Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
46 - сөз 7044 0 пікір 13 Қазан, 2014 сағат 17:46

Серік Қирабаев: "МАҒЖАН: "МЕН ЖЕҢІЛДІМ, ОЛ ЖЕҢДІ ҒОЙ...""

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, әдебиеттанушы-ғалым, академик Серік Қирабаевпен (суретте) сұхбат

–  Серік аға, Сәкен Сейфуллин туралы әр жерде айтып жүрген ойларыңызды тыңдап жүрміз. Кейінгі жылдары ақын жайлы әртүрлі қайшылықты пікірлер айтылатын болды. Соның ақ-қарасын ажыратып, байыбына бара бермейтін сияқтымыз. Әсіресе жас ұрпақ үшін көп нәрсе түсініксіз. Осы туралы шынайы шындықты өзіңізден естіп білгіміз келеді…
–  Сәкен, сөзсіз, революционер ақын. Революцияны қабылдаған бір ғана Сәкен емес, қазақта үлкен топ бар. Ол Ә.Жангелдиннен бастап, Тұрар Рысқұлов, Нығмет Нұрмақов, Ораз Жандосов, Әбдірахман Әйтиев, Сейітқали Меңдешев, тағы да көптеген қайраткерлер қазақтың тәуелсіздігі осы жолмен келеді деп ұққан. Бүгінде Сәкенге тағылған айыптарды солардың бәріне де таңуға болады. Ал бірақ «осылардың бәрі халқына адал қызмет істеген жоқ, өзіндік-қазақтық, ұлттық психологиялық мүддесі болған жоқ» деп кесіп айтуға кімнің тілі барады?! Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, өзі қызмет еткен жаңа өкіметке Сәкеннің көзқарасы біркелкі болмағанын көреміз.
– Советтік саясатқа қайшы пікірлері де болды дейсіз ғой? 
– Әрине. Кеңес өкіметі қазаққа қандай жақсылық әкеледі деп қараған Сәкен оған күдігі болған кезде қазаққа жат саясатқа ылғи да қарсы шыққан. «Оның солшылдық өмірінде оңшылдық көзқарастар бар» деген айыптаулар осыдан шыққан. Смағұл Сәдуақасовтың мақаласында «Сәкен кедейлердің жыршысы емес, оның жырлағаны – қазақтың мырзасы. Астында – асау тұлпары, қолында – домбырасы. Бұл қай қазақтың кедейіне ұқсайды!?»  деген айып бар.
Сәкен ең алдымен ұлттық ақын. Қы­зылшыл болғаны рас. Қаншама қы­зылшыл болғанменен, қазақтың мүддесіне келгенде өзінің қызыл басшыларымен ке­лісімге келе алмай, ылғи қақтығысып қалып жүрген. Қазақтың бастан кешкен қиындық-қасіретінің бәрін Сәкен өз шығармаларында айтты.  20-жылдардағы ашаршылық кезінде «Аш қазақ» деген өлеңі шықты. Ол кеңестік басылымдарда емес, «Ақ жол» газетінде жарияланды. «Отарбаның жұмсақ вагонында» деген өлеңінде де кеңес саясатына қарсылық үндері бар. Отарбаның жұмсақ вагонында келе жатқан адам ­– кешегі ақтың офицері. Кеңес өкіметіне қарсы күресіп, қолымен талай елді атқан кісі бүгін орнын қайта иемденіп, отарбаның жұмсақ вагонында кетіп бара жатыр… «Совет баласы» деген өлеңінде Сәкен: «Мынау қу НЭП, Қойды ғой жеп, Қайран совдеп келер ме еді айналып» дейді. Мұнда оның НЭП-тің саясатын қабылдамай, қайтадан совдепті күтіп отырғаны көрінеді.  Күнделікті қызметте де Сәкеннің ұлт мүддесі тұрғысында тындырған көп еңбегі бар. 1923 жылы Орынборда ІІІ партия конференциясы болды. Оған сол кездегі Орталық Комитеттің хатшысы Емельян Ярославский келді. Сәкен ол кезде Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы. Сонда Сәкен бастаған қазақтың 14 коммунисі Ярославскийдің атына хат жазған. Онда «Қазақ автономия (Киргизская автономомия) алғанмен, елде қазақтың ұлттық мүддесін ойлап отырған ешкім жоқ. Біз әлі бұрынғыша орыстардың билігінде отырмыз! Бізде қазақша шығатын газет-журнал, баспасөз жетімсіз. Бізде кітап басу ісі деген жоқ! Қазақ тілі мемлекеттік статус алмаған. Мемлекеттік іс жүргізу қазақ тілінде жүрмейді» деп жазған. Ярославский олардың ісінен «ұлтшылдық» көргенмен, кейін бұл салада бірсыпыра шаралар