Жұма, 26 Сәуір 2024
46 - сөз 10489 0 пікір 19 Тамыз, 2015 сағат 12:16

ӘБІЛҚАЙЫР ХАН ТАРИХЫН ҚАЙТА ҚАРАУ КЕРЕК

Тарих ғылымдарының кандидаты, испан тілі мен әдебиетінің белгілі маманы, Мадрид және Қазақ-Америка университетінің профессоры Самат Өтениязов Әбілқайыр ханды қазақ тарихындағы ең шоқтығы биік тұлғалардың бірі деп біледі.

Тарихшының айтуынша, Әбілқайыр хан туралы деректер сарапқа салынғанда, оның қырық жылдан астам уақыт Ресей басқыншыларына қарсы күрестің басы-қасында болған тұлға екені анықталған. Мұндай тұлғаның орыс патшасына бодан болуға өтініш жазуының астарында не сыр бар? Бұл мүмкін бе? «Міне, 90-жылдардың соңында осы мәселеге ден қойған академик Манаш Қозыбаев, профессор Жанұзақ Қасымбаев «Әбілқайыр хан тарихын қайта қарау керек» деген шешімге келген еді» — дейді Самат Өтениязов.

Біз оны сұхбатқа шақырған едік:

— Үстіміздегі жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өткелі отырмыз. Қазақ хандығы қандай мемлекет болды? Тарихымыздағы орны қандай еді?

— Қазақ халқының басқа халықтарға, оның ішінде өзімізбен діндес мұсылман немесе түркі халықтарына ұқсамайтын өзгешеліктері бар. Қазақтар ежелгі ғұндардың тұрмыс салтын, дәстүрлерін бүгінгі күнге жеткізіп отыр: киіз үй, баланы бесікке бөлеу салты, жылқы сүті мен етінен әзірленетін тағамдар. Егер ғұндар дәнді дақылдар арасынан, негізінен, тарыны пайдаланған болса, қазақтар да күні кешеге дейін солай етті. Ойыл жерінде Шығанақ атамыз тарыдан өнім алудан әлемдік рекорд жасады. Ұланғайыр аумақты мекен еткенмен, қазақтың тұрмыс салтында айырмашылық жоқ. Жеті атаға дейін қыз алыспаймыз. Алақандай жерде тұратын өзбектер мен түркмендердің тілінде диалект бар, ал Еділден сонау Томскіге дейінгі аралықтағы алып даланың ана шетін мекендеген қазақ пен мына шетін мекендеген қазақтың тілі бірдей. Бүгінге дейін сақталған үлкен қазынамыз — халық ауыз әдебиеті. Қазақ фольклорының жауһарлары 100 том болып баспадан шықты. Міне, осы өміршеңдік пен бірлікке бір орталыққа бағынған, айбынды мемлекетіміздің болғандығының арқасында жеттік. Ол мемлекет — Қазақ хандығы.

Қазақ хандығы — тарихтағы ең демократиялы мемлекеттердің бірі. Ел басшысы — хан — сайланды. Ру басшылары белгілі билерден болды. Ханды сол ру басшылары сайлады және хан олармен барлық мәселелер бойынша ақылдасып отыруға тиісті болды.

Өкінішке қарай, Қазақ хандығы екі үлкен империяның ортасында, изоляцияда қалды да, Еуропаның оқатар қару-жарағына қол жетпеді…

— Сіз бірлікті айтасыз, ал біз, мысалы, 70-жылдардың соңында мектеп табалдырығын аттаған біздің буын тарихтан қазақтың алауыздығы туралы ғана оқып-білдік. Ол тарих бойынша, Қазақ хандығының түбіне хандар мен ру басшыларының алауыздығы жетті-міс. Әрине, бұл олқылық қазір түзетілді…

