Жұма, 19 Сәуір 2024
Өз сөзі 7160 0 пікір 25 Тамыз, 2015 сағат 11:59

ТАРИХ ПЕН ӘДЕБИЕТТІ БҮКІЛ МЕКТЕП ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ОҚИДЫ - СӘРІНЖІПОВ

 

 

Бүгін Республикалық білім жүйесі қызметкерлерінің тамыз кеңесі барысында Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов бүкіл мектептерде "Қазақ әдебиеті" мен "Қазақстан тарихы" пәндерін қазақ тілінде оқыту керектігін айтты. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

"Мектептерде үш тілде оқыту моделі енгізіледі. Жоғары сыныптарда және жоғары оқу орындарында ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңімен көшу міндеті қойылып отыр. Бұл ретте мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгеру міндетінің басымдығын ұмытпауымыз қажет. "Қазақ әдебиеті" пәніне қоса, "Қазақстан тарихы", "География" пәндерін бүкіл мектептерде қазақ тілінде оқыту ұсынылып отыр", - дейді А.Сәрінжіпов.

Оның айтуынша,  2013 жылдан бастап елімізде ағылшын 1-сыныптың бағдарламасына енгізілген, сондықтан, осы жұмысты аясында жоғары сынып сабақтарын ағылшын тілінде өткізу көзделуде.

"Осы жұмыстың аясында сыныптан тыс шаралар мен ағылшын тілінде бірқатар курстар өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, жазғы тіл тоқсанын ұйымдастыру көзделген, бұған педагогикалық жоғары оқу орындарының 3-4 курс студенттері тартылады. Сөйтіп, жоғары сыныптарда информатика, физика, химия және биология пәндері ағылшын тілінде оқытылатын болады", - деді министр.

Естеріңізге салсақ, бұған дейін Бас ұстаздың «Қазақ тілінде қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, география пәні оқытылады. Информатика, физика, химия, биология жоғары сыныптарда тек ағылшын тілінде өтетін болады. Ал, қандай мектеп болса да, мейлі ол қазақ, мейлі аралас мектеп болсын  Дүниежүзі тарихы пәнін тек орыс тілінде оқиды», - дегені туралы жазған едік.

Айта кетейік, Аслан Бәкенұлы дәл екі жыл бұрын, 2 қыркүйекте осы салаға министр болып келді. Министрдің ауыз толтырып айтарлық қызметі ретінде биылғы жылы мемлекеттік гранттың 78 пайыз үлесінің қазақ тілді түлектерге бөлінуін айтуға болады.

 

Abai.kz

0 пікір