Жұма, 19 Сәуір 2024
Сұхбаттар 15976 0 пікір 29 Маусым, 2015 сағат 10:17

РАҚЫШЕВТЫҢ "ӘЙГЕРІМІ" – ҚЫТАЙ-ҚАЗАҚ ДОСТЫҒЫ

Биылғы жылдың 24 маусымы күні Қытайдың Үрімші қаласындағы «Тянь-Шань» кино­сту­диясының арнаулы да мәртебелі кинозалында қазақ режиссері Еркін Рақышевтың «Әй­герім» көркем фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Іс-шараның соңында көптің көңілінен шыққан фильмнің көрсетіліміне мұрындық болған белгілі актер Дәлелхан Қадырұлы мен кәсіпкер Есбол, фильмнің режиссері Еркін Рақышев пен сценарий авторы Рамазан Құрманбаевқа қазақы шапан жауып, ұлттық дәстүр-салтымызбен қошемет көрсетті. Кештің соңы қазақы киіз үйдегі арнайы қонақасылық отырысқа жалғасты.

Қоңсы елдегі қазақ зиялылары мен кино мамандары жаңа туынды жайындағы ақжарма ойларымен және құнды пікірлерімен бөлісті.

Біз Қытайда жүрген әріптесіміз, «Қазақ Елі» халықтық қозғалысының төрағасы Қажымұқан ҒАБДОЛЛАмен тың түсірілім турасында және көрерменнің алғашқы әсерлері жөнінде сыр бөліскен едік.

 – Қажымұқан аға, сіздің түсі­нігіңізде, Еркін Рақышев кім?

– Еркін Рақышев - алдымен тазақанды қазақ, ұлтшыл ұлан, талантты режиссер, ақырында, қазақтың мұң-мұқтажына жаны ашып, жаны ауырған; кем-кетігін түгендеп жүрген жалынды азамат.

Түлкібастан түлеп ұшқан Ерекең туған жерімізде «Жаралы сезім», «Жетімдер», «Астанаға көктем кеш келеді», «Кеш келген махаббат» атты көркем фильм­дер мен рухы асқақ «Тұрар Рысқұлов», «Ашаршылық», «Қажылық», «Темірбек Жүргенов» атты деректі туындылардың авторы ретінде миллиондардың жүрегін жауласа, «Әйгерім» атты жаңа көркем фильмімен үлкен көршіміз Қытайдың екі миллиардқа жуық халқын тәнті етуге кірісіп кетті...

Ерекеңнің «Темір нарком Темірбек» атты дүниесін көргенде Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов: ««Өткенді ұмыту – тарихқа топырақ шашу, келешекті таспен ату» деген екен Расул Ғамзатов. Темірбек Жүргеновтің қазақ мәдениетіне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Өткен тарихты еске алып, «Темір нарком Темірбек» фильмін түсірген Еркін мен Рамазанға үлкен рахмет. Бүгінгі кинотуынды келешек ұрпаққа үлгі-өнеге» – деген еді. Қазақ киносының ақсақалы Асекеңнің осындай құнды тілек, ақ батасынан артық не айтуға болады?!.

– Еркін Рақышев қиялы терең режиссер ғана емес, қазағына шынайы қамқор қоғам белсендісі де емес пе?

– Оның рас. Еркін Рақышев – жа­қында қайта жанданып, жаңаша құр­ылған, басшысы қазақтың арда азаматы Мұхтар Шаханов ағамыз болып табылатын «Қазақ ұлттық кеңесі» төрағасының орынбасарларының бірі болып сайланды. Қазір ұлтшыл азаматтар мен саясаткерлер біріккен «Ұлттық кеңестің» бағыт-бағдарламасы әзірленіп, мақсаты айқындауда. Басты мақсаты – қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, мүддесін қорғайтын кеңестің қызметін Мұхтар ағамыз мықтап қолға алып, қызу жұмысқа кірісіп кетті.

