Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
46 - сөз 6755 0 пікір 3 Шілде, 2015 сағат 19:45

КИІКҚЫРҒЫН

 

Ұйытқыған желдей боп киік кетті,

Сөйтіп көңіл көнішін биіктетті.

Құралайдың салқыны түсісімен,

Қара жаңбыр Бетпаққа құйып өтті.

Қара нөсер далаға құйып өтті,

Айналаны әп-сәтте құйын етті.

Ажал айдап әкелген ойда-жоқта,

Кім шақырды мынадай жүгірмекті?

Тандыр желін, тас емшек дала мына,

Сұм ажалдың айналды-ау аранына.

Киік көрдім қырылған үйір-үйір,

Ұшыраған заманның зауалына.

Сонда түсіп тағдырдың талауына,

Уақыт болды осындай ала-құла.

Қара жердің жүрегін солқылдатып,

Менің қара қобызым, ал, аңыра!..

Сен жылайсың, неге киік болмадым деп,

Мен жылаймын, сені аялай алмадым деп.

Кел жылайық, қосылып екі зарлық,

Көне жырдың қос мұңлық толғағы боп.

Менің салған сырнайым үрмелі еді,

Біледі ол, біледі бірдемені.

Киік деген даланың киесі ғой,

Қорлағанға киені кім көнеді?

Қайырмасы жырымның киікқырғын,

Кеудеме шер толтырып күйік қылдың.

Киік деген қазақпен бірге туып,

Бірге өскен егізі ед – соны ұқтырдың.

Көзден тізіп бір өңкей асылдарды,

Ресей, қашан қоясың басынғанды?!

Қырқылжыңда қырылған киіктердің,

Құзғын шоқып қаңсыған басы қалды.

Ресей, Ресей! –

Жаһанның топалаңы,

Кәне, кімдер өзіңе бата алады?

...Бұл қазақтың жағынан салып қалған,

Мұндай ащы болар ма шапалағы.

Мосқал Мәскеу берер ме бір дерегін:

Салар екен қашанғы дүрбелеңін?

...Жоғарыға жетсе егер – білер еді;

Жетпей жолда қалады-ау бұл өлеңім.

Иттер шулап, қатқанда абалай үн,

Жон арқасын тосады дала-дәйім.

Өлік иісі қолқамды қауып жатыр,

Өлекселер жерленген моладайын.

Дархан Арқа кең пейіл төрім еді,

(Жоқтан барға көңілім семіреді).

Өмірем қапқан өліктің иісінен,

Соры қалың сезеді елім нені?

Бедеу құмда бір есіп, бір есіліп,

Бебеу қағып тулайды күй есіріп.

Құралайдың өтеусіз көз жасының–

Ей, пенделер!

Кетпесін киесі ұрып...

Болат Шарахымбай

 "D"

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3516