Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Анық 12602 1 пікір 28 Шілде, 2015 сағат 10:17

«ИТ ТЕРІСІН БАСЫНА ҚАПТАҒАНЫ» НЕСІ?

 Қазақтың да барша қазынасы - Ата Тілінде. Өйткені, Дүниеде адами түгел тіршілік Тілмен (ТІЛ: Ой, Сөз, Іс және Жүзе) ғана атқарылады. Саналы адамға оны тәптіштеп түсіндіріп жатудың қажеті жоқ. Тілдің бүлінуі - Рухтың бүлінуі, Рух басқарымындағы Естің (оның бір қасиеті - Жад) бүлінуі. 

Ел Тілінің бүлінуі, ең алдымен, Аталы Сөздердің бүлінуінен басталады. Біздің елде сондай қасірет бар ма? Әрине, бар. Бір-ақ мысал: "Ат басына күн туса, ауыздығымен су ішер; Ер басына күн туса, етігімен су кешер". Барша басылымдық нұсқаларындағы һәм қолданыстағы сұқыты әлі күнге дейін тура осындай болып келе жатқан бұл мәтелдің алғашқы бөлігінің айтпағы түсінікті. Ал, "Басына күн туған (аса қиындыққа тап болған) Ердің су кешер"-і қалай? Немене, ол жынды ма? Су кешсе-ақ болды, барлық проблема өзінен өзі шешіле сала ма? Басына күн туған Ер етігімен су кешпейді, - қан кешеді! Өйткені, Ел басына күн туғанда ғана Ер басына күн туған болып табылады! Міне, елдің мәңгүрттенуінің Тіл тірлігіндегі бір көрінісі осындай. Мұндай мысалдарды мыңдап келтіруге болады. Солардың дені - Аталы Сөздер.
Мәңгүрттену демекші, біз тіпті, адамтанудағы көне "МӘҢГҮРТ" терминін де біржолата ұмытып кеткен едік. Оны, Ш. Айтматовтан көп бұрын, өз шығармасы арқылы, өзіміздің әулие суреткеріміз-Әбіш Кекілбайұлы Ағамыз есімізге қайта түсіріп берген еді. "Мәңгүрт" сөзінің 1974 жылғы "Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде" болмағандығы да содан. Біз бүгін "ит терісін басына қаптау" (ауыс мағынасы: "айыбын бетіне басып, ауыр сөздермен масқаралау") фразеологизмінің дұрыс-бұрыстығына ғана аздап тоқталамыз. 

Сонымен, бұдан көп бұрын "Қас Сақ Аңқымасы"-ның екінші кітабында ("Қазығұрт" баспасы, Алматы - 2003) айтылған пікіріміздің де кейбір сөздерін аздап еске түсіре кетеміз. Аталмыш сөз тіркесінің бүлінбеген әуелгі толық нұсқасы: "АСА ЖАЗЫҚТЫНЫҢ ІЙ ТЕРІСІН БАСЫНА ҚАПТАУ". Яғни, "аса жазықтыны жазалауға" ит терісінің де, кейбіреулер айтып жүрген "аққу терісінің" де мүлде қатысы жоқ. Аталмыш тіркес әуелі "... ій терісін Басына қаптау" түрінде "бассызданады". Сонан соң, "итерісін Басына қаптау" түрінде айтыла келе, "ит терісін басына қаптау" түрінде түбегейлі "түзетіледі".
"АСА ЖАЗЫҚТЫНЫҢ ІЙ ТЕРІСІН БАСЫНА ҚАПТАУ" жазасы қалай қолданылған? Әуелі, аса жазықтының шашын тақырлайды да, өткірдің жүзімен, көлемі тақыр Бастың шаш өсетін аумағын тұтас қамтитындай етіп, КЕРІС белгісін ("крест"; ол КІРІС белгісі болып та табылады) салады, қалың құйқаны ерен ырситып! Сонан соң, әлгі жазықтының жон терісін (жон тері түріндегі "ій тері": бабындағы тірі тері) сыпырып алып, Басына қаптайды. Өзін ұзақ уақыт бойы, шыжыған Күн астында байлап ұстайды.

Нәтижесі белгілі: жазықтының Бас құйқасының ырсиған жерлеріне өзінің жон терісі тез бітіп кетеді де, қалған бөлігі көнге айналу барысында, бассүйекті (оның ішіндегі миды қоса) қатты сығымдап жібереді. Жон терісінің сыпырылуымен қоса, миы да қоса сығымдала ұзақ азапталған адам өле-өлгенше мәңгіріп қалады. "МӘҢГҮРТ" сөзінің әуелгі нұсқасының "МӘҢГІРТ" сөзі екендігі де содан. "Жон терісін сыпыру" (ауыс мағынасы; "өлімші етіп сабау, азаптау") фразеологизмі тарихының мәнісі де сонда. Ал, әлгіндей "шараға" (құйқаның ырсиған жеріне терінің тез бітіп кетуіне) ит терісі тұрмақ, өзге адам терісінің де мүлде жарамайтындығын дана бабаларымыз кешелі-бүгінгі озық медицинадан мыңдаған жылдар бұрын анық білген.
Бестанымның негізі болып табылатын Сөзтанымның кезекті ғибраты осындай.

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы

Abai.kz

1 пікір