Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Мәселенің мәні 4865 0 пікір 3 Шілде, 2015 сағат 15:54

АЛМАТЫНЫҢ «ЭЛЕКТРІ» - ОЛИГАРХТАРДЫҢ «МАЙЛЫ ЖІЛІГІ»

Оңтүстік астанамыз Қазақстан мен Орта Азияның ғылыми, қаржы және мәдени ордасы деп есептеледі. Бірақ, Алматының коммуналдық қызмет саласындағы жағдайы көңілдегідей емес. Оның электроқуат, жылыту мен ыстық суының бағалары еліміз бойынша ең қымбат тарифтері деуге тура келеді. Тіпті, Алматыға қарағанда географиялық орналасуы күрделілеу, қалталы мұнайшылардың Атырауы мен үлкен бастықтарға толы, ызғарлы аязға душар Астананың коммуналдық тарифтері көптеген жағдайларда біздің бағаларымыздан әлдеқайда төмен.

Соған қарамастан, жергілікті монополисттері қатардағы тұтынушыларға қосымша ауыртпалық салудан тайынбайды. Бұқара халқының болмашы табысын обырдай обып, монополисттер орысша айтқанда «жрут в три горла». Тіпті, Алматы тұтынушылары пайдаланатын ыстық пен салқын судың санауыштарын бес жыл сайын өзгертуге мәжбүр етіп, жергілікті монополисттері қосымша пайдасын табуда. Ал, әлем тәжірибесі бойынша осындай санауыштар істен шығып, жарамсыз болған жағдайда ғана өзгертілуге тиіс. Мысалы, техникалық жағынан дамыған Германиядағы санауыштар жөніндегі тәртібі осындай.  

Монополисттердің сату мен сатып алу әрекеттерін ешқандай қоғамдық бақылауы тексермейді. Сондықтан, қымбат тарифтерден түсетін қаржысы не үшін жұмсалады тұтынушылар анық білмейді: сапалы құрал-жабдықтар алына ма, әлде арзан құрылғылар орнатыла ма? «Коммуналдық» деген сын есімі «қоғамдық» немесе «қауымдық» секілді сын есімдері арқылы аударылады. Демек, коммуналдық қызмет – қоғамға қызмет. Бірақ, біздің жағдайымызда қымбат коммуналдық тарифтерін төлейтін қоғамымыз кішігірім олигархиялық тобына қызмет етуде. Тағы да шетел тәжірибесіне жүгінсек, армян тұтынушылардың электроқуат тарифін қымбаттануына қарсы көтерілісін тілге тиек етсек, артық болмас. Әрине, көршілес Әзірбайжан мен Түркиямен қырғиқабақ, табиғат байлықтарына кенде Армениядағы тарифтердің қымбаттануы түсінікті жағдай. Соған қарамастан, армян белсенділері өз құқықтарын үшін құштарлана күресіп, ел үкіметі тарапынан бірнеше жеңілдіктерін жеңіп алды. Бірақ, әлемдегі шикізат жағынан ең бай мемлекеттердің бірі саналатын Қазақстанның жетекші қаласы Алматыда қымбат коммуналдық тарифтер мүлдем орынсыз құбылыс. Соған қарамастан, қала тұрғындары басын салбырап жүреді, ешбір наразылығын білдірмейді.    

 

Алматыдағы электроқуат тарифі жағрафиялық жағдайы өте күрделі Ресейдің қиыр шығысындағы Магадан қаласымен тепе-тең келуде. Әлгі орыс шаһары дамыған аймақтардан жырақта орналасқан, энергетика көздеріне тапшы елді мекен болып табылады. Соған қарамастан, Магадан қаласының электроқуат пен жылыту тарифтері жағрафиялық жағдайы ыңғайлы, энергетика көздері мол Алматыдан жоғары емес. Оңтүстік астанамыздың жанында арзан электроқуатын беретін Қапшағай мен Мойнақ гидроэлектростанциялары істейді. Олардың мүмкіншілігі жеткіліксіз болса, көршілес Қырғызстандағы гидроэлектростанциялар өндіретін арзан электроқуаты баршылық. Керек болса, күшті Екібастұз жылу электр станцияларының арзан электроқуатын жеткізуі қиын емес. Әрине, Алматы қаласына көбінесе осындай, бағасы қолжетімді электроқуат қамтамасыз етіледі. Бірақ, жергілікті алыпсатарлары тұтынушыларды қанау үшін арзан бағамен сатып алынған электроқуат тарифін екі-үш есе қымбаттатып жібереді.

Қазіргі таңда, жемқорлықпен күресу аясында бірнеше жоғары дәрежелі бастықтар қамауға алынған. Алайда, олардың арасында қымбат тарифтерімен ел экономикамызды тұншықтыратын коммуналдық қызметтер, телекоммуникация саласының парақор қылмыскерлері көрінбейді. Демек, мейірімді құқық қорғау орындарымыз жырынды қымқырушыларды аялап, мүсіркеп тұр. Халық шаруашылығы мен қатардағы тұтынушыларымызға миллиардтаған доллар зиянын келтірген коммуналдық және телекоммуникациялық алпауыттарға миллиондаған теңгелік болмашы айыппұлдар салумен қанағат тұтады.      

 

Данияр Наурыз

Abai.kz

0 пікір