Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Ел іші... 5407 0 пікір 29 Тамыз, 2015 сағат 02:00

"ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮЗДІК ТАУАРЫ" - ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАНДА

Шымкент қаласында «Қазақстанның үздік тауары» атты өңірлік көрме-байқауы өтті. Отандық өнімнің сапасын арттыруға бағытталған шараға ОҚО-дағы 70 тауар өндіруші қатысты.

Көрмеде тамақ, фармацевтика, машина жасау, химия, жеңіл және құрылыс өнеркәсіптеріне қатысты кәсіпкерлер қатысты. Сараптау комиссиясы байқаудың дипломанттарын 3 номинация бойынша марапаттады.

 «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы — нарықты сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнімдермен қамтамассыз ету бағытында ұйымдастырылған шара. Көрме орталығында ұсынылған тауар көп. Әр кәсіпорын өз өнімін ұтымды көрсетуге тырысып бағуда. Бұдан бір байқағанымыз — өңірімізде тоқыма өндірісі де қарқын алған. Дегенмен, шикізатты өзімізде өндірмесе, тауардың өзіндік құны төмендемейтіні анық.

Биыл іске қосылған «Зерде керамика» зауыты — еліміздегі керамогранит шығаратын жалғыз замануи кәсіпорын. Өндірістік қуаты жылына 2 млн ш.м. бұйым әзірлеуге жетеді. Түрлі тауардың кең таңдауын ұсынғандар осы байқау арқылы отандық өнеркәсіпті өрлетуге одан әрі ынталана бермек дейді ұйымдастырушылар.

Дегенмен, отандық өнеркәсіп жиынтығын көруге келгендердің қарасы кем болды. Бірақ ұйымдастырушылар бұдан абдырап қалған жоқ. Жеңімпаздардың жетістігін саралауға кіріскен олар жүлдегерлерді анықтады.

Сөйтіп, «Халыққа арналған үздік тауар» дипломымен шардаралық «Хамит» селолық тұтыну кооперативінің өкілдері марапатталды. Кәсіпорынның балық өнімдері ТМД елдерінен бөлек Европада кеңінен танымал.

«Өндірістік бағыттағы үздік тауар» номинациясында жүлделі орынға «Назартекстиль» ЖШС мамандары ие болды. Былтыр ғана ашылған кәсіпорында тоқылған кілемдерге тапсырыс Ресейден де келіп түсуде.

«Зерде Фито» ЖШС де «Үздік азық-түлік тауары» номинациясында жүлделі орынды жеңіп алды. Айта кететін жәйт, көрмеде мүмкіндігі шектеулі азаматтар әзірлеген арнайы бұйымдар да ұсынылды.

Абай-ақпарат

0 пікір