Жұма, 29 Наурыз 2024
Күбіртке 6293 0 пікір 27 Шілде, 2015 сағат 09:52

БАЙҚОҢЫРДЫ НЕГЕ «пенсиядағы полковник» БАСҚАРАДЫ?

«Жас - өспей ме, жарлы – байымай ма?» дейді атамыз қазақ. «Мен жастарға сенемін...» дейді бабамыз МАҒЖАН. Дұп-дұрыс. Мұның екеуіне де бір ауыз айтар уәжім жоқ менің. Әйтсе де Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасында «ақылы аспандаған» жастар жағы онша-мұнша көп емес сияқты. НЕГЕ?

«Неге?» дегенге жауап іздеп көрсем, екі бірдей тәуелсіз елдің тағайындауына күмән келтіргендей болады екем. Ал мен күмән келтіре алмаймын, өйткені екі елдің де президентін халық сайлаған. Мен сол сайлауға белсене қатысқан халықтың бірімін. Десе де... жастар жағына келетін болсақ, қазақ еліндегі Байқоңыр сияқты орташа ғана (стратегиялық маңызы ерекше әрине) қаланың басшылығына лайық адам жастар арасынан табылмады, ашығын айту керек. Жастар арасынан табылмаған соң әлбетте, Ресей Федерациясының президенті Путин мен Қазақстан Республикасының президенті Назарбаев өзара ақылдаса келіп... 70 (?!) жастағы отставкдағы полковникті Байқоңыр қалалық әкімшілігінің басшысы (әкім емес) етіп тағайындау туралы шешім (жарлық немесе өкім емес) шығарды – осыдан бірнеше күн бұрын.

Енді мен осы жерде... «70 жастағы «отставкадағы полковник» кім?» дегенге жауап іздеп көрейін, ал сіз тыңдап көріңіз, құрметті оқырман!

Екі президенттің шешімімен Байқоңыр қалалық әкімшілігінің басшысы болып тағайындалған ПЕТРЕНКО Анатолий Павелұлы Ставрополь өлкесінің Қорған (село Курган) деген ауылында 1945-ші жылы дүниеге келіпті. Мамандығы бойынша әскери радиотехник. Бұған қосымша мұғалімдігі және бар – Чкалов атындағы Орынбор педагогикалық институтын бітірген. Байқоңыр ғарыш айлағында 1989-шы жылдан 1995-ші жылға дейін, яғни отставкаға шыққанға дейін осы ғарыш айлағындағы тәрбие жұмысы бөлімінде (отдел воспитательной работы) әскери қызмет атқарған. Полковник.

Отставкаға шыққаннан кейін әлбетте, осы айлақта қалып, қала әкімшілігінде қызметін жалғастырған, ресми мәліметтерге қарағанда. Қысқасынан қайырғанда, содан бергі жиырма жыл ішінде Павелдің баласы Байқоңырда көптеген «кәкір-шүкір» қызметтер атқарыпты. Және жаман атқармаған тәрізді, өйткені осы жылдар ішінде Ресейдің «Дружба», Қазақстанның «Достық» деген екі бірдей орденімен, Ресей ғарыш Федерациясының «Еңбегі үшін» медалімен марапатталған. ХОШ дейік, жиырма жыл ішінде Байқоңырға да, Қазақстан мен Ресейдің ғарыш саласына да ПЕТРЕНКО мырзаның еңбегі сіңген-ақ шығар, оның нақтысын біле алмаймыз – сондықтан пәлен-түген деп айта алмаймыз. Ал бірақ біздің осы жерде онша-мұнша түсініңкіремей отырғанымыз мынау: елу немесе алпыс емес, «жатып ұйықтай бергің» келетін ЖЕТПІС деген «үп-үлкен» жасқа келіп отырған осы кісі неге Байқоңыр басшылығына тағайындала қалды – аяқ астынан? Рас, мен екі ел президентінің тағайындау туралы шешіміне тіпті де күмән келтіре алмаймын, мен тек екі президентке ПЕТРЕНКОны «предлагать» еткен КОМАРОВ сияқты ресейлік ғарыш саласының мамандарына қатты-қатты таңданып отырмын. Петренконың, рас, радиотехник-маман ретінде ғарыш саласынан аз-мұз хабары бар шығар, әйтсе де бұ кісінің жасын да ескеру керек емес пе? Зейнетке осыдан жиырма жыл бұрын шығып алған бұ кісіге де «адам сияқты» демалу қажет қой! Мүмкін, «апақ-сапақта Байқоңыр басшылығына тағайындай салуға жастар арасынан ғарыш саласының білгірлері табылмай қалды» дейтін шығар кейбіреулер? Ондай болатын болса, ғарыш саласының бесаспап маманы, Кеңес Одағының және Ресейдің Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы Тоқтар ӘУБӘКІРОВ деген қазақ елінің, тіпті Кеңес одағының батыры бар емес пе?! Бар әлбетте. Бұ кісі де Петренко сияқты зейнетте демалып жатыр. Әрі-беріден кейін әңгіменің ашығын айтар болсақ, осы ӘУБӘКІРОВтің Байқоңыр басшылығын ұршықтай үйіріп әкетеріне ешкім де күмәнданбаса керек. Мұны енді, рас, сөздің сірәғысы болған соң айтып жатырмын да, әйтпесе қазақ жеріндегі стратегиялық маңызы өте зор кішкентай қаланы қазақ... болмаса қазақстандық басқаруға тиіс емес пе?! Ресей Байқоңыр ғарыш айлағын жалға алса да, қазақтың кішкентай қаласын түп-тұқиянымен жалға алып алған жоқ қой – мұны сонда қалай түсінуге болды? Ой қосайық, ағайын?!

Марат МАДАЛИМОВ. 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1580
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3606