Жұма, 29 Наурыз 2024
Қоғам 8713 0 пікір 28 Тамыз, 2015 сағат 10:33

КОНСТИТУЦИЯ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ

Осыған дейін «Конституция және біз: халықтың еркі қайда қалды?» http://old.abai.kz/node/41366, «Президент және Парламент» http://old.abai.kz/content/maksat-iliyasyly-prezident-zhene-parlament  атты мақалаларда Конституция, Президент және билік тармақтары мен халық туралы сөз еткен едік.

Онда кез келген мемлекеттің саяси бағытын, мемлекеттік құрылысын, басқару нысанын, негізгі  құндылықтарын айқындайтын басты құжаты – Конституция екенін, Конституцияның әрбір бабы, әрбір сөзі, тіпті тыныс белгісі үлкен мәнге ие және оның сәл өзгеруінің өзі қоғамға, мемлекет өміріне үлкен өзгерістер әкелетінін айтқанбыз. Ал оның орындалмауы немесе бұрмалануы қоғамның дамуына ғана емес, мемлекеттің тәуелсіздігіне, тұтастығы мен барша құрылымына қауіп төндіретіні анық екенін ескерттік.

Міне, көзді ашып-жұмғанша бүгінгі қолданыстағы Конституцияның қабылданғанына да 20 жыл толыпты. Осы уақыт ішінде қолданыстағы Конституция Қазақстанның мемлекетін құрушы ұлтқа, осы мемлекеттің, жерінің, байлығының иесіне, яғни қазаққа не берді, не берген жоқ? Осы туралы аз-кем әңгіме өрбітейік...

 

Бүгінде талай қазақтың жауабын таба алмай жүрген көп сұрақтарының бірі «біздің мемлекетіміз неге «Қазақстан» атанды?».

Қылышынан қан тамған, отарлаудың ойранына түскен кеңестік дәуірде де 1920 жылдан бастап  Қазақ автономиялық кеңестік социалистік республикасы (Қазақ АКСР-і), 1936 жылдан Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы (Қазақ КСР-і) атанған қазақ елі өз еркіндігіне, тәуелсіздігіне қол жеткізіп тұрған уақытта «Қазақ» деген сөзден, атаудан неге бас тартты?

Екіншіден, Қазақстан Республикасы соңғы ширек ғасырға жуық тарихында 1993-жылы  28-қаңтарда алғашқы, 1995-жылдың 30 тамызында екінші Конституциясын қабылдады. Бірінші Конституцияның алғы сөзінде "қазақ мемлекеттілігінің бұлжымастығын негізге ала отырып  (исходя из незыблемости казахской государственности)" деп басталып, Конституциялық құрылыстың негізі "өзін өзі билейтін қазақ ұлты  мемлекеттілігінің түрі ретінде Қазақстан Республикасы  өзінің барлық азаматының құқық теңдігін қамтамасыз етеді. (Республика Казахстан как форма государственности сомоопределившейся казахской нации обеспечивает равные права всем своим гражданам)" деп жалғасқан-ды. Ал екінші Конституцияда қазақтың Қазақстандағы жалғыз мемлекет құрушы ұлт екені де, қазақ мемлекеттігі деген ұғым да мүлде алынып қалды. НЕГЕ?

Біреулер айтуы мүмкін, «Қазақ» дегенмен «Қазақстан» дегеннің айырмасы не?-деп. Ол туралы да алда кеңінен сөз етерміз, ал енді ұғым туралы...

Жоғарыда сөз болған ұғымдар ұлттың статусын, оның тағдырын белгілеген  ұғымдар болатын. Яғни, ұлттың ұлт болып өмір сүруінің табиғи негізін анықтайтын. Бұл - заң күші бар табиғи тұжырымдама еді. Бірақ, сол кездегі елдің саяси хал-аухалының жағдайымен бе, әлде, жеке адамдардың көзқарасы, ұстанымынан ба, әйтеуір  біреулерге осы тұжырымнан құтылу қажеттілігі туғаны анық.

