Сәрсенбі, 23 Қазан 2019
Мәйекті 3908 0 пікір 28 Маусым, 2015 сағат 19:37

ДОСАЙ КЕНЖЕТАЙ. ТАЛАҚ БҮГІН ҺАЛАҚ МӘСЕЛЕСІНЕ АЙНАЛДЫ...

Өкінішке орай бүгін кезкелген ұғымды, құбылысты әсіресе адамның арына қатысты киелі сыр болып қалуы тиісті мәселелерді адамдық қалыппен ақыл-парасатпен ақ шешудің орнына,тек шариғаттан іздейтін болдық. Бұл жаппай қоғамдық санада діни танымның басымдыққа ие болып бара жатқандығының көрінісі болса керек. Бірақ бұл мода, көрсоқыр еліктеушілік пен рияның көрінісі болып, нәтижеде асыл дініміз исламға қара күйе болып жағылып жатыр. Дінді бүгінгідей әсіре діншілдіктің қалыбымен өлшейтін сана, қазақ қоғамында келеңсіз жағдайларды өзімен бірге алып келуде. Сондай діни мәселелердің басында жыныстық қатынастардың шариғат арқылы реттелуінің абзал екендігін насихаттайтын хәлге жеттік. Бірақ бұл қоғамдық қатынастарды реттейтін негізгі ұстаным зайырлылық болғанымен, дініміздің шартына сай неке қидыру кешегі кеңестік идеология кезінде де ұмыт қалған емес.

Тәуелсіздік алып, егемен ел болдық деп дінімізді, мәдениетімізді жоқтап жатқан тұста, небір жат діни танымдар ислам атынан өз уағыз насихаттарын белсенді жүргізе бастады. Ең алдымен «халал-харам» шаблоны үстемдік ете бастады. Дін деген тек харам мен халал арасын ажырататын тыйымдар мен бұйрықтар ретінде қабылдана бастады. Керек десеңіз «халал туалет, халал ресторан, халал балабақша, халал колбасадан басталған «халал науқаны енді жезөкшеліктің де халал харам түрін» шығарып сананы улап жатыр. Сөз деген құдіреттің еш қадірі қалмай барады. Халал сөзінің де мәні ауысып, тілде ғана қуаты қалған деңгейге жеттік пе? Әйтпесе, өзі халал, өзі жезөкшелік деген тіркес исламның рухына сай ма? Бұл да Батыста исламға күйе жағу жобасы ретінде пайда болса да бұл жердегі мұсылмандар селт етпестен оны қайталап қолдана бастады. Бұл санаға жасалған таным мен құндылықтарды құнсыздандыру тетігі болатын.

Енді қоғамда талақ пен неке туралы теріс танымдар мен түсінікті жайып жүргендер Батыстық емес, өз қаракөз бауырларымыз екендігін көріп отырмыз. Бұл діншілдер ислам дінін теріс түсіндіріп, исламды өз мақсаттарына құрал қылып, қыздарымыздың ар намысын қорлап жатыр. Бұл індетті қоғам, мемлекет болып бірлесіп тоқтатуға ұмтылмасақ, ертең тексіз де арсыз ұрпақ алдымыздан шыға келуі ғажап емес.

Жалпы талақ ұғымы - түсінігі, құбылысы ислам діні келместен бұрын Арабия аралында бар еді. Ол арабтардың бұрынғы салт-дәстүрлерінен орын алған (ерлі-зайып адам) құбылыс. Ислам осы дәстүрдің мазмұнын өзгертіп, адамдық қалыпқа, арға, құдайлық ерікке сай қайта түсіндіріп берген болатын.

Талақ - ислам діні терминологиясында күйеуі тарапынан әйелімен арасындағы некелік қатынастың үзілуін білдіретін сөз, таным. Бұл терминнің негізгі сөздік мағынасы “бір тұзақтан, тордан құтылу, құтқарылу, ажырау, ажырасу” дегенге саяды. Исламнан бұрын ажырасу шешімі тек ерлерде ғана болатын. Талақтың мұндай түрі исламнан бұрынғы арабтарда қолданылатын. Егер еркек басқа бірін алғысы келсе, бұрынғы әйелін оп-оңай “талақ” ете алатын. Әсіресе күйеуі өлген әйел, оның (күйеуінің) туыстары мал-мүлік орнында, әйелдің еркі мен ризалығына қарамастан сатылатын, сатып алынатын еді. Бұл норма Құран рухы арқылы трансформацияға ұшырап, шектеулер мен қайта толықтырылды.

