Сенбі, 20 Сәуір 2024
Билік 4419 0 пікір 28 Тамыз, 2015 сағат 02:00

ОҚО ӘКІМІ ХАЛЫҚТЫ ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Адамзат үшiн ең қасиеттi ұғымдар – имандылық пен iзгiлiк. Ал, Ислам дiнi адам мен қоғамға тән жақсылық пен жасампаздықтың барлығын да жатсынбайды. Ислам – бейбiтшiлiк пен келiсiм дiнi. Елбасы айтқандай, Ислам дiнi бiздiң мәдениетiмiзбен бiте қайнасып кеткен. Ал, Құрбан айт мейрамы – тек қана мұсылмандардың емес, бүкiл халықтың ынтымағын ұйыстыратын рухани мереке.

Шымкент қаласындағы Әл-Нахаян атындағы облыстық орталық мешiтке Құрбан айт намазын оқуға жиналған көпшiлiктi айтулы мерекемен құттықтаған облыс әкiмi Бейбiт Атамқұлов осылай дедi.

– Осы қасиеттi күндерi мұсылмандар құрбандық шалып, бiр-бiрiне үлестiрiп, баршаға жақсы тiлектер айтады. Ынтымақ пен ырыздықты, мейiрiм мен шүкiршiлiктi арттыратын берекелi мереке – Құрбан айт адамдардың жылы қарым-қатынас жасауына, түрлi ұлттар мен ұлыс өкiлдерiнiң өзара етене араласуына жол ашады. Бұл мейрам мұқтаж жандарға қол ұшын беру сияқты адами құндылықтарды да насихаттайды. Сондықтан iзгiлiк пен бейбiтшiлiк мерекесi құтты болсын! Алла мереке күндерi жасаған құлшылықтарыңызды, тiлеген тiлектерiңiздi қабыл алғай. Барша оңтүстiкқазақстандықтарға береке-бiрлiк, бейбiт өмiр, әр шаңыраққа игiлiк пен амандық тiлеймiн! Жаратқан Иемiз көп ұлтты Отанымызға бiрлiк пен ынтымақ бергей! Денiмiз сау, жұртымыз тыныш, елiмiзде тек жақсылықтар болсын, – дедi Бейбiт Бәкiрұлы.

Айт намазынан шыққан соң облыс әкiмi Б.Атамқұлов «Мерейлi отбасы» республикалық байқауының қатысушылары – Қуатбековтер шаңырағына ат басын бұрды. Ғалымдардан құралған әулеттiң отағасы Әбдiмұса аға өңiр басшысын құшақ жая қарсы алды. Ол кiсi ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигi, Нью-Йорк Ғылым академиясы мен Халықаралық шығармашылық академиясының академик-мүшесi, профессор, химия ғылымдарының докторы. Зайыбы Карамат Пердешқызы да профессор, химия ғылымдарының кандидаты, Ақсукент көпбейiндi колледжiнiң директоры. Орайы келгенде айта кетейiк, бұл әулет «Қорған» қайырымдылық қорын құрған, Арыс қаласының балалар үйiне үнемi демеушiлiк көмек көрсетiп тұрады. Бүгiнгi таңда Әбдiмұса Қуатбеков негiзiн қалаған университетте 50 жетiм және 150 жартылай жетiм бала тегiн бiлiм алады. 

Облыс әкiмi отбасы мүшелерiн Құрбан айт мерекесiмен құттықтап, олармен бiлiм берудiң сапасын арттыру, ғылымды дамыту мәселелерi төңiрегiнде пiкiр алмасты.

Айдар ҚҰЛЖАНОВ

Abai.kz

0 пікір