Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4479 0 пікір 29 Маусым, 2015 сағат 21:02

М. Ренци: "Павильонға кірген сәтте серіктестігіміздің болашағы бар екенін көрдік"

Миландағы Бүкіләлемдік ЭКСПО2015 көрмесінде Қазақстанның Ұлттық күні өтті. Шараны Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ашты. Миландағы көрме «Әлемді тамақтандыру. Азық-түлік қауіпсіздігі» ұранымен өтуде. Мемлекет басшысы кіріспе сөзінде бұл тақырыпты да қозғай кетті.

«Әлемдегі азық-түлікті тұтыну еселеп өсуде, сондықтан азық-түлік қауіпсіздігі бүгінгі күні ерекше өзектілікке ие болып тұр. Қазақстан халық басына шаққандағы жыртылған жер көлемі бойынша әлемнің ең ірі бестігіне кіреді, - деп мәлімдеді Нұрсұлтан Назарбаев, - Елімізде мұндай 215 млн гектар жер бар. Түрлі климаттық жағдай мен құнарлы топырақ бізге ең ірі бидай өндіруші болуға мүмкіндік береді. Қазақстан әлемдегі бидай экспорттайтын ең ірі елдердің ондығының, ұн өндіру бойынша бестіктің қатарында. Біз жылына 70 елге 8 миллион тонна бидай экспорттаймыз және экспорты кеңейтуге мүдделіміз».

Осыған байланысты Президент Қазақстанда қатарында Италия да бар әлемнің 10 елінің инвесторлары үшін визасыз тәртіп енгізілгенін атап өтті. Шілде айының ортасынан бастап аталған тізім Швейцария, Испания, Бельгия, Венгрия, Монако, Сингапур, Австралия, Норвегия, Швеция және Финляндия секілді тағы 10 елдің қосылуымен кеңейеді.

ЭКСПО-дағы Қазақстан күніне келген Италия Премьер-министрі Маттео Ренци бұған жауап ретінде Италияның да екі ел арасындағы тауар айналымының дамуына мүдделі екенін атап өтті.

«Павильондарыңызға кіріп келе жатқан кезде екі жақты серіктестік мүмкіндігінің тамаша болашағы бар екенін көрдік. Мысалы, агроөндіріс кешені бойынша көлем жағынан Қазақстан әлемде тоғызыншы орын алады. Біз осы салада жоғары деңгейде әріптестік орната аламыз. Қазақстан мен Италия тек экономикалық сала бойынша ғана серіктес емес», - деп атап өтті Маттео Ренци.

Абай-ақпарат

0 пікір