Жексенбі, 20 Қазан 2019
46 - сөз 4697 0 пікір 27 Маусым, 2015 сағат 05:59

ЖУРНАЛИСТ-ДЕПУТАТТАР

Журналист саясаттан тысқары бола алмайды. Содан болар, журналистердің біразы саясаттан да төбе көрсетіп келеді.

Ел тари­хында депутат болып сайланған журналистер көп емес. Журналист-депутаттың басқа де­путаттан жөні бөлек. Себебі жур­налист-депутат өзіне сенім білдірген халықтың жайына басқалардан бетер алаң­дайды екен. Оның дәлелі – кешегі Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғар­сынова, Мұхтар Шаханов. 

Журналист-депутаттардың легін кейін Жарасбай Сүлейменов жалғастырды.Еңбек жолын Солтүстік Қазақстан об­лыстық «Ленин туы» (қазіргі «Солтүстік Қазақстан») газетінде кіші әдеби қыз­меткер болып бастаған Жарасбай ағамыз Парламент партасында талай оң істің бастамашысы болды. «Петропавлды қа­зақшалайтын уақыт жетті!» деп атойлаған осы Сүлейменов еді. Үкімет басшысына арнайы сауал жолдап, қаланың ежелгі аты Қызылжарды қайтаруды қоймай сұрады. «Мемлекет дін мәселесіне араласуы ке­рек» деп ашық айтты. Астанада Мағжан Жұмабаевтың ескерткішін орнатуды көтерді. Депутаттық креслосын босатқан соң бұрқ-сарқ қайнаған журналистік ортаға қайтып оралды. Жарасбай Сү­лейменов негізінен, Қазақстан теле­дидары мен радиосына көп еңбек сіңірді. Қарапайым тілшіліктен бастап Солтүстік Қазақстан телерадиокомпаниясы ди­ректорының орынбасары, «Солтүстік Қазақстан» газетінің директоры – бас редакторы болып тағайындалды. Осы қызметінен Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды.

Журналистикада тайға таңба бас­қандай таңбасы бар депутаттың бірі –Қуаныш Сұлтанов. Ағамыз еңбек жолын Алматы облысы Сарыөзек ауданының газетінде корректор, әдеби қызметкер болып бастады. Көп ұзамай Панфилов аудандық комитеттің бірінші хатшысы болды. Осылайша Қуаныш Сұлтановтың саясаттағы мансабы басталып кетті. Әр жылдарда Қазақстан Ком­партия­сының Жастар одағы, мәдениет, ұйым­дас­тыру­шылық, идеология бөлімдерін басқарды. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш баспасөз министрі өзі болды. Қуаныш Сұлтанов өзі журналист болған соң, тілшілерді жоғары бағалады. Отандық БАҚ-ты жаңғырту, оның тиімділігін арттыру мәселелерін көбірек қозғады. Тіпті Парламент Мә­жілісінде қазақ басылым­дарының бөлшек саудада шетқақпай көріп отырғанын ашық айтып, Үкіметке сауал жолдаған осы, Қуаныш ағамыз болатын. Саясатта жүрсе де қаламын құрғатпады. Қуаныш ағамызды тәуелсіздіктің шежірешісі деуге әбден болады. Өйткені ол кісінің елі­міздің қоғамдық-саяси өміріне арналған он шақты кітабы, 200-ден астам мақаласы жарыққа шықты.
Ұлттық мүддені сонау кеңес кезінде көтергендердің тағы бірі – Уәлихан Қа­лижан. Еңбек жолын Алматы об­лыстық «Жетісу» газетінен бастаған. Кейін Қуаныш Сұлтановтың шақыруымен Комсомол Орталық комитетінің баспасөз қызметінде істеді. Бірқатар респуб­ликалық газеттердің бас редакторы болды. Бұл жайлы ардагер журналист Сарбас Ақтаевтың: «Қазақ журналис­тикасының балалығы «Қазақстан пио­нері» – «Ұланды», жастығы – «Лениншіл жас» – «Жас Алашты», даналығы «Егемен Қазақстанды» басқардың. Шынында да, сен бақытты жігітсің» дегені бар. Көп ұзамай Баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдары вице-министрі қызметіне көтерілді. Парламент Сенатының бас­пасөз қызметін басқарды. Сөйтіп жүріп, Парламент Мәжілісінің 3-шақы­рылымдарының депу­та­ты болды. Пар­ламент төрінде Уәлихан ағамыз қазақ журналистерінің жағдайын жақсарту керек деген мәселе қозғады. «Тілшілерінің мәртебесін мемлекеттік қызметкерлермен теңестіру қажет. Жағдайы жоқ журналист жақсы материал жаза алмайды» деп осыған Үкіметтің назарын аударды.