Осылайша Құран арқылы бұл надандық дәуірдегі “талақ” түсінігіне жан жақты өзгеріс енгізілді. Ең алғашқы талақ туралы үкімнің түсу себебіне назар салсақ, әйелден қорқыту арқылы ақша өндіру талағы екен.(Ниса сүресі). Сосын ері өлген әйелді зорлап, еркінен тыс сату, айырбастауға тыйым салынған үкім келген.Сосын осы сүреде әйел затына қатысты әлеуметтік, психологиялық, моральдық және құқықтық мәселелер құдайлық ерік пен шариғи норма ретінде парыз етілген. Талақ егер айтылған жағдайда, сол уақыттан бастап оның уақыты анықталды (иддат). Бұл ислами үкім болатын. Егер әйелдің осы иддат уақыты ішінде жүктілігі анықталса, бұл уақыт бала туылғанға дейін созылатын болған. Бұл үкімнің себебі де іштегі баланың тегін анықтау,екінші жағынан осы уақыт аралығында күйеуі райынан қайтуына, осылайша асығыс ажырасуды реттеу болатын.Егер асығыстық жасағандығына өкінген жағдайда,әйеліне қайта қосылуға толық құқы бар еді. Әйел жағынан өкіл (куә) керектігі ашық айтылғанына қарамастан,бүгінгі қоғамға «діншілдер»,қайшы әрекет жасап жатыр.(Ниса сүресі) Қазіргі қоғамдағы жыныс аралық қатынастарда ислам дінінің адамзатқа алып келген құндылықтары құнсызданып жатқандығын байқаймыз. Ислам дініне еш қатысы жоқ танымдар мен шаблондар, шариғат ретінде ұсынылып, әйелдер қор болып жатыр. Қыздарымыз әке шешесінің ризалығын елеместен, дәстүр салтымызды аттап, жаңағы жаңадан тапқан шариғатына мойынсұнғыш болып барады. Оған өздерінің «пәтуасы» да дайын. Ата анасы болғанмен, егер намаз оқымаса, дін жолында жүрмесе, оның уәкілдігі өздігінен түсіп қалады-мыс. Бұл нағыз радикализм, фанатизм.

Жазылған жайттарға қарап отырсақ, бас аяғы бірнеше жылда қыздарымыз бірнеше рет некелесіп үлгеріпті.  Мұндай статистика соғыс кезінде де болмаған. Ислам бұған түбегейлі қарсы. Жарайды әйел еркек тарапынан талақ алды делік, бірақ оның шарты ислам шариғаты негізінде әрбір мазхаб бойынша реттеліп қойылған. Оның басты сатысы иддат, яғни еркектің әйелге талақ дегеннен кейінгі «мерзімді уақытты» күтуі екі жаққа да шарт. Осы уақыт ішінде еркектің әйел алдындағы жауапкершілігі тоқтамайды, яғни әйелді үйсіз, күйсіз қалдыруға тыйым салынған. Бұл мәселе исламда өте маңызды орынға ие. Себебі Құранда бұл құбылысқа арнайы сүре арналған. Ислам әйелге өте жоғары орын берген, бағалаған. Мысалы Талақ сүресінде әйел құқы ­– Алланың худуды, шегі, оны аттап кетуге, не таптауға рұқсат жоқ. Иддат уақытын сақтау, ажырасуға екі куәнің болуы шарт. Бұл шартты да егер Аллаға шын иман келтіріп, Одан қорқатын болсаңыз деп олардың жауапкершілігіне артып қойған. Демек бұл парыз.Демек аят ашық,бірақ,бүгінгі жағдайларда қазақты дінмен алдап,өзі де алданып, нәпсінің жетегінде кеткен «діншілдер» өтірік немесе әдейі елді исламнан суытып, исламофобияға жалданып жүр деген сөз.

Бұдан шығатын қорытынды қоғамдағы белең алып бара жатқан радикалды ағымдар әдейі жахилия дәуіріндегі салтты ислам атымен тықпалап, елді, қыздарымызды алдап отыр. Ертең ашынған аналар ресми түрде исламға өздері ақ қарсы шығатын болады. Бұлардың мақсаттары осы болып тұр. Өтпелі кезеңде қоғамдағы отбасылық қатынастарды ыдыратып, ислам атын жамылып ылаң салу екені белгілі болды. Бұған ел болып, қоғам болып қарсы тұруға шақырамын.

 

Abai.kz

 

0 пікір