— Толықтай түзетілді деуге болмайды. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» дейміз бе, «Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады» дейміз бе, қайткенде де, сол бұрынғы сарыннан арылғымыз жоқ. Қазақ хандығының түбіне жеткен, ғасырлар бойы осы жолда жымысқы саясат жүргізген, казактарды, қалмақтарды тісіне дейін қаруландырып, қазақ жұртына айдап салып отырған — Ресей империясы еді. Қазақтың руларын, ықпалды тұлғаларын бір-бірімен араздастырып, ішкі алауыздықты қоздыру мақсатында қаншама қиянат жасалды? Ресей империясының қазақ еліне алғашқы қарулы шабуылы 1580 жылы Сарайшықты қиратудан басталды. Осы жылдан бастап қазақтың Ресей басқыншыларымен соғысы әрқайсысы 150 жылдан тұратын екі кезеңге, барлығы 300 жылға созылды. Ол заманның шындығы туралы орыстың офицері әрі тарихшысы Карпов былай деп жазып қалдырған: «… раз это киргиз — то враг, заклятый враг и все, что носило на себе киргизский облик, все уничтожалось, билось казаками на смерть, целые аулы, старцы, жены — все истреблялось; убивались дети и грудные младенцы, — «вырастут — укусят!» говорили казаки и поднимали их на копья. Истреблять басурманина — такова была миссия казака того времени, миссия, освященная церковью». («Киргиз» деп қазақтарды атағаны белгілі.) Ал, сөйтсе де, біз әлі күнге дейін 1956 жылы құрып кеткен жоңғар мен 1771 жылдан соң бас көтермеген қалмақты айтумен келеміз, кино түсірсек те, сол жоңғар мен қалмақ жүреді.

Иә, тәуелсіздіктен кейін тарихымызды қайта қарап, қайта жазу ісі қолға алынғанмен, ала-құла айтылып жүрген, «әттеген-ай» — дегізетін тұстар әлі де көп болып отыр.

— Әбілқайыр ханның басқыншыларға қарсы күрестің басы-қасында жүрген тұлға екенін айттыңыз. Оның ерлік істеріне тоқталсаңыз?

— ХVIII ғасырдың басында, атап айтқанда, 1709 жылы оны Тәуке ханның өзі бас болып, билер қолдап, хан кеңесі шешімімен Кіші жүз ханы етіп сайлаған. Әрине, жас Әбілқайырдың соған дейінгі ерлік істері ескеріліп, осындай шешім қабылданған. 1907-1709 жылдар арасында ол сарбаздарын ертіп барып, туысқан башқұрт халқының ұлт-азаттық көтерілісіне көмек көрсетті. Башқұрттар арасында оны хан көтеру туралы бастама да болған. Дегенмен 1709 жылы Әбілқайыр шұғыл түрде елге шақырылып, оған Ресей басқыншыларына қарсы Кіші жүз тарапынан күресті ұйымдастыру тапсырылды. 1718, 1719 жылдары ол әр жолы 20 мың әскермен барып, екі рет Теке қаласын (қазіргі Орал) қоршайды. Казактар ғана емес, Еділ қалмақтарымен де қақтығыстар жиі орын алған.   1721 жылы казак-орыстар мен қалмақтардың атаман Балмашнов басқарған тобы Ойыл өзеніне дейін шабуыл жасап, көп тұтқындар, мал айдап әкеткен. Келесі жылы осыған қарымта ретінде шабуылдар ұйымдастырылды. Солардың бірінде қазақтар Теке қаласы жанындағы жылқы табынын айдап кетіп, Жайық казак әскерлерін жаяу қалдырады. Сондықтан олар І Петрдің Персияға қарсы жорығына қатыса алмай қалады.

І Петр жоңғарларды артиллериямен қаруландырып және оларға жаңа қаруды үйретуге капитан Унковскийді жіберіп, 1723 жылғы «Ақтабан шұбырындыны» ұйымдастырады. («Ақтабан шұбырынды» катастрофасының артында кімдер тұрғаны қазір ешкімге құпия болмай қалды.) Нақ осы тұста Батыстан казак-орыс отрядтары мен қалмақ әскерлері де қазақ еліне шабуыл жасайды.