Ал, бұл тұжырымды ешқандай да сөзбен ауыстырып, немесе бүркемелеу мүмкін емес. Сондықтан да оны Конституциядан шығарып тастау қажет болды. Шығарып тасталды.

Ендігі жерде қазақ ұлты Конституция бойынша мемлекет құрушы да емес, Қазақстан өзін өзі билейтін қазақ ұлтының мемлекеті де емес болып шықты және қазақ ұлты осы елде өмір сүруші диаспоралармен тең дәрежеге түсірілді. Былайша айтқанда, ықылым заманнан жаз жайлауы, қыс қыстауы болып, найзаның ұшымен, білектің күшімен ғасырлар бойы сақтап, қорғап, ұрпағынан ұрпағына аманат етіп келген қазақ баласы да, Кеңестік қанқұйлы саясаттың зардабынан айдалып, жер аударылып келген шағын диаспора өкілдері де осы «Қазақстан» атты мемлекеттің тең қожайыны, тең иесіне айналды.       

Қай заманда да «Көрші ақысы-Тәңір ақысы», «Қонақ-құт» деп өскен қазақ үшін бұл да аса мазасын қашыра қойған жоқ. Оның үстіне тәуелсіздіктің эйфориясы мен 90-жылдардағы халықтың әлеуметтік жағдайы қазаққа қазақтың мүддесін іздеуге мүмкіндік берген жоқ. Ал ұлт зиялылары арзан шекпен, алданыш шенге дән риза болды ма, әлде Кеңестік идеология жеке ұлты туралы ойлау, ұлтының мүддесін қорғау қасиеттерінен айырып жіберді ма, әйтеуір аса жан ұшырып, қазақ мүддесін қорғай қойған жоқ. Ал Конституция қазақ ұлтының ғана емес, тіпті Қазақстан халқының ештеңесін қорғамайтын болды.

Конституция тек Президенттің,  оның шексіз билігін жүзеге асырудың ғана құжатына айналды.

«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді, Халықтан талап кетсе, биліктен нысап кетеді» демекші, халықтың бақылауынан толықтай құтылған билік Конституцияны қалай жазамын десе, солай жазды. Осылайша, халықтың қалауымен емес, биліктің таңдауымен 1995 жылғы екінші Конституция дүниеге келді. Яғни, Конституция ұлттың даму табиғаты тұрғысынан жазылмай, жасанды тұжырымдауға, заңдық күші жоқ, жайпақ сөз, жадағай ұғымдарға құрылды.

Халық Конституция арқылы елді, мемлекетті билеу, басқару құқығынан айырылды. Оған бір мысал,  Конституцияның 3-бабының, 1-тармағында «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деген хабарлама сөйлем арқылы «республика халқы Мемлекеттік биліктің бірден-бір ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ» екенін жойды. Бұл жердегі «биліктің бастауы» деген сөздің қандай да бір заңдық күші жоқ.  Заңдық күші болуы үшін  «Республика халқы - Мемлекеттік биліктің бірден-бір «Құрылтайшысы» деп жазылуы керек еді. Олай болмады. Керісінше, республика халқы Конституцияға иелік құқығы жоқ, ағып жатқан «бастау» яғни, Республика халқы Мемлекеттің өзін-өзі билеу ісіне қатысуға құқығы жоқ, Республика шаруасын жасауға ғана қатысатын катализатор – «инертті газ» сияқты болып  қалды.

 

Қолданыстағы Конституцияның өн бойында «қазақ» деген сөз жеке дара екі-ақ жерде қолданылады. Оның бірі Конституцияның кіріспесіндегі «байырғы қазақ жерiнде» деген сөз бен, 7-баптағы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі» деген сөз.

Оның біріншісіне назар аударсақ, «байырғы қазақ жерiнде» дегендегі «байырғы» сөзін «давний», яғни  баяғыда, өткен заманда қазақ жері болған  деп те, немесе «байырғы»,  «исконный» қазақта бұрыннан келе жатқан деп те түсінуге болады. Конституцияда мұндай екіұшты, заңдық күші жоқ, жәй ғана жадағай сөз, жалпақ ұғымға жол берілмеуі тиіс еді. Амал қанша?!

