Жұма, 29 Наурыз 2024
Тарихтың бір күні 10033 0 пікір 27 Тамыз, 2015 сағат 16:38

БҰНДАЙ ШЕРУ БІЗ ЖАҚТА БҰРЫН-СОҢДЫ БОЛМАҒАН


Қазақ хандығының 550 жылдығы еш пафоссыз – ұлы той. Себебі бұл шын мәнінде қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдық мерей тойы, демек «қазақта бұрын мемлекет болмаған» деген сөзді жоққа шығару жолындағы үлкен іс. Ал осы тырнақшаға алынып отырған пікірдің қандай қаупі бар? Біріншіден, бұндай әңгімелер көлденең көк аттының емес, үлкен саясатта әжептәуір орны бар шетелдіктердің аузынан шығуы бірте-бірте «бұл мемлекеттің құрылуы кедейсоқтық» немесе одан да бетер өрескел тұжырым-түсініктерге әкелуі әбден мүмкін. Мемлекеттігіміздің тарихының тереңдігі өте-мөте маңызды - бірнеше жүз жылдық бәйтеректі  шайқауға ешкім ұмтылмайды, себебі бұл ісінен түк шықпасын, босқа арамтер боларын біледі. Ал бар-жоғы бірнеше жастағы терек пен мемлекеттілікке көз алартатындар табылып қалуы әбден мүмкін. Тарих – біздің тамырымыз, оны тереңдете беру бәрімізге парыз.

Сонымен, Қазақ хандығының 550 жылдығы – жалпыхалықтық мереке, ал той деген - көптің ісі. Және бұл той белгілі бір адамдар мен жекелеген топтардың қуанышты қарбаласы ғана емес бұқаралық сипатқа ие болуы үшін, қоғамның оның жәй ғана көрермені болуы жеткіліксіз,  белсенді қатысушысы болуы шарт, ал тойдың сән-салтанатын одан сайын күшейтетін іс-шаралардың бастамашысы бола алса тіпті нұр үстіне нұр. Қазақ хандығының 550 жылдығының, қазақ мемлекеттілігінің тарихында ерекше орны бар, Бөкей ордасында тойлануы алдында «Жайық пресс» ЖШС (басшысы Жантас Сафуллин)  мен «DANA.kaz»журналы (бас редакторы Қазыбек Құттымұратұлы) осы тойдың құрметіне автошеру ұйымдастыру туралы бастама көтеруі – бір тың да мән-мағынасы зор іс болды. Қазақ хандығының 550 жылдығының құрметіне Орал қаласынан шамамен 550 шақырым жерде орналасқан Хан ордасына автошеру  жасау жобасы тиісті орындармен мақұлданғаннан кейін, әлеуметтік желілер арқылы көпшілік назарына ұсынылды. Шарты: осы шараға ықыласты адамдардың сапар шығынын өздері көтеруі және көліктің джип болуы. Көліктің бұндай түрі таңдаған кезде бір жағынан шараның мәртебесін көтеру болса, екіншіден алда күтіп тұрған сапардың жол жағдайларының күрделілігі де ескерілді. Нәтижесінде, осы талапқа жауап беретін 9 автокөлікпен отыз адам сапарға шықты.  Автошеру қатысушылары әр түрлі әлеуметтік топ пен кәсіп иелерінен құралды: өлкетанушылар, тарихшылар, журналисттер, кәсіпкерлер, блогерлер, т.с.с. Тек кәсіптері ғана емес,  саяси ұстанымдары да әрқилы экспедиция мүшелерінің басын қосқан – бұл азаматтардың өз Отанына, оның тарихына деген құрметі. Әншейінде бастары біріге бермейтін әрқайсының өз шындығы бар белсенді азаматтардың ортақ істе осылай бірігіп, оны ойдағыдай атқарып шығуы болашағымызға деген үлкен үміт ұялатады екен.

