Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3624 0 пікір 1 Тамыз, 2015 сағат 02:00

МАҚТАЛЫ АЙМАҚТА ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІПТІ ЖОЛҒА ҚОЮ КЕРЕК

Кезектi жұмыс сапарын Мақтаарал ауданында жалғастырған Оңтүстік Қазақстан облысның әкiмi А.Мырзахметов кеңейтiлген мәжiлiсте атқарылған жұмыстар жайында аудан әкiмi Ж.Бейсенбаевтың есебiн тыңдады. Жалпы, есептi мерзiм iшiнде аудан әкiмдiгiне 117 тапсырма берiлiп, оның 42-сi өз деңгейiнде орындалмаған деп хабарлайды ОҚО әкiмiнiң баспасөз қызметi.

Құрылыс саласында былтырдан берi үш қабатты тұрғын үйдiң құрылысы субъективтi себептермен өтпелi болған. Басты себеп – жаңа ғимарат салынатын жердiң бедерi дұрыс зерттелмеген, соның салдарынан нысанның сейсмикалық конструкциясын бекемдеу мәселесi туындаған.

Облыс басшысы барлық аудандар мен қалаларда жылына 200 әлеуметтiк нысанның құрылысы жүргiзiлетiн өңiрде бiрыңғай құрылыс саясаты жүзеге асырылуы керектiгiне назар аударды. «Жобалаушы және мердiгер мекемелердiң жауапкершiлiгiн арттыру үшiн олар тарапынан жiберiлген кемшiлiктер анықталған жағдайда шұғыл әрекет жасау керек» дедi әкiм. Одан бөлек, ауданда 2013-2014 жылдары 42 нысанның құрылысы жүргiзiлген. Пайдалануға берiлген бұл нысандардың техникалық жағдайы жергiлiктi билiк тарапынан осы күнге дейiн тексерiлiп, түгелденбеген. Құрылыс басқармасы жүргiзген мониторингтiң нәтижесiнде 4 нысанда ақаулар анықталған. Ал, қызметтiк мiндетiне сай дер кезiнде дабыл қағуы тиiс аудан әкiмiнiң орынбасары мен ауыл әкiмдерi, мектеп директорлары өз мiндеттерiне атүстi қараған.

Бүгiнде аудандағы 24 елдi мекенде жер асты су қорларын анықтауға байланысты геологиялық барлау жұмыстарын жүргiзу қажет. Халқы тығыз қоныстанған, егiншiлiкке бейiмделген өңiрде су көздерiн пайдаланудың тиiмдi жүйесiн қалыптастыру ең өзектi мiндет екендiгiн айтқан өңiр басшысы су айдындарында су тазалау қондырғыларын орнату мәселесiн зерделеудi тапсырды.

Мақтааралдағы 132,9 мың гектар егiстiк жердiң 132,4 мың гектарына бекiтiлген жоспарға сәйкес ауыл шаруашылығы дақылдары егiлген. Кешендi жоспарға сай мақта алқабы 23 мың гектарға қысқартылып, оның орнына экономикалық тұрғыда тиiмдi дақылдар өсiрiлген. Осы мәселеде А.Мырзахметов мақта алқабы қысқарғаннан кейiн үнемделген ағын судың көлемi мен оны пайдаланудың ұтымды тұстарын белгiлеудi мiндеттедi. Тамшылатып суару әдiсiн енгiзуде межелi көрсеткiштерге қол жеткiзiлмеген. Ауданда жекенiң қолындағы 486 шақырымды құрайтын 175 канал мен коммуналдық меншiктегi ұзындығы 23,5 шақырымды құрайтын 22 канал жөндеудi қажет етедi. Аудан тарапынан тиiстi орындарға осы жұмыстарды атқару жөнiнде бiрде-бiр өтiнiм берiлмеген. 201 су арнасы жекенiң қолында екендiгiне тоқталған облыс басшысы жергiлiктi билiк тарапынан заң талаптары аясында канал иелерiне нақтылы талаптар қойылуы керектiгiн қадап айтты. Онсыз да су тапшылығын сезiнiп отырған аймақта әр тамшының құнын бағалай бiлмеген аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлiмiнiң басшысын қызметiнен босатты.

Мал шаруашылығын дамытуға сәйкес бордақылау алаңдары мен шағын отбасылық фермаларды және шағын құс фабрикасын құруда межелi көрсеткiштер орындалмаған, СТК жобасын дұрыс ұйымдастыру шаралары қолға алынбай қаржыландырылмаған. Өңiр басшысы ауылдық аймақтарда жұмыссыздықты жою бағытында бiрден-бiр тиiмдi бағыт – мал шаруашылығы жобалары екендiгiн айтып, ауыл әкiмдерiне осы жұмыстарды атқаруға бiр ай мерзiм белгiледi. Осы мерзiм iшiнде оңды нәтиже байқалмаса, жауаптылардың қызметке сәйкестiгi мәселесi күн тәртiбiне қойылатындығын ескерттi.

Мақта егетiн аймақта осы күнге дейiн бұл дақылдан алынатын мал азығын дайындау жобасы қолға алынбаған. «Бұл жергiлiктi билiктiң үлкен кемшiлiгi» деп бағалаған А.Мырзахметов аудандық кәсiпкерлiк бөлiмiнiң басшысын атқарып отырған қызметiнен босатуды тапсырды. Облыс әкiмiнiң орынбасары С.Тұяқбаевқа Индустрияландыру картасына ауданда шрот өндiру жобасын енгiзудi жүктедi. Сондай-ақ, ауыл әкiмдерiнен жердi аукционға шығаруда барынша жариялылықты қамтамасыз етудi талап еттi.

Индустрияландыру картасы бойынша бiрiншi бесжылдықта ауданда 6 жоба iске асып, 439 жұмыс орны ашылған. Биыл осы картаға 4 жоба енгiзiлген, тағы 2 жобаны енгiзу жұмыстары қолға алынған. Бiрақ талдау нәтижесi көрсетiп отырғандай, аудан әлеуетi әлi де толық пайдаланылмай отыр. Соның бiрi – жеңiл өнеркәсiп жобаларын қолға алуда аудан бастамашыл бола алмауда. «Мәселен, аймақта жүзден астам бiлiм ошағы жұмыс жүргiзедi. Алайда, оларды қажеттi киiм-кешекпен қамтамасыз етуде тiгiн фабрикасы жоқтың қасы» деген өңiр басшысы осы бағытта атқарылуы керек жаңа мiндеттердi белгiледi.

Жиын соңында облыс әкiмi жоспарланған көрсеткiштер бойынша оң нәтиже бар екендiгiн, дегенмен, ауданның әлеуетi әлi де толық пайдаланылмай жатқандығын атап өттi.

Абай-ақпарат

0 пікір