен Мұхтар Аймаханов іріктелген еді. Қазір Мұхтар ресейлік ғарышкерлер қатарында өз кезегін күтіп отыр. Ал Айдын, мен және Талғаттың жолын қуып, қазақ азаматтығы бар алғашқы ғарышкер атанғалы отыр”, – деген Тоқтар Әубәкіров өз сұхбатында.

Естеріңізге салсақ, жерлесіміз Айдын Айымбетовтің биылғы жылы қыркүйекте ғарышқа ұшатыны туралы хабар жақында ғана жарияланған еді. Киік қырғынына ғарышқа станцияларды тасып жүрген зымырандардың отыны зарар келтіріп жатыр деп қанша туласақ та, Айымбетовтің ғарышқа ұшатынын естіп, баршамыз қуанған болатынбыз.

 

 

Abai.kz

0 пікір