Жақын күндердегі бір сұхбатында Ере­кеңнің өзі: «Тұрмысы төмен жандардың, үйсіз-күйсіз жүрген бауырларымыздың, тағдырдың жазуымен кемтар болып қалған жарымжан-мүгедектердің әлеуметтік жағдайын көтеру керек. Жұмыссыздар мен студент жастарға қамқор болып, зейнетақысы күн көрісіне де жетпейтін қарттарымызға қарайласу қажет. Әсіресе, қазақтың ахуалы күннен-күнге төмендеп барады, төзім де шегіне жақындаған сияқты. Ата-бабаларынан аманат болған жердің және қазына-байлықтың нағыз иесі - қазақтар - өз елінде қайыршының күнін кешуде. Халықты басынудың да шегі болады. Әркім өзінің несібесін алуы керек. Ақиқатты ту етіп, әділетті қоғам орнату қажет» – деген болатын...

– Қытай көрермені көзайым болған Еркін Рақышевтың «Әйгерімі» қандай екен?

– Сөз жоқ, туындыда терең сезім, мол мейірім шарасынын төгіліп тұр. Көзі соқыр, мүгедек қыздың өміріне арқау болған фильмді жылап отырып қарадық. Адамның адамға деген қайырымының көміліп, жанашырлығының жаншылып кетпегеніне көз жеткіздік. Сонымен қатар, менің есіме Еркін Рақышев кезекті туындысын тамашалаған қоғам қайраткері Серікболсын Әбділдиннің: «Ешкіммен дауласпау керек, жауласпау керек, дос­тасу керек...» – деген аталық сөзі еріксіз түсті. Жалпы, қытай мен қазақтың шынайы достығын кемеңгер Абылай ханнан кейін осы Еркін Рақышев қана терең түсінгендей әсер қалдырды...

Қазақтың еркіндігін аңсаумен арманда кеткен ұлтымыздың ұлықты әрі соңғы ханы Кенесары Қасымұлының: «Мен орыс халқымен емес, мен әділетсіздікке қарсы соғысып жатырмын» дегені бар екен. Сол секілді қазағы үшін от пен суға түсуге даяр Еркін Рақышев та қазақтың тарихындағы ақтаңдақтардың жасырынып-жабылуына қарсы күресіп жүрген азамат.

Менің пікіріммен фильмді тамаша­ла­ған Қытайдағы қазақтың зиялы қауы­мы, ғалым-профессорлары, жазушылары, режиссерлері, актерлері және кәсіпкерлері де келісетініне сенімдімін. Мысалы, Қытайдағы мәдениеттанушы ғалым Бексұлтан Кәсей: «Талай фильм­дерді көріп жүрміз, бірақ, «Әйгерім» мені қатты тебірентті. Екі ел арасындағы достық – тарихқа негізделіп нақты көрсетілген. Осындай туындылар ұлттар арасындағы ынтымақтастық пен достықты одан ары нығайтуға септігін тигізеді», – десе, бұрынғы оқу-ағарту министрі Мәнсүр Әбіл: «Заманауи фильмге тарихи оқиғаның сыналай енгізілуі - жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейді. «Әйгерім» фильмін мұралық тәрбие оқулығы ретінде қолданысқа енгізіп, Қы­тай мемлекетінде тұратын әрбір аза­мат көруі керек» - деген ұсыныс айтты.

– Туынды Қытайда түсірілген бе?

– Фильм Алматы мен Үрімші қала­ла­рында түсірілген екен. Басты рөл­дер­ді қазақстандық актерлермен бірге, қы­тайлық актерлер де өте әсерлі сомдапты.

– Фильм идеясының шығуы жөнінде сөз болды ма?

– Еркін Рақышев фильмнің идеясы мен түсірілу мақсатын айта келіп, былай деді: «Мен 1931-33 жылдары Қазақстанда болған ашаршылық жайлы «Ашаршылық» атты деректі фильмін түсіру барысында қазақ-қытай қарым-қатынасына байланысты көптеген құжаттарға кездестім. Сол жылдары Кеңес үкіметінің зұлым саясатынан қазақ ұлтының жартысынан астамы қырылып қалды. Зорлық-зомбылық пен аштықтан қашқан жүз мыңдаған қазақтар Қытай жерін паналап, қытай халқының көмегінің арқасында аман қалды. Бүгінде сол бабаларымыздан тараған ұрпақтар тілі мен мәдениетін, діні мен салт-дәстүрін сақтап, өсіп-өніп отыр. Осы маңызды оқиғаны негізге алып, Қытай елінің қазақ ұлтына жасаған жақсылығына алғыс ретінде осы көркем фильмді түсірдім».

