Сенбі, 20 Сәуір 2024
Қоғам 6821 0 пікір 29 Маусым, 2015 сағат 08:21

ЕЛ ТОЗДЫ МА, ҰРПАҚ АЗДЫ МА?

Интернет бетін ақтарып, жер-жаһанның жаңалығын қарап отырсаң жаңа ұстататын талай жаңалықты көресің. Құдай басқа бермесін деп бетіңді шымшып өте шығасың. Өкініштісі күн сайын әлемде талай әумесерлік пен азғындық болып жатыр. Көбеймесе, еш азайған емес. Сондай жер астынан шыққан жікті Қазақстаннан да жиі кездестіретін болдық соңғы кезде.

Сәби өлімі, кәрізге түсіп кеткен сәби, сәбилер саудасы, қараусыз қалған сәби, қоқыс жәшігінен табылған сәби... осындай жаңалықтар ізін суытпай БАҚ бетінен көрінетін болып кетті.

Бұл соңғы бір ғана айдың ішінде болған жан шошытарлық жағдайлар.

Өкініштісі осындай қылмыстардың қазақы жұрты көп, төрт миллион қазақ қоныстанған оңтүстік өңірінде қайталана бастағаны. Бұл неге жиі қайталанып жатыр? Шетелге бала сатқанды көргенбіз, бірнеше мың бала құрлық асып кеткенде селт етпеген қазақ қоғамы неге сонша қатыгезденіп барады? Көкек ана туралы, жас қыздардың нәрестелерін туа шөктіргені туралы да ақпарат аз емес.

Сіз білесіз бе, Қазақстанда 20 жылдың ішінде үш миллионнан астам бала тумай жатып, о дүниелік болып, аборттың құрбанына айналған. Соның көп бөлігін 14-20 жас арасындағы қыршын қыздар жасатып келген. Тіпті, оның он мыңнан астамы екінші түсікті жасатқан.  Жасында бүйткен қыздар ертең дені сау ұрпақ босана ма? Балаға зар, ұрпаққа зәру болған кісі қаншама? Біреу денсаулығы жарамай нәрестенің күлкісіне зар болып жүрсе, енді біреулердің жас баласын жөргегінде, жатырдан аман жарық дүниеге шықса қоқыс жәшігінде тұншықтыратыны қалай?

Жасанды түсіктің ана өміріне қауіпті екенін баршасы біледі. Алайда әйелдің өз еркімен түсікті жасауына біздің елде еш кедергі жоқ. Дін адамдары да, демографтар да бұған түбегейлі қарсылық танытып келеді. Заңның солқылдақтығы мен қыздың жеңілтектігінен қаншама тағдыр тумай жатып шөкті. Ол мемлекеттік заңға ғана емес сіз бен біздің ұят кодексімізге сын болса керек. Әйел бақыты - бауырындағы сәби. Бүгінгі сәби – ертеңгі келешек. Сәбидің бейкүнә өлімі, әкесіз-шешесіз жетімек болып өмірге келуі, туа сап саудаға салынуы кешірілмес қылмыс. Соған рұқсат беріп отырған тұтас қоғам шындығында қылмыскер. Кінәні кімнен іздейміз, сізді арыңыз мазалай ма? Сансыз сұрақ, орасан жауапкершілік.

Мемлекеттік органдар ғана емес, қыз өсіріп отырған барша әкелер, қалыңдық сүйген жас жігіттер, ойнап жүріп от басқан бойжеткендер, ант беріп пышақ ұстаған дәрігерлер... бәріміз де ардақты ана ұғымын қастерлеп, аялы сәби жүрегін қадірлей білсек екен. Әр шаңырақтың түтіні түзі ұшқай!

Abai.kz

0 пікір