Жұма, 26 Сәуір 2024
46 - сөз 4911 0 пікір 14 Шілде, 2015 сағат 09:13

ҚАДІР ТҮНГІ ТІЛЕК: ҚАЗАҚ ГЕПТИЛДЕН УЛАНБАСА ЕКЕН!

Құрметті қазақ халқы, мұсылман бауырлар! Қасиетті рамазан айында ұстаған оразаларыңыз бен қылған құлшылықтарыңыз қабыл болсын! 

Алла тағала сіздердің берген пітір-садақа, жасаған жақсылықтарыңыздың сауабын еселеп жазсын. Рамазан айында 83 жыл 4 айдың сауабына тең келер қасиетті қадір түні бар. Сол түнде исі мұсылман баласы жаратушы Алла тағаладан ізгі тілек тілеп, таң атқанға дейін құлшылық қылады. Қадір түні тілеген тілек шексіз қабыл болады. Міне, осы түні барша жұрт елімізге тыныштық, отбасына амандық тілейді.

Ардақты ағайын! Қадір түні баршамыз бірауыздан жерімізге улы қалдықтардың төгілмеуін, ондаған жылдар бойы төгілген зиянды гептилден ата-бабамыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған қасиетті жеріміздің тазаруын тілейікші. Алла тағала көпшіліктің дұғасын қабыл етеді дейді имамдар. Қай басылымнан оқығаным есіме түспей тұр, Жапонияда 300 адам бір мезгілде Жаратқаннан ластанған көлдің тазаруын тілепті. Сонда не болды дейсіз ғой? Кейін ғалымдар көлдің әжептеуір тазарғанына қайран қалған екен.

Таяуда ҚР Парламенті Сенатының отырысында Сенатор Мұрат Бақтиярұлы «Байқоңыр» ғарыш айлағының айналасында туындап жатқан экология мәселесіне жіті назар аударғаны белгілі. Бұл жөнінде «Абай кз» сайты «Қазақ жеріне 2500 тонна гептил төгілген» деген атпен мақала жариялады (10.06.15). Сенатор Мұрат Бақтиярұлы:«Осы өңірден сайланған депутат ретінде «Байқоңыр» ғарыш айлағына байланысты қордаланып қалған бір-екі мәселелермен ой бөліскім келіп отыр. Байқоңыр ғарыш айлағынын ең өзекті мәселелерінің бірі — экология мәселесі. Әрбір ұшырылған зымырандарға қарап жергілікті тұрғындар жанын шүберекке түйіп отырады. Қызылорда облысы, әсіресе, Байқоңыр, Төретам, Ақай, Қармақшы өңірлерінің тұрғындарының арасында үлкен алаңдаушылық бар. Көптеген хаттар да келіп түсуде. Байқоңыр ғарыш кешенінің № 15, 25, 148-ші сынақ айлақтарында соңғы 30 жыл бойы «Протон» зымырандарын сынақтан өткізу барысында гептилмен ластану деңгейі орасан зор болғандықтан, бұл ара өмір сүруге қауіпті аймаққа айналды.  «Росавиакосмостың» бұрынғы бас директоры Юрий Коптевтің айтқанына сүйенсек, ғарышқа ұшырылған 250 зымыранның әрбір оныншысы жерге құлап түскен. Гептил отынымен негізінен Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылғандықтан, Қазақстан жеріне 2500 тонна гептил төгілген. Гептилдің аса улы цианит кислотасынан да алты есе улы екенін ғалымдар дәлелдеп отыр. Елімізде гептилмен ластанған жер көлемі өкінішке қарай, жылдан-жылға кеңейіп келеді. Қазір ластанған жер аумағы Қызылорда облысынан басқа Қарағанды, Қостанай аймақтарына да жетті. Мысалы, 1999 жылы «Протон» зымыраны Қарқаралы өңіріне құлағаннан кейін Қарағанды мен Қостанай облыстарының 50 мыңдай тұрғыны медициналық зерттеуден өткізілген. Зерттеу нәтижесінде Қарқаралы, Жаңаарқа, Ұлытау аудандары халқының 87 пайызы әртүрлі ауруларға шалдыққаны анықталған. Қызылорда облысындағы бала туу жасындағы қыз-келіншектердің 73 пайызы анемиялық, қан аздығы сырқатына ұшыраған. Сонымен бірге, қан-тамыр жүйесі мен жүрек аурулары және психикалық ауытқулар, сондай- ақ жүйке ауруларына шалдыққан адамдар саны жылдан-жылға көбейіп келеді… Гептил уынан зардап шеккен аймақтардағы азаматтарды медициналық тексеруден өткізу мен зерттеу жобалары да жоқ. Аурудың таралу картасының да болмауы және апат болған аймақ тұрғындарын дер кезінде шынайы ақпараттандырудың дұрыс жолға қойылмауынан осы өңірдегі халықтың үрейі мен қорқынышын сейілте алмай отыр. Аса улы гиптил отынымен ұшатын «Протон» зымырандарынан бас тартудын бір жолы осы хаттамада көрсетілген «Анкара» ұшыратын кешенді салып үлгеруіміз керек. Жергілікті тұрғындардын денсаулығы мен өмірі, экологиялық қауіпсіздігі бірінші орында тұру керек деп есептеймін» деген жанайқайы әркімге ой салса керек.

Міне, қадір түні өзінің жеріне жаны ашитын, елінің болашағына алаңдайтын әрбір Қазақстан азаматы Алла тағаладан жерімізден «Протон» зымырандарының ұшырылмай, улы гептилдің төгілмеуін, халқымыздың денсаулығы түзеліп, дүниеге дені сау ұрпақ келуін тілесе екен! Қадірлі ағайын, қасиетті қадір түнгі тілегіміз бір жерден шығады деп үміттенемін.

 

Асхат ӨМІРБАЕВ,

жазушы.

Қаратал ауданы,

Алматы облысы.

JetysuNews ақпараттық порталы

0 пікір