– Ақ пейіл, таза ниетпен түсірілген туынды да өміршең шықса керек?!

– Фильмді басым көпшілік көрермен көзіне еріксіз жас алып көрді. Өйткені, Еркін Рақышевтың «Әйгерімі» – ізгілік пен адамгершілікті, ұлттар арасындағы достық пен адами махаббатты қатар өрбіткен өрелі туынды. Көрші елдің қазақтілді журналисі Асан Әбу: «Кемтар адамдардың қоғамдағы қасіретін жеріне жеткізе көрсетіп, соңында көрерменге қуаныш ләззатын сыйлаған, ұлттар арасындағы достықты жырлайтын көркемдік өресі жоғары туынды біздегі қазақтардың мерейін аспандатты» - деп ағынан жарылды. Ал, қытайлық қазақ режиссері Құрбанжан бауырымыз фильмнен алған әсерін жасырмай: «Фильмнің сценарийі өте тартымды жазылған екен. Актерлер өз рөлдеріне байланысты өте сәтті таңдалған. Актерлер кәсіби шеберліктері жоғары деңгейдегі, өз кейіпкерлерін шынайы сомдаған ерекше фильм болыпты. Басты рөлдегі кішкентай қыз ойнаған саз сырнайды фильмнің аяғына дейін көбірек қолданғанда жақсы болар еді...» – деген жүрекжарды сөз айтты.

– Қажымұқан аға, қазақ туындысын қытай қоғамы қалай қабылдады?

– Қытайлық белгілі режиссер Лу Ган­ның сөзі қытай қауымының ортақ ой-пікірін айқындаса керек. Ол былай деді: «Фильм мейлінше сәтті шыққан. Мен актерлардың ойнау шеберлігінен қатты әсер алдым. Қазір өзім бір фильмге кастинг жүргізіп, актерлер таңдап жатырмын. Еркін Рақышевтың «Әйгерім» фильмінде басты рөлдің бірін сомдаған Ерік Жұмағұловты өз фильміме түсуге шақырамын»...

– Әдетте, «Жақсы туынды түсіру үшін бірнеше жылдар үздіксіз әзірлік, тыңғылықты дайындық қажет» деп жатады?

– Шындығы да осы. Бірде жазушы, қоғам қайраткері Софы Сматаев ағамыз: «Ұлттық сілкініс – ұлылардың бесігінің тербелісінен басталады. Біз ұлылыларымызды ұмытпауымыз керек, оларды ұлықтауымыз керек» – деген еді. Сондықтан, мықты адам туралы туынды болсын немесе болмысы мықты шығарма жасау үшін де мықтылық керек.

Кинотуындының мықтылығы – шыншылдығында. Біз ұлтымыздың мықты тарихын, мәдениетін, өркениетін, құндылықтарын көрсетуі үшін – өзіміз де мықты болуға тиіспіз. Осал қарумен оғлан бола алмайсың...

Ұлтымыздың рухын көтеріп, рухани құндылықтар тұғырына қондыру – тәуелсіздігімізді қорғап қалудың сара жолы. «Біз «көшпелі халық болғанбыз» деп тек киіз үйлерді көрсетіп құтыла салмауымыз керек. Бізде де әсем қалалар мен өрелі өркениет, ғажап ғимараттар мен зәулім сарайлар болған. Керек десеңіз, бүгінгі Кремль қазақтың Сарайшық қаласының жобасымен салынған» – деп ой толғаған қазақ киносының қайсары, белгілі режиссер Еркін Рақышевтай еңселі өнер иесінің биіктерді бағындыра беруіне тілекшіміз!

ӘҢГІМЕЛЕСКЕН:

Нартай ЖАҚСЫЛЫҚ, 

 

Abai.kz

0 пікір