Қазіргі Сенат депутаттары Нұрлан Оразалин мен Жабал Ерғалиұлы да еңбек жолдарын журналистикадан бастаған. Нұрлан ағамыздың ең алғашқы қызметі – «Қазақстан пионері» газетінің әдеби қызметкері. «Ұланда» Нұрлан ағаның сонау жетпісінші жылдары балаларға арнап ашқан айдарлары әлі күнге дейін жүргізіліп келеді. Оразалин тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Егемен Қазақ­стан» газетін басқарды. Нарықпен бетпе-бет келген жылдарда «Егемен Қазақ­станды» елдің рухани игілігін қа­лып­тастыратын, саяси әрі эконо­ми­ка­лық бағыт-бағдарымызды анықтайтын салмақты басылымға айналдырды. Ал Жабал Ерғалиұлы алғашқы қызметін Көкшетау облыстық «Көкшетау прав­дасы» газетінде кіші әдеби қызметкер болып бастады. Кейін бірнеше жыл бойы Көкшетау қалалық «Көкшетау» газетінің, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы болып тағайындалды. Осы кезде «Көкшетау» әдеби көркем, қоғам­дық-саяси журналын өмірге әкелді. Жабал ағамыз кеңестің салқын саясатына қа­рамастан, Абылай ханның 280 жылдығын Арқа өңірінде атап өту туралы мәселе көтерді. Қаладағы Ленин ескерткішін алып тастап, орнына Абылай ханның мү­сінін орнату туралы ұсыныс жасады. Қазір де Жоғарғы палатада қазақ ұлтының мүддесі үшін қызмет етіп келеді. 


Мәжіліс депутаты Алдан Смайылдың да алғашқы кәсібі журналистикадан басталған. Жетпісінші жылдары Қазақ радиосында, Кейін Ақмола облысындағы «Коммунизм нұры» газетінде істеді. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары Ақмола облысының  «Қараөткел» газетінің бас редакторы, Ақмола облысы телерадио компаниясы төрағасының орынбасары, Ұлттық арнаның Астана студиясының директоры болғаны тағы бар. Бүгінде Мәжіліс мінберінде келелі мәселелерді көтеріп жүр. Балаларды зиянды ақпараттардан қорғау, Наурыз мерекесінің мәнін тереңдету, көркем әдеби аударманы дамыту, ұлттық тағам өндірісін дамыту,  әкімдердің жауапкершілігін көтеру секілді ұлттық мәселелерді алға шығарып, Үкіметке ресми мәлімдеме жасады.
Депутат болмаса да, мемлекеттік қызмет тұтқасын ұстаған журналистеріміз аз болған жоқ. Олар туралы айтқанда алдымен Ербол Шаймерденұлының есімі еске түседі. «Солтүстік Қазақстан», «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан» газеттерінде абыройлы қызмет істеді. Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орын­басары, Президенттің тұңғыш баспасөз хатшысы болды. Сол тұста қоғаммен байланыс, баспасөз қызметі сияқты әлеу­меттік институттардың өмірге келуіне себепкер болды. «Мәдени мұра» бағдар­ламасын жасаудағы сіңірген еңбегі таудай еді. Ербол ағамыз негізін қалаған баспасөз қызметi саласын  бірқатар журналистеріміз жалғап жүр. Мысалы, Берік Уәли телевизиядан түлеп, Оңтүстік Қазақстан облысының баспасөз қызметін басқарды. Қазір осы облыстың ішкі сая­сат және дін істері басқармасының бас­шысы. Шыңғыс Мұқан да еңбек жолын «Жас Алаш» газетінің тілшісі болып бастаған. Қазір Атырау облысы әкімінің білдей бір орынбасары. Тележүргізуші Ернұр Бурахан «Самұрық – Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ баспасөз хатшысы қызметін атқарды, бүгінде Шы­ғыс Қазақстан облысы ішкі саясат бас­қар­масы басшы­сының орынбасары. Ке­зінде «Хабар» арнасының журналисі болған Рауан Кенжеханұлы қазір Қы­зылорда облысы әкімінің орынбасары лауазымында. 

 P.S. 

Мұның бәрін неге айтып отыр­мыз? Жоғарыда айтқандай, журналист саясаттан тысқары бола алмайды. Бүгінгі журналист – билік пен бұқараның ара­сындағы алтын көпір. Содан болар, жур­налист мемлекеттік қызметтің тұтқасын ұстаса, алдымен бұқараның қалауына, сосын биліктің талабына сәйкес жұмыс істейді. Саясатқа араласқан журналис­тердің қай-қайсысының да жаманы болған жоқ. Бәрі де ұлт мүддесі, ел қамы үшін бір кісідей еңбек сіңірді. Сол себепті журналистер мерекесі қарсаңында журналистерден де халық қалаулылары шыққанын, олардың да ел мүддесі үшін еңбек ете алатын жанкешті мамандар екенін бір сәт еске салғымыз келді.

"Айқын" газеті

0 пікір