Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Билік 3951 0 пікір 28 Тамыз, 2015 сағат 02:00

ОҚО: ШЫМКЕНТТІҢ ЖҰМЫСЫ - ХАЛЫҚ НАЗАРЫНДА

Сәрсенбi күнi ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестiктi қорғау комитетiнiң ОҚО бойынша департаментi Шымкент қаласы мен Сайрам ауданының бiрнеше елдi мекенiн ауызсумен үздiксiз қамтамасыз етiп отырған «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нiң инвестициялық бағдарламасының орындалуы мен қолданысқа енгiзген жаңа технологияларын таныстыру үшiн пресс-тур ұйымдастырды, - деп жазады "Оңтүстік Қазақстан" газетінің тілшісі.

Аумақтық мекеме басшысы Бақтияр Аталықовтың сөзiне сенсек, бұл шара Елбасының тарифтi қалыптастыру кезiнде ашықтықты қамтамасыз ету жөнiндегi тапсырмасынан туындаған. Оған жергiлiктi мәслихат депутаттары мен қоғамдық ұйым басшылары, үй, көше, орам комитеттерi төрағалары мен БАҚ өкiлдерi қатысты.

Биыл қаңтардың 19-ында Застенная көшесiнiң астында 4 метр тереңдiкте жатқан диаметрi 1000 миллиметрдi құрайтын №2 қалалық кәрiз коллекторында апат орын алған-ды. Салдарынан жердiң үстiңгi қабатында шұңқыр пайда болып, құбырдың бiр бөлiгi опырылып құлаған. Араға ай салып бұл жағдай тағы қайталанды. Ол уақытта аталмыш серiктестiк мамандары шұғыл әрекет етiп, әбден тозығы жеткен коллекторды уақытша жамап-жасқап қойған. Сондықтан алдымен табан тiреген нысанымыз осы болды.

«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нiң бас директоры Анарбек Орманның айтуынша, бұрынғы Фосфор зауытынан бастау алатын коллектор өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында салыныпты. Сол төңiректегi iрi-iрi өндiрiс ошақтары мен елдi мекендердiң шайынды суына арналған құбыр жарамдылық мерзiмi әлдеқашан бiткендiгiне қарамастан, күнi бүгiнге дейiн кәдеге жарап келген.

Алайда, ендiгi жерде апаттың жиiлей беретiнiн ескерген кәсiпорын қайта құру жұмыстарын қолға алыпты. «Сумен жабдықтау және кәрiз жүйелерiн жаңалап, жаңғырту үшiн 2009 жылдан берi Еуропалық қайта құру және даму банкiмен қоян-қолтық жұмыс iстеп келемiз. Тiптi, 2015-2019 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама (6,02 миллиард теңге) жасап, оны Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестiктi қорғауға жауапты жергiлiктi орган алдында қорғап шықтық. Қаржы негiзiнен 59497 метр ауызсу, 7021 метр кәрiз құбырларын қалпына келтiруге бағытталмақ. Бағдарлама шеңберiнде биылға 1,5 миллиард теңге қаралса, соның 239,6 миллионы құрайтын аталмыш коллектордың 2,3 шақырымдық бөлiгiн (жалпы ұзындығы 5,6 шақырым) қайта құруға жұмсалып отыр. Әдетте темiр құбырлар тот басуға бейiм келедi, сол себептi гофрленген құбырды Степногорск қаласындағы зауыттан алдыртып жатырмыз. Әрi отандық өнiм. Мердiгер – «Инновация-7» ЖШС-i. Шiлденiң 4-iнен басталған бұл тiрлiк 30 қарашада бiтуi керек» дейдi ол.

Айта кетерлiгi, жыл сайын ескi су құбырларының 45 шақырымын жаңартуды жоспарлап отырған «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-i Шымкенттегi көпқабатты 1800 тұрғын үйдiң бүгiнде 450-iнiң, сондай-ақ 90 мыңның айналасындағы жеке сектордағы баспананың 74 мыңының су жүйесiн заман талабына сәйкестендiрген.

Бұдан кейiн Шымкент қаласы әкiмдiгiнiң «Су құбыры және канализация» МКК-на қарасты «Шаңырақ» 3-шi көтергiш сорғы стансасына бет бұрдық. «Шаңырақ» елдi мекенiн тәулiк бойына тiршiлiк нәрiмен қамтамасыз етудi көздейтiн бұл нысан 2012 жылы бюджет қаржысы есебiнен iске қосылған екен. Әйтсе де, құбырдағы қысымды қалыпты ұстап тұру технологиясында бiрқатар олқылықтар орын алғандықтан ағымдағы жылдың өзiнде су таратқыш желiлерге күш түсiп, 15 рет жарылыпты. Яғни мұндағы басқару стансасы қайта құруды қажет еткендiгi себептi жиiлiк реттегiш қондырғысы орнатылған. Мамандардың пiкiрiнше, Германияның «Wilo» компаниясының құны 980 мың теңге тұратын өнiмi сорғы қозғалтқышының айналымын бiр сарынды етiп, қысымды тұрақтандыруға мүмкiндiк бередi. Электр қуатын 30 пайызға дейiн үнемдейтiнi тағы бар. Яғни жылына 1831610 теңге қалтада қалады әрi жиiлiк реттегiштi сатып алуға кеткен шығын 1 жылда өзiн-өзi артығымен ақтайды деген сөз.

Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК

Abai.kz

0 пікір