Шығыстан келген жоңғарлар Түркістан қаласына дейінгі жерлерді түгел басып алды. Ал, батыстан келген жау Түркістанға жете алмады. Себебі, Әбілқайырдың сақадай сай әскері оларды тоқтатып қана қойған жоқ, Еділден әрі қарай асырып қуды. 1723–1724 жылдары Әбілқайыр бастаған қазақ әскері Утва, Самара, Шаған өзендері бойында казак-орыстардың, қалмақтардың отрядтарымен бірнеше рет бетпе-бет келіп, қырғын шайқастар болды. Шайқастардың бірінде, 1724 жылы қалмақ ханы Аюке өлді.

Егер, Батыстан төнген жау шабуылы дер кезінде тоқтатылмағанда, қазақ елі түгелдей басқыншылардың қол астында қалатын еді.

Батыс жақ шекараны қауіпсіздендіріп болған соң, Әбілқайыр хан қазақ жұртын жоңғарларға қарсы күреске жұмылдыруға кірісті. Өкінішке қарай, жоңғарларға қарсы соғыстағы Әбілқайырдың еңбегі, ерлік істері әлі күнге дейін лайықты бағасын алған жоқ. Деректер бұрмаланып, оның істері басқаларға «беріліп» жүрген тұстар да бар.

— Әбілқайыр хан туралы шындықты қалпына келтіру ісін тарихшыларымыз 90-жылдардың соңында қолға алғаны белгілі?

— Сол тұста «Әбілқайыр тарихын қайта қарау керек» деген мәселе көтерген — академик Манаш Қозыбаев, профессор Жанұзақ Қасымбаевтар еді. Манаш Қозыбаев «Елдік үшін күрес мыңжылдығы» аталатын мақаласында: «Ұлт мүддесі үшін ғасырлар бойы күрес жүргізген Әз Жәнібек хан, Керей хан, Қасым хан, Әз Тәуке, Әбілқайыр хан сияқты тұлғалардың дәуір тарихында шоқтығы биік-ақ» — деп атап өтті. Ресейге қарсы 40 жылдан астам уақыт бойы күресіп, оның арасында қалайша бодан болуға өтініш жазды екен деп күдіктенген Жанұзақ Қасымбаев Әбілқайыр хан тарихын қайта қарау керектігін айтты. Ақыры 2000 жылы Әбілқайырдың тарихи хатының түпнұсқасы оқылғанда, төбеден жай түскендей әсер етті. Біз осы уақытқа дейін оның орысша аудармасын пайдаланып, сол орысша аударма талай ұрпақты жаңылыстырып келген болып шықты. Әбілқайырдың хатында бодандық туралы сөз жоқ, онда тек Ресейдің қол астында қалған башқұрт халқы мен қазақтар арасындағы бұрынғы туысқандық байланысты қалпына келтіруге қатысты сөз қозғалған. Әрине, осы бағытта ізденген тарихшылар бұған қатты қуанды. Өкінішке қарай, Әбілқайыр хан тарихын қайта қарайтын ғылыми конференция өткіземіз деп жүргенде Манаш пен Жанұзақ қайтыс болып кетті. 2002 жылы — Манаш Қозыбаев, 2003 жылы Жанұзақ Қасымбаев дүниеден өткенде, санымызды соғып қала бердік.

Сөйтсе де, Әбілқайыр жазған тарихи хат дұрыс оқылғалы бері бұрынғы түсініктер түгелдей өзгеріп, Әбілқайыр хан ақталды. Мұны көңілге медеу тұтамыз. Тарихымызда Әбілқайыр хан — бар ғұмырын азаттық жолындағы күреске арнаған жарқын тұлға.

 

Сұхбаттасқан Индира ӨТЕМІС.

Ақтөбе газеті

Түпнұсқадағы тақырып: "Әбілқайыр хан — тарихымыздағы шоқтығы биік тұлға"

0 пікір