Сенбі, 20 Сәуір 2024
46 - сөз 4638 0 пікір 19 Тамыз, 2015 сағат 14:15

ҚАЗАҚСТАН ДЕФОЛТ АЛДЫНДАҒЫ ЕЛДЕРДIҢ ТIЗIМIНЕ ЕНДI

Жұма күнi үкiметтiк “Казахстанская правда” басылымы Bank of America конгломератына сiлтеме жасап, Қазақстан дефолт болу ықтималдығы жоғары елдердiң қатарына енгенiн жазды. Басқа-басқа, бiрақ “Каз­правданың” өз сайтына мұндай ақпарат iлiп қойғанына таңғалған журналистер қауымы мұны шыны керек, батылдыққа балады. Десек те үкiметтiк газеттiң батылдығы ұзаққа жетпеді, анығында жеткiзбедi деген дұрыс шығар. Келесi күнi-ақ бұл ақпарат газет сайтынан алынып тасталды. Google сайты арқылы iздеуге салсаң, “Казправда” жариялаған әлгi материалдың URL-сiлтемесi шыға келедi. Сiлтеме арқылы басылымның сайтына өтсең, ақпарат орналастырылған парақша жойылғанына көз жеткiзесiң.

Қош, сонымен, “Казправда” орналастырған ақпарат кiмдер­дiң қитығына тиюi мүмкiн? Ол үшiн алдымен сол ақпараттың мән-мазмұнына үңiлейiк.

Bank of America институтына сенсек, дефолт болуы мүмкiн елдердiң тiзiмiнде Қазақстан ­   9-орында тұр. Бiздiң мемлекеттен бөлек бұл елдер тiзiмiндегi алғаш­қы үштiкте Венесуэла, Грекия, Украина бар. Тiзiмдi ары қарай жалғасақ, Пәкстан, Египет, Кипр, Бразилия мен Түркия дефолт орын алуы мүмкiн елдердiң алғашқы ондығына енген. Ресей 7-орыннан табылған.

Әлемдегi әйгiлi, үшiншi iрi компания саналатын Bank of America бұл деректердi төбеден ала салмағаны түсiнiктi. Рейтинг түзбес бұрын несиелiк-дефолттық своптарды негiзге алған. Осы своптардың құны дефолт ықтималдығына тiкелей байланысты. Своптардың құны – мiндеттеменi орындай алмай қалудан сақтандыратын құрал. Бiзде осы своптар құнының дефолт ықтималдығына қатысы өте жоғары болып шықты деген сөз. 

Bank of America жариялаған ақпараттың құндылығы өз алдына, Қазақстан жағдайында бұл ақпаратты өзге емес, алдымен мемлекет қарамағындағы газеттiң өз сайтына жариялағаны қызық болып тұр.

А.Есiм.

Жас Алаш газеті

0 пікір