Сонымен автошеру қалай өтті? Сапардың су жаңа «Қадыр орталығы»-нан басталып, Әбілқайыр хан және Сырым Датұлы көшелері сынды тарихи мән-мағынасы зор көшелер арқылы өтуі, алғашқы аялдамалары «Хан тоғайы» мен көне «Жайық қалашығы»-ның тұсында жасалуы терең символикалық мәндерге ие.  Жасалған әр аялдамада  экспедиция мүшелері сөз сөйлеп Қазақ мемлекеттілігінің тарихы, бүгінгісі және оны нығайту бағынасында сөз сөйлеп, ой-пікірлерімен бөлісті.

Осындай аялдама кездесулер барысында тың идеялар да айтылып қалып жатты. Мысалы: 1) Орал қаласының жанындағы Хан тоғайында қала әкімінің қатысуымен өткен аялдама-кездесуде тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин «бір емес қос ханды ұлықтау рәсімі өткен бұл жерде бір ескерткіш белгі тұруы керек» деген пікір айтты.  2) Экспедиция мүшелері той өткен Хан ордасы елді мекенінде болған кезде 1917-1918 жылдары шыққан "Ұран" газетінің баспаxанасы болған үйге ат басын бұрды. Бұл  - кезінде Ғұмар Қараш, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Нұғман Манаев, Ғали Бегалиш ев, Ғабит Сарыбаев сынды азаматтар еңбек еткен қастерлі мекен. Аталған үйдің сыртындағы тақтайшада «бұл үйде 1919 жылы тұңғыш қазақ совет баспаханасы орналасқан» деп жазылып тұр. Алдағы уақытта бұл жаңсақтық түзетілетін – экспедция мүшелерінің күшімен мәтіні ақиқатқа сай келетін жаңа тақтайша орнатылатын болып шешілді. 3) Автошерудің соңғы аялдамасы болған Жалпақтал елді мекенінде  азаттықтың ақ таңын аңсап, астыртын да белсенді әрекет еткен «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» ұйымына (жетекшісі  Ғұбайдолла Әнесов) қойылған ескерткіш алдында  Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев бұл ұйымның мән-маңызы жайлы әңгіме қозғай отырып, азаттық жолында өздерін құрбандыққа шалған жалынды жастардың ісін әлі де кеңірек насихаттау, құрмет көрсету, олар лайық тиісті дәрежеге көтеру керектігі жайлы тілек-ұсынысымен бөлісті. Бұндай ұсыныстар мен тың идеялар, пікірлер бейресми форматтағы отырыстарда тіптен көп айтылды. Кездесулер мен отырыстар бұрынғының терме-күйлерін төккен Фархад Оразов сынды талантты жандардың арқасында тіпті құлпырып кетеді екен. Мемлекетшіл азаматтардың бір жерде бас қосып, жүздесуіне мүмкіндік сыйлаған, бұрын бірін-бірі білмеген-біліңкіремеген жандардың келесі кездескенде шұрқыраса табысуының өзі неге тұрады. Рух көтерер сөздері мен әндерін көлік үстіндегі колонкаларынан әуелете төккен автошеру өткен кезде қол бұлғаған кейуаналар мен қабаттаса жүгірген балдырғандардың жанарындағы қуаныштың құнын немен өлшейсің! Біз отырған автокөліктің терезесінен Қазақстанымыздың көк Туын шын ынтазарлықпен желбіреткен Нұртас Сафуллин сынды белсенділердің іс-тірлігін көрген кезде ішімнен «тәубе» деп отырдым. Жалпы, бұл мерекеде қызық көп болды - ақындар айтысы, ат жарыс, күрес, қыз қуу, «Алтын дала шежіресі» атты театрландырылған қойылым, концерт  бір сөзбен айтқанда үлкен тойда болуы тиіс сауық-думанның бәрі де ұйымдастырылды.

Бүгін 26 тамыздан 27 тамызға қараған түні автошеру өз мәресіне жетті. Өз басым, жоғарыда айтылған ойларды қорыта келе «шеру өз мақсатына да жетті» деп те ойлаймын. («Азаматтық қоғамның қалыптасуының бір көрінісі» деп атауға келетін бұл жобаның көре алмай, іші күйгендер болса, тұз деген ондай қымбат өнім емес, жалай берулеріне болады).

 Сәдір Нұрлан Қуанышұлы,

«Қазақ хандығының 550 жылдығы» автошеруінің қатысушысы

Арнайы Abai.kz үшін Оралдан.

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2264
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3558