Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4694 0 пікір 28 Маусым, 2015 сағат 15:57

«ЭКСПО-2017 ДЕ ЗОР ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ТУДЫРАДЫ»

Миландағы қазақстандық павильон секілді ЭКСПО-2017 көрмесі де қонақтардың үлкен қызығушылығын туғыза алады. Бұл туралы «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» басқарма төрағасы Әділбек Жақсыбеков Бүкіләлемдік Expo Milano 2015 көрмесіндегі Қазақстан Ұлттық күнінің ашылуы барысында хабарлады.

«Қазақстан павильоны Expo Milano 2015 көрмесіне келген қонақтардың үлкен қызығушылығын туғызып отыр. Күн сайын бұл жерге еліміздің мәдениетімен, тарихымен жақын танысқысы келген адамдардың ұзақ кезегі жиналады. Астанада өтетін Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі де қатысушылардың осындай ықыласына ие болатынына және қонақтарымызды құрметпен күтіп ала алатынымызға сенімдіміз» деді Әділбек Жақсыбеков Қазақстан Ұлттық күнінің ашылу шарасында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа айтқан сөзінде.

Елімізге арналған салтанатты шара Италия мен Қазақстанның мемлекеттік әнұрандарының орындалуымен басталды. Осыдан кейін Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын көтеру салтанатты рәсімі өтті.

Салтанатты шараны ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашты. Көрмеге қатысушы 147 елдің өкілдеріне қарата айтқан сөзінде Мемлекет басшысы Бүкіләлемдік көрменің жоғары деңгейдегі ұйымдастыру жұмыстарын атап өтті.

«Халықаралық Expo Milano2015 көрмесіндегі Қазақстан Ұлттық күнінінің ашылу салтанатында сіздерді қарсы алғаныма қуаныштымын. Италия Республикасының басшылығына, италиялық барлық серіктестерге тамаша ұйымдастыру жұмыстары үшін алғыс білдіргім келеді. Ұлттық күніміздің ашылуына келгендеріңіз үшін рахмет» деді Н.Назарбаев.

Миландағы көрмені сәтті өткізуді тілеген ҚР Президенті келген қонақтарды алдағы Астана ЭКСПО-2017 көрмесіне шақырды.

Ресми ашылу салтанатынан кейін «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» басқарма төрағасы Әділбек Жақсыбеков пен Бүкіләлемдік «Expo Milano 2015» көрмесіндегі ҚР секциясының Бас комиссары Әнуарбек Мусин Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Италия Премьер-Министрі Маттео Ренциге Ұлттық павильонды таныстырды. Ел басшылары көрмеге қойылған экспозициялармен танысып, Құрметті қонақтар кітабында жазбалар қалдырды.

Expo Milano 2015 көрмесіндегі Қазақстанның Ұлттық күні қазақстандық эстрада жұлдыздары қатысқан мерекелік концертпен аяқталды.

 

Абай-ақпарат

0 пікір