Ал, 7-баттың 1-тармағында  «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі» деп тұрғанымен, 2-тармақта «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп ресми тілдің құзірет-қауқарын, қабілет-қарымын жоқ етеді.

Конституция түгілі жәй заңдардың өзінде оның бір бабының бір бабын жоққа шығаруына жол берілмеуі керек.

Осы жағдай, яғни тіл мәртебесі  1993-жылы қабылданған Конституцияның 8-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі. Орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі болып табылады» деп көрсетіледі.

Сонда тәуелсіздік алғаннан кейін, екінші Конституцияны қабылдап отырып, қазақ тілінің мәртебесін жойып, беделін түсірудің, қолданыс аясын тарылтудың қаншалықты қажеттілігі болды деген заңды сұрақ туындайды.

Осының бәрі сонау 1995-жылы «қазақстандық ұлтты» дүниеге әкеліп, оны жүзеге асырушы «Қазақстан халқы ассамблеясы» атты заңсыз құрылымды дүниеге әкелу үшін жасалды ма?

 

Онда «Мәңгілік ел» құру идеясы не үшін? «Мәңгілік ел» болу үшін оның саясаты, идеологиясы мәңгілік құндылықтарға құрылуы тиіс емес пе? Ұлттың тілін, салтын, өнерін, дінін, ерекше болмысын, жерін, тарихын сақтауға, осындай мәңгілік құндылықтарды дәріптеу мен дамытуға құрылмаса, «Мәңгілік ел» туралы сөз қозғаудың өзі утопия болып шықпай ма?        

Бүгінгі қолданыстағы Конституция мемлекет құрушы ұлттың мүддесін қорғамай отырғаны ғана емес, оның бірлігінің, ұлттық болмысының әлсіреп, мемлекет билігіне араласудан мүлде аластату үшін жасалған жоқ па? Бүгінгі билік саясатының мақсаты ұлттың, яғни қазақтың  өзін-өзі қорғай алмайтын халге жеткізу ме? Ол бұл «Ұлы мақсатына» жетіп те үлгерген жоқ па?

 

Сонымен Констиуция бізге не берді?

 

Конституцияның 1-бабында мемлекеттің ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi деп белгіленген. Ал ай сайын ұшырылып, құлап жатқан «Протондар», қазақ жеріне келіп жарылып жатқан «Тополь», «Ярс» тағы басқа әскери қарулар адам өмірін жақсартып жатыр ма?        

Тағы сол жерде, Конституциямыздың 1-бабында мемлекеттің ең қымбат қазынасы - адамдардың құқықтары мен бостандықтары екені көрсетілген. Сол құқықтар мен бостандықтарға қазақ азаматы толық ие болса,  Ермек Нарымбаев сияқты қоғам белсенділері 20 тәулікке қамалар ма еді?

Конституция бойынша әркiмнiң өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауына құқығы бар. Алайда сот жүйесінің тәуелсіздігі мен әділдігіне сенетін, сол әділдікке жеткен адам қарасы қанша екен?

 

Соңғы кезде Конституцияға өзгеріс енгізу керек деген әңгімелер билік өкілдерінің аузынан естіле бастады. Бүгінгі Конституцияға жекелеген өзгерістер енгізу арқылы жауырды жаба тоқи алмаймыз-ау...

Бүгінгі саяси, экономикалық, әлеуметтік, рухани шиеленістер мен кері кетушіліктерді жойып, жаңа жолға түсу үшін жаңа тұрпатты, мемлекет құрушы ұлттың мүддесін қорғайтын, шынайы мәңгілік құндылықтарға құрылған «Мәңгілік елге» жол бастайтын жаңа Конституцияның жасалуы, қабылдануы ғана көпшіліктің көңілін көншітпек.

Олай болмаса, өтірік көлгірсіп, көзбояушылық жасаудың қажеті қанша? Халық соқыр емес, мылқау да, соншалық дәрменсіз де емес...

 Билікке осы жайтты мықтап ойланатын кез келген сияқты.

 

Мақсат Ілиясұлы, заңгер,

«Халық бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3610