жүргізген. Кітап баспасын ашу, қазақ тілін мемлекеттік тіл ету, қазақ тілінде іс жүргізу шаралары қолға алынған. Бұл саладағы Сәкеннің мақалалары қазір елдің бәріне белгілі. Кезінде «ұлттардың өзін-өзі басқару саясаты» дегеннің өзі қазақтарда болмағаны жасырын емес. Бүкіл кеңес халықтарының ішіндегі өзін-өзі билемегені – тек қазақтар ғана. Оның себебі кезінде Сталиннің қазақтарды өкпелетіп алғандығынан. Қазақтар Алашорда автономиясы кезінде де, кеңестік автономия тұсында да Сталинмен келіссөзге барған. «Біз Алаш автономиясымен Россияның қарамағына кірейік» деген. Бірақ Сталин оны қабылдамады. Кейін кеңестік автономия құрылған кезде шекара  мәселесімен Сталинмен келісе алған жоқ. Кейін Ленин шешті ғой ол мәселені. Міне, осылардың бәрі тарихта да, халық аузында да сақталған. Осылардың нәтижесінде Сталинде «қазақтар – ұлтшыл халық» деген ұғым туып қалған. Сталиннің өмірінде қазаққа бетінің бұрылмағанының  себебі – осы. Голощекиннің сөзіне еріп, Сталин қазақтың белгілі тұлғаларының бәрін құртты. Тек Отан соғысындағы Мәскеуді қорғау кезінде ғана қазақтардың батыр халық екендігіне көзі жетті. Мәскеуді қорғау кезінде біздің Мәлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаров, Әлия мен Мәншүктер 41-жылдың күзінде ерлік жасаған. Соның өзінде оларға батырлықты 43-жылы берді ғой. Шын ба, шын емес пе деп, әбден тексеріп, бұлтаратын жағдай болмағаннан кейін амалсыз берді. Міне, сол кезде Сталиннің ойы өзгерген болуы керек. Осыдан кейін ғана қазақтан Шаяхметовті бірінші бастық қылды.
– Сол кездегі қайраткерлердің бәрі Кеңес өкіметін қабылдағанда, біз одан не пайда көреміз деген өлшеммен қарады. Ұлтқа пайдасы тұрғысынан өлшеген ғой бәрі.
– Сәкен өзінің публицистикалық мақа­ларында да қазақ өміріндегі жаңалық­тардың жаршысы болды. Қазақ даласына ұшақтың, пойыздың, автомобильдің келуі – бәрі Сәкеннің өлеңдерінде бар. Одан ақын Қазақ елінің өресі өскенін көрді. Мұның бәрі оның ұлт жанашыры екендігінің белгісі. Голощекиннің тұсында да Сәкен онымен ашық сөйлеспеген кісі. Соған тоңмойын Голощекин Сәкенді бір жуасытып алу үшін неше түрлі партиялық тексерулерден өткізіп, әбден тексеріп, сандалтқан. Тоғжановтың Сәкен жайлы мақалалары Голощекиннің тапсырмасымен жазылған. Бұл – Сәкеннің ұлт мүддесін қорғауда батыл болғанын көрсетеді. Сәкенді революционерсің, халыққа қызмет қып жүрсің, қоғам қайраткерісің деп ешкім маңдайынан сипамаған. Ол өмірін ауыртпашылықпен өткізді. Өзі редактор боп отырған «Еңбекші қазақ» газетінде Сәкенді жамандаған мақалалар жиі шықты.
Сәкен Ахмет Байтұрсынұлының 50 жылдық мерейтойын өзі бас-көз боп өткізді, Ахаң жайлы арнайы екі рет мақала жазды. Әуелгі мақаласында: «Ахметтің ұлтшыл екені рас. Ахметтің ұлтшылдығы қазақты жақсы көргендіктен туған ұлтшылдық. Бұл халық үшін пайдалы еңбектер жасап жүр, оқулықтар жазып, мектепке қызмет істеп отыр. Ахмет бізге керек» деген. Екінші мақаласын Әбдірахман Әйтиевтің мақаласына жауап ретінде жазды.  Міне, осылардың бәрін де Сәкен өмірінің жарқын жақтары деп айтуға болады.
­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­– Сәкен аты ауызға ілінгенде, оған қоса Мағжан ақынның есімі де қатар аталады. Екі ақын, екі алып расында да бір-біріне қарсы болған ба? Олардың қарым-қатынасы жөнінде не айтасыз? 
