Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
46 - сөз 6212 0 пікір 13 Қазан, 2014 сағат 17:23

РУБЛЬ-2...

Атауы айтып тұрғандай, өткен жетідегі тақырып бүгінгі әңгімеге өзек. Бұған әлеуметтің назарын баурап, еріксіз ойландыратын, түйткілімен көңілді аулап, көпшілікті толғандыратын жәйттер себеп.
Елордада халық қалаулылары Еуразия экономикалық одағына қатысты келісімді бекітті. Мәскеудегі хабар-ошар құралдары бұған пәлендей мән бермеді. Сірә, Кремль ендігі жерде іргедегі елмен арадағы одақтан гөрі шешімі қиын түйінге көбірек бас қатыратын секілді.

Соңғы аптада ахуал оңалған жоқ. Орыс ақшасы құнсыздана түсті. Осы аптада 1 долларға шаққанда бағамы 40 рубльден асып кетті. Орталық Банк, әйтеуір, әупірімдеп жүріп 39-ға түсірді. Қыруар шығынмен. Американдық Bloomberg агенттігі хабарлағандай, 2 қазаннан бері ақшаны тізгіндеу үшін 2 млрд доллар жұмсалған. Рубль қыркүйекте 7,5 пайызға құнсызданып, әлемдегі ең жылдам құлдыраған валютаға айналды. Агенттік ақшаның майын ішкен мамандарға сүйене отырып, Ресей Банкі жыл соңына дейін девальвациямен күреске 30 млрд доллар бөлуге мәжбүр деген болжамды көлденең тартады. Жаны бар пікір. Өйткені, Бас банк сәрсенбіде бивалюта (доллар мен рубль) «дәлізін» 44,45-ке дейін кеңейтуге мәжбүр болды. Бұл - рубльдің бағамы осы көрсеткішке барып тірелуі мүмкін деген сөз. Өткен жолы 1 долларды 42 рубльге сатып алатындай күн туса, бізге алаңдауға тура келеді дегенбіз. Дұрысы, Бас банкирдің осы тақылеттес пікірін келтіргенбіз.
«Қара алтын» да қуантпады. Brent маркалы мұнайдың баррелі тағы арзандады. Кеше түстен кейін Лондон биржасында 91 долларға бағаланды. Қара майдың арзандауы біздегі бензин дағдарысына оң әсерін тигізе қоймады. Жанар-жағар майға келгенде әлі де терістік көршімізге тәуелдіміз. Төртінші мұнай өңдеу зауыты салынбайтын сияқты. «Одан да Ресейден сатып алған тиімді»- дейді лоббишіл көкелер. Бұл жетіде «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының қызметін тың арнаға бұру (трансформация) жайы сөз болды. Қордың ғана емес, үкіметтің, соның ішінде экономикалық блокты құрайтын министрліктерді мемлекеттік мүддеге қызмет етуге мәжбүрлейтін тетік керек. Әйтпесе, Қашағандағы тесік құбыр, мұнайы мол елдегі бензин тапшылығы сықылды келеңсіздік пен В. Школьник мырзаның үнемдеу туралы уағызы жалғаса берері анық. Қашаған демекші, мұнай шығар-шықпас жарылған кеніштегі құбырларды алмастыру үшін 3,6 млрд доллар қажет деседі.
Ал Мәскеу баспасөзінің бүгінгі басты тақырыбы - орыс олигархтарының шетелде жоғалтқан мал-мүлкін бюджет есебінен қалпына келтіруді көздейтін «Ротенберг заңы». Кремль қожайынына жақын адамның есімімен аталған заң жобасын Мемлекеттік дума мақұлдап тастады.

Срайыл Смайыл "Жас қазақ" газетінің бас редакторы

"Жас қазақ" газеті

Тақырып өзгертіліп алынды. Түпұсқадағы тақырып: Мұнай және рубль-2

0 пікір