– Ал Мағжанмен қарым-қатынасы жөнінде қазір елдің көбі біледі, айта бастады. Мағжан мен Сәкен кезінде баррикаданың екі басында тұрған адамдар ғой. Омбы кезінің өзінде де екеуі екі жолды жақтаған. Мағжан оқуға Сәкеннен бір жыл кейін барған. Бірақ кейіннен Мағжанның үлкен ақын екенін Сәкен білді. Мағжанның айдау­дан қайтып келгеннен кейінгі тіршілігіне, тұрмысына Сәкен көп көмектескен. Сәбит Мұқанов марқұмның өз аузынан естігенмін, естеліктерімде де осыны жаздым. Сәбиттің Жазушылар одағына бастық болған кезі ғой. «Мағжаннан хат алдым» дейді Сәбит. «Көп заман өтті, көп су ақты. Мені сыртқа тебе бересіңдер ме? Орталарыңа алмайсыңдар ма?» деп жазыпты дейді. Сосын хатты алып, дереу Сәкенге бардым. Сонда Сәкен: «Шақыру керек шығар. Бірақ ол сенің қолыңнан келмейді. Мирзоянға барыңдар» депті. Ол кез Горькийдің шетелге кетіп қалған орыс жазушыларын қайтарып алып жатқан тұсы ғой. Ел социализм орнады деп сеніп, орныға бастаған. Сәбит марқұм Мирзоян мен Исаевқа барып, Мағжанды шақыртқан. Өзі күтіп алған. Исаев екі бөлмелі пәтер бергізген. Қонағын әуелі өз үйіне шақырған. Сонда Мағжан тұрып: «Сәбит қарағым, інім сияқты едің. Өз қолымда оқыған едің, мен саған бармайын, өкпелеме. Мен Сәкеннің үйіне барайын. Екеуіміз бірге өстік. Кейіннен заман бізді екі жолға салды ғой. Мен жеңілдім, ол жеңді ғой. Мен аяғына жығылайын!» депті. Сәкенге телефон соғып, мән-жайды айтқан едім, Сәкен: «Алып кел!» деп айтты дейді. Мынау Қонаев пен Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысындағы Сәкеннің қорасының алдындағы үлкен терек әлі тұр. Қалижан Бекхожин жазған терек. Келсек, Сәкен қара галстугін тағып алып, қара костюмменен сол қораның ішіндегі баққа сыймай, әрлі-берлі жүр екен дейді. Содан екеуі құшақтасып, көздеріне жас алып көрісіпті. Әңгіменің жалғасы Мағжанның әйелі мен Сайфи Құдаштың естеліктерінде бар. Мағжан әйеліне: «Бүгін Сәкеннің үйіне барамыз. Бірақ кеш батып, қараңғы түссін» депті. Сәкеннің әйелі Гүлбарам Мағжанның әйелімен әңгімелесіп қалып, Мағжан мен Сәкен өздері бөлек түнімен бірге болған. Кетерінде: «Сен жаңа келдің ғой. Тұрмыс деген оңай болмайды» деп, Сәкен Мағжанға 500 сом ақша берді» деп жазды Мағжанның әйелі. Кейін мен Мағжанның қылмыстық ісін қарадым. Алғашқысын емес, екінші  ісін. Сонда Мағжан айдаудан келгеннен кейін (ол кезде Сәкен ұсталған) ұсталып отырған халық жауы Сәкенмен қайтадан байланысқа шығып, бұрынғы жаулығын Сәкен арқылы қайтадан жасауға кірісті деп айыпталған екен. Міне, осылардың барлығында Сәкенді жек көріп, қатардан шығарып тастайтындай ешқандай негіз жоқ қой. Сондықтан да біз Сәкен өмірінің қайшылықтарын атап көрсеткенмен,  негізі халықтық екенін түсінуге тиіспіз. Ол бәрі жақсы деп жалаулатып жазып жатты. Ал енді өмірдің күнгей жағымен бірге, қайшылықты, көлеңкелі жағы да бары белгілі. Оны біз кейін түсініп жүрміз. Біз тек жақсылықты ғана жаздық. Жақсылықты жазу өмір үшін керек те, өмір сүру үшін де керек. Ал енді өмірдің көлеңкелі тұстарын қоса жазсаң, өмірдің объективті шындығы дегеннің өзі сол болады. Бірін Сәкен, бірін Мағжан жазды. Осы екеуін қоса жазғанда, тіпті, әдебиет басқаша бағытта қалыптасуы мүмкін еді. Сондықтан да біз осының барлығын түсініп отырып, әр жазушының өзінің жақсылығын да, қайшылығын да – барлығын да көрсетуіміз керек. Сәкен қайшылықсыз адам емес. Бірақ Сәкен – ұлтының қайраткері. Ал кешегі кеңес заманында да ол халық үшін, қазақ үшін, ұлттық мүдде үшін қызмет істеген ақын деп айтуға толық негіз бар.
– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен
Нұрбол Құдайбергенов,
М.О.Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институтының
кіші ғылыми қызметкері

"Ана тілі" газеті

0 пікір